Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ШАРАПАТЫ МОЛ ШАРА

ШАРАПАТЫ МОЛ ШАРА

Ұлтымыздың ұрпақ қамына келгендегі ұстанымы әсте ұсақталған емес. Ал тумысынан тағдырдың теперішіне ұшыраған балалардың қоғамнан екі есе қолдау күтетіні анық. Ерекше бала тәрбиелеп отырған әрбір ата-ананың асыл арманы – ұрпағын оңалтып, аяққа тұрғызу, мына өмірге бейімдеу. Бүгінде осы санатты отбасыларға демеу болып, жан-жақты қолдау көрсететін оңалту бөлімі біздің ауданда да жүйелі жұмыс атқарып келеді.
Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, балаларға және 18 жастан асқан адамдарға үйден әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесінің ерекше балалардың мүмкіндіктерін дамытуға қосып жатқан үлесі зор екенін айтпай кетуге болмайды. Бөлімнің әлеуметтік қызметкерлері бала тәрбиесін басты байлық санап, ата-анаға артылған жауапкершілік жүгін жеңілдетіп жүр. Мұнда тәрбиеленіп жатқан жандардың болашақтан күтері көп. Балдырғандардың ілім үйренуге ықыласы жоғары. Олар білгенін ортаға салады, әуелете ән шырқап, мың бұрала билей де алады. Балалармен өткен сондай жылы жиынның біріне сейсенбі күні куә болдық.
«Арман» мәдениет үйінде аталған бөлімнің әлеуметтік жұмыскерлерінің ұйымдастыруымен «Бірлікке ұласқан – Жеңіс» тақырыбында мерекелік іс-шара өтті. Шараға аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің орынбасары Бақытжан Бәйділдаев, балаларға және 18 жастан асқан адамдарға үйден әлеуметтік қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Сара Көшкінбаева, «Арман мәдениет үйі» КМҚК-нің директоры Нұргүл Шалекеева, психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің педагог-психологы Жансая Асанқызы, айқындаушы Ануза Шамұратова қонақ болды.
Жас ұрпақты елдің ұйытқысына айналған ынтымақ пен бірлікке үйретіп, ата-баба аңсаған ұлы жеңістің маңызын ұқтыруды мақсат еткен жиын барысында балалар мамыр айындағы мерекелер жайында әңгіме өрбітті. Олар Бірлік және ынтымақ күні, Жеңіс күніне қатысты сұрақтарға жауап беріп, маңызды даталар туралы ақпаратқа қанықты. Бұдан кейін арнайы даярланған күн бейнесіне шуақтар жабыстырып, татулыққа һәм тыныштыққа үндейтін бірліктің символын жасап шықты. Сондай-ақ шара кезінде әлеуметтік қызметкерлер мен оқушылардың жеңіс күніне арналған көрінісіне кезек беріліп, балаларға сұрапыл соғыста батырлық көрсеткен қаһармандардың есімі, ерлік істері түсіндірілді. Қонақтар майданда қан кешіп, кеудесін оққа тосқан боздақтарды бір сәт үнсіздікпен еске алды. «Бейбітшілік жасасын! Жеңіс туы мәңгі желбіресін!» деген сарында жалғасқан іс-шарада оқушылар бар өнерін ортаға салды. Әртүрлі халықтың ұлттық биін билеп, көк туды желбірете ән шырқап, патриоттық рухты хормен тәмамдады.
Мерекелік кеш соңында балаларға марапат қағаздары үлестіріліп, арнайы сыйлықтар тарту етілді. Қорытынды сөзді Сара Көшкінбаева алып, осындай игі шаралардың мол болуына тілек білдірді.
– Бүгінгі іс-шара жоғары деңгейде өз мәресіне жетті. Балалардың бәрі жақсы атсалысты. Оқушыларымыздың дені сау болып, бізді түрлі жетістіктермен қуанта берсін. Келе жатқан мереке баршамызға құтты болсын, – деді ол.
Шынында, ерекше балалардың ерекше дарынын ашуға жағдай жасап, қоғамнан шеттемей, мейірім мен қамқорлықты жүрегіне түйіп, оларға жан-жақты қолдау көрсеткен шараның көпшілікке тигізген шарапаты мол болды. Жиылған қауым мамандарға алғысын білдіріп, кешті ыстық ықыласпен қорытындылады.

Таслима ТЕМІРБЕКҚЫЗЫ
04 мамыр 2024 ж. 250 0