ҚОС КІТАПҚА АРҚАУ БОЛҒАН АҚЫН, ЖУРНАЛИСТ
Шіркін, өмір деген қызық қой. Қас пен көздің арасында жастық шағыңды зу етіп көз алдыңнан әкетіп, оның орнына әп-әсем ажарыңа қатпар-қатпар әжімдерді саялатады. Мәңгі жасағым келеді деп қиялдағаныңмен, сұм ажалдан қаша алмайсың. Бұл – адамзат үшін дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. Ол тек бір құдірет күші – Аллаға ғана мәлім тылсым сыр. Алайда халқына сүйікті, қадірлі әрі адал қызмет істеп, ұлт болашағы үшін өмір сүрген ерекше азаматтың аяқ астынан ажал құшуы кімді де болса өкіндірмей қоймайды. Ақын, қарымды журналист Шиелі ауданының ардақты азаматы Сәрсенбек Жұмабековтің есімі мәңгі ел жадында қалары сөзсіз. Биыл ақынның туғанына 85 жыл толып отыр. Осыған орай, жақында «Арман» мәдениет үйінде Сәрсенбек Жұмабековтің және Ортақшыл ауылының жергілікті ақындары Шаймахан Өтеев, Қалжан Қалтаев, Әлібек Қалдыбаевтардың өлеңдері жинақталған «Туған жер, туған ауыл – аяулы өлең» атты жыр жинағы мен «Ортақшыл – құт мекенім» кітабының тұсаукесері болып өтті.
Іс-шараны Ортақшыл ауылының ардақты ардагер-ұстазы Базарбек Бақымұлы мен аудандық мәслихат төрағасы Айтбай Жандарбеков ашып берді. Рухани кеште Ғ.Мұхамеджанов атындағы №270 мектеп оқушылары ақынның шығармашылығынан өнер көрсетіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Сондай-ақ кітаптардың жарыққа шығуына демеушілік жасаған Ортақшыл ауылының азаматтары Серікбай Мусалдаев пен Бекмағанбет Пірімбетов сөз сөйлеп, көпшілікке жылы лебіздерін жеткізді. Аталған кітапты құрастырушылардың қатарында Болат Сейілханов пен Оралбек Пернебайұлы да бар.
– Адамның ұлы қасиеті ұйымшылдығы мен қоғамшылдығында. Ортақшыл ауылының ақындарынан осы асыл қасиеттер байқалады. Бөліп-жарып айтуға болмайды, әрқайсысының жазу стильдері өздерінше ерекше. Жастарға айтар ақыл-кеңесі мен тәжірибесі, өсиетнасихатын, ғибрат алатын үлгі-өнегелі сөздерді айыра білуге талаптандырды. Өздерінің туыпөскен ата-мекені, кіндік кескен жерінің қымбат ыстық екендігін жырларына арқау етті. Өйткені әр халықтың өмір сүруі, өсіп-өркендеуі, бақыты мен байлығы – сайып келгенде туған жеріне, табиғатына байланысты, – деді олар.
Шара соңында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Исмаил пен Сейтхан Тұрысбеков қос кітаптың лентасын қиып, ақ батасын берді. Жыр гүлзарының бағбаны атанып кеткен С.Жұмабековтың өмірі мен шығармашылығы туралы бейнеролик көрсетіліп залда отырған көрермендерді бір толғандырды. Сонымен қатар «Арман» мәдениет үйінің үйірме жетекшілері де шараға атсалысып, патриоттық әндер орындады.
Сәрсенбек Жұмабеков жайлы онымен етене араласқан, ниеттес, қамқорлығын көрген, ағайын-туыс, әріптес үлкенді туыс, әріптес үлкенді-кішілі замандаста кішілі замандастары біледі. Ендеше діттеген тақырыпқа ойысып замандастар естеліктерінен үзік-үзік тарқатып көрейік.
Оразбек Сәрсенбаев, жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері:
– Сәрсенбек Жұмабеков 1939 жылы Қызылорда облысы Шиелі ауданына қарасты «Ортақшыл» колхозында шаруа отбасында дүниеге келеді. 1957 жылы осы аудан орталығындағы Октярбьдің XIV жылдығы атындағы қазақ орта мектебін тәмамдап, бір жыл өз әкесінің қарауында көмекші шопан болып жұмыс істейді. Ал 1958 жылы ол Алматыға келіп, Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түседі. Университетті бітіріп, 1963 жылы туған жеріне қайта оралып, Шиелі аудандық «Өскен өңір» газетіне қызметке орналасады. Осы газетте әуелі ауыл шаруашылық бөлімінің меңгерушісі, кейін жауапты хатшы қызметтерін атқарады. Отбасын құрады. Ал 1966 жылдың тамыз айында оқыстан болған автомобиль қақтығысында жиырма жеті жастағы жас журналист, талантты ақын Сәрсенбек Жұмабеков мезгілсіз дүние салды. Бес-он жолдық анкета қағазына сыйып кететін қысқа өмір.
Бірақ, осы аз ғана тірлігінде Сәрсенбек едәуір еңбек етті, ыстық-суығы мол шығармашылық күндер кешті. Оның артында 3 мың жолдай ¬алуан түрлі жыр қалды. Марқұмның көзі тірісінде «Лениншіл жаста», «Жұлдызда» жергілікті газеттерде ондаған өлеңдері жарияланып, жырқұмар жас қауымды елең еткізген тұстары бар. «Жас дәурен» жинағына төрт-бес өлеңі кіріп, бәйгеге де қосылған. Алпысыншы жылдардың басында жаңбырдан соңғы көгерістей дүркіреп шыққан бір топ үміткер жас буын ақындардың ішінде Сәрсенбек Жұмабеков те болды. Біздер, онымен бірге оқып, тайқұлындай тебісіп қатар өскен құрбылары, Сәрсенбектің келешегінен үлкен үміт етуші едік.
Жиен інісі Башар:
– Сәрсенбек ағамыз қара қасы қосылғандай, қалың бұйра шашты, қыр мұрынды, көзі ойлы, мейірімді кісі еді. Ол студент кезінде Ә.Кекілбаев, Ж.Нәжімединов және жерлесі О.Сәрсенбаевпен қатар оқып, жақсы араласты. Екінші курс оқып жүрген кезінде Ә.Кекілбаев екеуі ауылға жаяу келе жатырғанда Алпысбай ағам атпен «Жансейіт» тұсында күтіп алып, ауылға алып келді. Олар кешке «Садыбайда» құм төбесінде таңға дейін от жағып отырып қазақ әдебиеттерінің сол кездегі майталмандарының шығармалары мен өмірлері туралы көптеген әңгімелер айтты. Біз інісі Айдарбек екеуіміз отқа шырпы сындырып дайындап беріп жүрдік. Сол қызық әңгімелерін біресе естіп, біресе ести алмай қаламыз. Ағамыз Құранды керемет оқитын еді. Ортақшыл ауылының ақыны, партия қызметкері Дүйсенбі Смайыловпен жақсы араласып, сыйласып кетті. Жас болса да, өмірден түйгені көп еді.
Болат Пернебайұлы, ҚР Білім беру ісінің үздігі, ақынның інісі:
– С.Жұмабеков мектеп партасында жүрген кезден көркем әдебиетке, журналистика саласына зор ықыласпен ден қояды. Қабырға газеттерінде өлеңдері жиі жарық көріп, мектепішілік іс-шараларды ұйымдастыруда өзіндік қабілетімен танылған. 1957 жылдан бастап аудандық, облыстық, республикалық басылымдарда оның өлеңдері, очерктері мен публицистикалық мақалалары жарық көре бастады.
Университетті бітіру үшін жазылған диплом жұмысына ғылыми жетекшілік еткен М.Мәдиев бұл жұмысты жоғары бағалап, «Жұлдыз» журналына жариялауға ұсынса, пікір айтушы Ж.Сәтібеков «Жұмабековтің тілі шұрайлы, ол болашақ журналист үшін үлкен өріс қой!» деп, жас журналистің келешегіне зор үмітпен қараған.
Серікбай Мусалдаев, Бекмағанбет Пірімбетов:
– Ұлттық сезім дегеніміз – адамдардың туған жерге, өскен елге, салт-дәстүрге деген сүйіспеншілігін білдіру. Сол ұлттық сезім Сәрсенбек Жұмабековтың өлеңдерінде айқын байқалады. Оның өлеңдерінде туған жер табиғатына сүйіспеншілігі, шаттық сезімі, нақышты ой айшықтарын көркем сөзбен өрнектеп жеткізе білген.
Жинап ап жез кірпігін жалқын жарық,
Түнеріп бұлт келеді толқынданып.
Өкпелеп бұйра бұлтқа жүзін жапқан,
Дарияға батып кетті ай-алтын балық.
Сабалап қанатымен жарқабақты,
Көңілсіз көгілдір су сарнап ақты.
Тұрса да жаңбыр құйып нөсерлетіп,
Тыя ма кешкі сұлу салтанатты?!
«Түнде» деген өлеңінде ауыл түнін керемет суреттеген. Сыбырсыз аққан дария, толқынмен тербетілген су бетіндегі ай сәулесі елес береді.
ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері Б.Пернебайұлының: «Артында жасампаз жырлары қалған ақын С.Жұмабековтің өмірдерегін толықтыру, өлеңдері мен қолжазба дүниелерін зерттеп, жарыққа шығару – кейінгілерге керек іс, одан аларымыз да, ұтарымыз да мол», – дегені бар. Сәрсенбек Жұмабеков нағыз елдің патриоты, ұлт мақтанышы әрі халқымыздың ірі тұлғасы болып тарихтың бетінде, ұрпақ жүрегінде мәңгі қала бермек. Сонымен жұлдыздай ағып өткен жасын ғұмырлы ақынның рухын ардақтап, атын аспандатқан бұл сәт те көпшіліктің көкейінде мәңгілікке сақталып қалды.
Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ