ХАЛЫҚПЕН КЕЗДЕСУЛЕР - ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕНІҢ ТҮЙІНІН ТАРҚАТУҒА МҮМКІНДІК БЕРЕДІ
Кеше аудан әкімі Ахатов Нұржан Сәбитұлының кезекті халықпен кездесулері Талаптан, Бәйгеқұм, Жөлек, Ортақшыл ауылдық округтерінде жалғасты.
Жиында атқарылған жұмыстармен қатар бала тәрбиесі мәселесінің өзектілігі, әрбір тұрғынның балалардың амандығына жауапты екендігі айтылды. Сондай-ақ, кездесуде аудан прокуроры Нұрбек Қаратаев жасөспірімдердің қауіпсіздігі, алаяқтық қылмыстардан сақтану тақырыптарында арнайы баяндама жасады.
Талаптандықтар ауданда жасалып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, шеткі көшелерге тас төсеу, тозығы жеткен трансформаторды ауыстыру, аудан орталығына қатынайтын қоғамдық көлік қозғалысын қайта жандандыру, Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық автодәлізінің ауыл тұсына қойылған бейнекамераларының ақылы жол үшін жергілікті жүккөліктерінен ұстайтын жолақысының мөлшерін азайту сынды мәселелер көтерді. Шеткі көшелерге тас төсеу, трансформатор орнату сынды мәселелерге қатысты аудан басшысы жұмыстар жасалатындығын, ал халықаралық автожолдың жергілікті жүк көліктерінен ұстайтын төлемақысына қатысты жан-жақты зерттеу жүргізгеннен кейін ғана жауап беретінін айтты. Қоғамдық көлік мәселесіне қатысты жауапты бөлім басшысы Ғабит Аманжолов ауылға қатынайтын бағыттың «әлеуметтік бағыт» деп танылып, тасымалдаушының жол шығынын өтеуге субсидия қарастырылғанын дегенмен, ниет білдіруші кәсіпкерлер табылмай жатқанын мәлімдеді.
Келесі кезекте аудан әкімі Бәйгеқұм ауылдық округі тұрғындарымен жүздесті. Жиында балалар ойын алаңын салу, ауылдағы дәрігерлік амбулаторияға жаңадан жедел-жәрдем көлігін алу мәселелері қозғалып, биыл аймақ басшысының бастамасымен жедел-жәрдем көліктерін аудандарға лизинг бойынша алып беру көзделіп отырғандығы айтылды.
Жөлекте ауыл тұрғындары бұған дейін айтылған балабақша ғимаратын салу мәселесіне тоқталды. Аталған сұраққа қатысты аудан әкімі аудандық мәслихат депутаты, кәсіпкер Қанат Сәулебековпен арнайы келісім бар екендігін, аталған азамат ауылға балабақша ғимаратын салып беріп, артынша әкімдік ғимаратты сатып алатындығын жеткізді. Себебі, бұл арқылы уақыт та мемлекет қаржысы да айтарлықтай үнемделетін болады.
Бейсенбі күнгі халықпен кездесулер Ортақшыл ауылдық округінде қорытындыланды. Мұндағы жұртшылық Ортақшыл мен Жансейіт елді-мекендерін жалғайтын автожолдың соңғы жылдары тозып кеткендігін, толықтай қайта жөндеу жұмыстары жүргілсе деген ойын айтты. Бұл мәселеге қатысты алажаздай жолдың екі жағында да ыза судың болуы салдарынан жол бір жылға жетер-жетпес уақытта бастапқы күйге түсетіндігін, сондықтан зерттеу жұмыстары жүргізіліп, алдымен тас төсеу арқылы жолды биіктетіп барып, асфальт жабындысы төселетінін айтты. Бұл жобаның құны бірталай қаражатты талап ететіндіктен тиісті министрліктермен жұмыс жасалып, оң шешім күтілуде.
Ортақшылдықтар үшін биыл ең қуантарлық жағдай ауылға табиғи газ жүйесі жүргізілмек. Аталған ауыл газға қосылғаннан кейін Шиелі ауданының табиғи газбен қамтылу деңгейі 80 пайызды құрайды!
Шиелі ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі