ӘЗІРБАЙЖАН ҚЫЗЫ, ҚАЗАҚТЫҢ КЕЛІНІ
Халқымыздың арғы-бергі тарихында өзге ұлт өкілінен қазақ отбасына келін боп түсіп, ұрпақ өсіріп, ата дәстүрді дәріптеуге үлес қосып жүрген аналар аз емес. Сондай жандардың қатарына әзірбайжан қызы, қазақтың келіні Севиль Абдуллаеваны қосуға болады.
Севиль Жаватқызы – Жамбыл облысы, Қордай ауданының тумасы. Аудандағы қазақ отбасына келін боп түскеніне 29 жыл болған. Аяулы ананың ұлты бөлек болғанымен, киелі шаңырақтың түтінін түтетіп, ұл-қыздарының бойына қазақы тәрбиені сіңіріп, ұлттық ұстанымдарды ұлықтауға елеулі үлес қосып жүр. Өзі 6 баланың анасы, «Күміс алқа» иегері. Қазақы салттың жүйесіне қанығып үлгерген әзірбайжан қызы жолдасымен балаларға білгенін үйретіп, бүгінде немерелерінің ардақты атасы мен әжесі болып отыр. – Меніңше, кез келген адам үшін, алдымен, туған жері, содан кейін өмір сүріп жатқан жері ыстық. Ал Шиелі бүгінде менің кіші Отаныма айналды, – дейді ол. Севиль Абдуллаева қазақ тілін еркін меңгерген. Жергілікті тілде сөйлеп, достық пен татулықты ту еткен аудан жұртшылығымен бір шаңырақ астында тұруды да мақтаныш санайды. Оның айтуынша, осында тұратын әрбір ұлт өкілі мемлекеттік тілді білуге тиіс. Ашық мінез, кең көңілді әзірбайжан қызы 17 жылдан бері аудандық «Арман» мәдениет үйінде фитнес жаттықтырушысы болып қызмет етеді. Осындағы «Сымбат сұлулық» үйірмесіне жетекшілік ете жүре, орталықтың дамуына, өңірдегі этносаралық татулықты сақтауға үлесін қосып келеді. Расында, ұзақ жылдар бойы бір шаңырақ астында ұлт пен ұлыстың достық пен татулықты ту етуі – халық бірлігінің арқасында. Кейіпкеріміздің де ұйыған отбасы ортасында бақытты ана, аяулы жар болып отыруы халықтың бір-біріне деген сый-құрметінің арқасында болса керек.
Таслима ӘЛІШЕР