БЕДЕЛ БИІГІНЕН ТҮСПЕГЕН
Өнегелі өмірдің өрнегін құру – кез келгенге бұйырар бақ емес. Сан мыңдаған шәкірттің санасына сәуле сыйлау, бар ғұмырын білім саласына сарп ету – үлкен қажырлы еңбекті талап етеді. Бүгінгі біздің кейіпкердің есім-сойын ел жақсы біледі.
Алтынай Тұрсынханқызы 1963 жылдың 23 мамырында шырайлы Шиелі жерінде туып, Түркістан облысы Мақтаарал ауданында балғын балалық шағын өткерді. Қарымды қалам иесі, әкесі – Тұрсынханның жазушылық, анасының он саусағы майысқан шебер тігіншілік, дизайнерлік қабілеттері қаршадай қыздың шығармашылыққа икемді болуына тікелей түрткі болды. Ата-анасының бар жақсы тәрбиесін көрген Алтынай Тұрсынханқызы ес білгелі тынымсыз еңбек пен адамгершілік қағидасын қатаң ұстанды. Жастайынан өнерге жақын болып, еңбектенуді ғана білетін мінезі өмірдің үлкен жолында түрлі белестерді бағындыруға себін тигізді.
Ол Мақтаарал ауданындағы мектеп пен балабақшада спорттық, би, өнер үйірмелеріне жетекшілік етті. Аталған мекеннің мақтанышы бола тұра, «Адамның кіндік қаны тамған жеріне маңдайының тері де таму керек» деген арманы шындыққа айналды. Шынында, еңбек жолындағы үздіксіз ізденіс пен қажырлы еңбек еш кетпеді. Өткізілетін кез келген мектепішілік, аудандық, облыстық іс-шаралар барысында белсенділік танытуды міндетіне айналдырған. Түрлі сайыс, жарыс, байқау, конкурс, фестиваль, барлығының басы-қасынан Алтынай апайымыз табылып, жүлделі орындардан қара көрсетеді. Қолынан іс келетін, кез келген істің көзін табатын, белестерді бағындыра алатын қасиеттері бүгінге дейін қаншама жанды таңғалдырып келеді. Еш нәрсеге таңғалмайтын, көңілі тола бермейтіндерді де Алтынай Тұрсынханқызы шығармашылық жұмыстарымен тамсантып, ерекше сезімге бөлейді. Таудай талабы мен ұшқыр қиялы мықты маман екенін мойындата алды.
«200 жылдық тарихы бар Сыр өңірі педагогикасындағы 200 қадірлі есім» атты Қызылорда облысының үздік педагогтерінің антологиясына, «Хабаршы» ғылыми-әдістемелік журналына, «Ұстаз шеберлігі – педагогикалық ізденістің жемісі» журналына Алтынай Тұрсынханқызының өзі жайлы және шығармашылық жұмыстары енген.
Асқан талант иесін білім қызметкерлерінің «Наурыз шапағаты» өнер фестивалі, есірткіге қарсы көптеген черлединг, ән-би байқаулары, мерекелік іс-шаралардағы сіңірген еңбектері үшін Алғыс хат, Құрмет грамоталары, облыстық, аудандық төсбелгілердің иегері ретінде ғана тану жеткіліксіз болар еді.
Ол білім беру, бала тәрбиесі, жастарды қолдау, өнерге бейімдеу жолында еш аянған емес. Болар істің басы-қасында болып, көзбен көріп, қолмен ұстап, шабыт сыйлай алатын қыры бір бөлек. Жеңіске жеткен жандармен бірге риясыз қуанып, қолпаштап жүретін қасиетін байқамау мүмкін емес шығар?
Еңбек жолында әр жылын құнды әрі қайталанбастай өткізе білу де кез келгеннің қолынан келе бермесі анық. Бүгінде бейнетінің зейнетін көруге демалысқа шыққалы тұрғанын ұстаздың өзі де аңдамай қалған болар? Өз ісімен, шеберлігімен әріптестерінің алдында беделді, ойып тұрып алатын орны бар жанның зейнеттік демалысқа шығу алдындағы толқынысы – заңдылық. Адам баласының өмірлік таңдауында жаңылыс жасалмаса, дәл осы Алтынай апай секілді шарықтар еді. Шалқар шабыт, ерен еңбек, темірдей төзім, қиындықтан қашпас қасиеттерімен жеңіске жеткен Алтынай Тұрсынханқызының өмір жолы – көпке үлгі-өнеге. Алдынан өткен әр шәкіртке өз баласындай қарап, әрбір жасқа шабыт сыйлап, үлкендерге мейірім таныта алатын мінез Алтынай апайдың бойынан табылады. Жасы кіші де, үлкені де сыйлап, құрметтейтін ұстаздың алдағы уақытта да тығыз шығармашылық байланыста болатынына сенеміз. Өз таңдауынан жаңылыспаған, өмір жолында да, еңбек жолында да қиындықтан қашпай, ерінбей, талмай, тіршілікте түзу жолынан танбаған ұстаздың ұстанымы осындай.
Ұлағатты ұстаздың білім беріп, шыңдап, тәрбиелеген шәкірттері аз емес. Қазірде оларды мұғалім, директор, спортшы ретінде тануға болады. Жер-жерде, тіпті шет елдерде жеңіс туын желбіретіп жүрген шәкірттердің орны бір бөлек.
Менің осынау шағын ой толғамымда үлкен өмірдің өрнектері жатыр. Бейнетінің зейнетіне жетті. Көңілімді толқытып, жүрегімді сыздатқан қимас сезім де бар. Көкейімде күмпілдеп көптеген тілектер толып тұр. Білім саласында бедел биігінен түспеген, адами қасиеттер бойына тұнған Алтынай Тұрсынханқызының ғұмырнамасындағы айшықты оқиғаларының жалғасын алдағы уақытта да әңгімелеуімді Алла нәсіп етсін!
Анар АЙТПЕНБЕТОВА,
№46 А.С.Пушкин атындағы мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі