Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » МАЙДАНГЕРЛЕР МӘҢГІ ЕСТЕ

МАЙДАНГЕРЛЕР МӘҢГІ ЕСТЕ

9 мамыр – туған жерді қастерлеп, Отанға деген сүйіспеншілікті паш еткен мерейі үстем, мәртебесі биік мереке. Биыл Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 79 жыл толып отыр. Әрине, бұл жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Шартарапты шарпыған Ұлы Отан соғысы әрбір әулеттің, әрбір азаматтың жүрегінде қаралы ізін қалдырғаны белгілі.
1418 күн мен түнге ұласқан Ұлы Отан соғысына «Отан үшін соғыссаң – күймейсің, арың үшін алыссаң – өлмейсің» деген халық даналығын үлгі еткен 1 млн 366 мың қазақстандық қатысқан. Ал Шиелі ауданы бойынша қан майданға 5909 адам аттанып, 1862-сі ерлік көрсетіп елге оралса, 2268 сарбаз қаза тауып, 1379 азамат хабар-ошарсыз кеткен.
Осы орайда Шиелі ауданы, 21 бекет елді мекенінде Отан үшін от кешіп, соғыстың қанға бөккен даласында қайсарлықпен шайқасып, жеңістің туын желбіреткен майдангерлерді еске алуға арналған «Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды» атты шара өтті.
Салтанатты жиынға Шиелі аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Исмаил, аудандық алқа билер төрағасы Тұрмат Баймағамбетов, ардагерлер алқа мүшесі Тілеубек Бабасов, №243 мектеп директоры Мұрат Дүкенбайұлы, тағы да басқа зиялы қауым өкілдері қатысты. Алдымен ерлікпен қаза тапқан соғыс майдангерлерінің рухына Құран бағышталып, дұға жасалды. Сондай-ақ Өркен Исмаил бұл маңызы жоғары күннің келешек ұрпақ жадында сақталуға тиіс екенін атап өтті.
– Соғыс жылдарында жанқиярлықпен шайқасып, ерен ерліктің үлгісін танытқан ата-бабаларымызды еске алып, олардың есімін жаңғырту – басты міндетіміз. Өздеріңіз куә болып отырғандай, шағын ауылдың өзінен қаншама адам ел үшін, атамекен жер үшін деп, майданға аттанды. Бүгінгі игі бастаманы қолға алып, дәстүрлі түрде жыл сайын ұйымдастырып жүрген ауыл әкімдігіне, мектеп ұжымына және осы ауылдың белсенді азаматы, аудандық Теміржол тораптық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тәңірберген Ақпановқа үлкен алғысымды білдіремін. Осынау шараға ұйытқы болып, ауылдан шыққан ардагерлерді ардақтап, көше бойынан маңдайша орнатуы – өскелең ұрпаққа үлгі болар іс. Баршаңызды Ұлы Жеңістің 79 жылдығы мерекесімен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін, – деді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Жиын барысында мектеп оқушылары Нұрмұхамбет Әбдіғаппар, Аяжан Тұрсын патриоттық әндер айтып, қазақтың қара домбырасымен күй шертті. Ұйымдастырушы Т.Ақпанов зұлмат соғысқа арналған жүрек тебірентер жырларын оқып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленіп, алғысын арқалады.
Иә, қан майданда жанын пида етіп, ерлікпен қаза тапқан батыр бабаларымыздың ерен еңбегін ұмытпауымыз керек. Өйткені өткенді ұмыту – өшкендіктің белгісі, ал оны еске алу – өскендіктің белгісі. Осындай жарқын өмір сыйлаған жандардың ерлігін мақтан тұтып, келешек ұрпақ есінде мәңгі қалдыру – басты міндетіміз.

М.ҚАЙРАТҰЛЫ

13 мамыр 2024 ж. 108 0