Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ана – Отанның да, отбасының да ұйытқысы

Ана – Отанның да, отбасының да ұйытқысы

Егеменді елімізде әйелдер қауымы үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашылуда. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев отбасы инс¬титутын, көпбалалы аналарды, кәсіпкер әйелдерді қолдау және гендерлік теңдікті қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың аса маңызды басымдығы екендігіне салиқалы салмақ беріп отыр. Соның бір айғағы – 12 мамыр Аналар күні мерекесіне маңыз беруі.
Қазақ әйелі отбасы, ошақ қасында ғана емес, қай уақытта болсын, мемлекеттік маңызы бар үлкен істердің де басы-қасынан табылып келеді. Әйел-аналардың әр істі дөңгелентіп әкететінін, қай салада да көшбасшы бола білетінін өмір тәжірибесімен дәлелдеген жандар өзіміздің өңірде де аз емес.
Ұлы Отан соғысы жылдары жолдастары Отан қорғауға аттанып, өздері тылда тер төккен Батыр аналардың еңбегі ерен. Ер адамның орнына трактор айдап, жер жыртып, отын тасып халыққа қызмет көрсеткен аналар соғысты да, ашаршылықты да көрді. Олардың ақтық демі таусылғанша бар тілектері – елдің тыныштығы, ұлттың амандығы болды.
Ауданнан шыққан 41 Еңбек Ерінің ішінде 5-і әйел-аналар болатын. Олар даңқты күрішші Ыбырай Жақаевтың шәкірттері, «Дала аруы» атанған, сөйте жүріп 13 сәбиді дүниеге әкелген «Батыр ана» – Ұлбала Алтайбаева мен еліміздің күріш өсірушілері арасында жаңашыл, мол өнім жинаудың шебері ретінде мәлім – Зәкира Ержанова, ғасырға жуық ғұмыр кешіп, бар өмірін еңбекке арнаған, ер азаматтармен бірге трактор айдап, күріш еккен әйгілі Шырынкүл Қазанбаева, қой өсірудің шебері, майданға аттанған ерінің орнына қойшының таяғын ұстаған – Айша Меңлібаева, алқапта жүріп аяғынан айырылса да, мойымай трактор тізгінінен түспеген, қаһарман қыз – Жадыра Таспанбетовалар еді.
Жадыра апамыз туралы халық жазушысы, ақын Хамит Ерғалиев «Қыз-хисса» деген дастан, журналист Мұрат Күлімбетов «Жоқ, мен ораламын» деген очерк, жазушы замандасы Қуандық Түменбай «Қыз құрбым» деген эссе жазды, жергілікті ақындар Дәулетбек Байдрахманұлы мен Қуаныш Уәлішерұлы өз поэмалары мен жырларын арнады.
Сондай-ақ аудан әлеуетінің артуына, экономикалық жағдайының жақсаруына өлшеусіз үлес қосқан, ауданның бибіпатымасы – Ұлман Мәмірееваны да айтпай кету мүмкін емес. Өмірінің соңына дейін газет-журналды көзәйнексіз оқуы, туабітті тістерінің сол қалпында сақталуының өзі кез келген жанды таңғалдыра отырып, жігерлендіретіні сөзсіз.
Жоғын іздеген қауырт қоғамның рухшәрібі, қасиет-қадірі, инабат-ибасы біздің қазақ әйелінің бойында тұнып тұр! Ана. Осы бір қастерлі сөзді «мейірім» сөзімен алмастырып қояр болса, келіспейтін жан табылмас, сірә!.. Ері түзде жүргенде, үйде ұрпағының амандығы мен тәрбиесіне жауапты болған қазақ анасы қазіргі заманда ұрпағына тек үйде отырып, тәлім бермей, ерімен бірге түзде жүріп нәпақа та¬уып та жақсы тәрбие беруге күш салып жүр. Ұзаққа бармай-ақ, айналаңызды бір шолып өтсеңіз, ұрпағының амандығы мен заманға сай білімді, өнерлі болып өсуі үшін күн-түн демей, алашапқын шабылып жүрген Аналарды көресіз. Сөзімізді дәйектеу үшін ғалым және қоғам қайраткері, физика-математика ғылымдарының докторы Асқар Жұмаділдаевты дүниеге әкелген Күлшат Үсенқызы, белгілі журналист, публицист, қоғам қайраткері, сенат депутаты Нұртөре Жүсіптің алтын құрсақты анасы Рабиға Байділдәқызы, филология ғылымының кандидаты, Алматы қаласы әкімінің кеңесшісі Мамай Ахеттің анасы Сәфия Жақыпова, белгілі продюссер, тележүргізуші Нұрлан Қоянбаевтың анасы Тұмаркүл Қоянбаева, «Қазақстан Ұлттық арнасы» арқылы барша қазақты ұйқысынан оятып, «Қайырлы таң» дейтін әріптесіміз марқұм Руслан Бөлебайдың анасы Әмина Өтегенова, айтыс¬кер ақын Мейірбек Сұлтанханды дүниеге әкелген Ажар Бәкішеваны тілге тиек етуге болады. Бұл кісілер – текті ұрпақты дүниеге әкеліп қана қоймай, бар асылды баласының бойына сіңіріп, халықтың қалаулыларын тәрбиелей білген аяулы жандар. Ендеше, мереке қарсаңында ел үшін өлшеусіз еңбек еткен, құрсағына құт дарыған ардақты аналарға шексіз алғысымызды білдіреміз.
Ерен еңбек қана адамды мақсатына жеткізетінін қайратты да жігерлі ісімен, өршіл мінезімен паш еткен біз сөз еткен аналардың өнегелі өмір жолдары аудан жастарының барлық уақытта жадында сақталып, жарқын істерге бастар бағдаршамы болса игі.

Г.ДҮЙСЕБАЙ

13 мамыр 2024 ж. 115 0