ҚЫЗЫЛША: АУДАНДАҒЫ АХУАЛ АЛАҢДАТАДЫ
Бүгінгі таңда Шиелі ауданында қызылшамен сырқаттану бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты емес. 2024 жылдың бастапқы 3 айында қызылшаның 80 жағдайы тіркелсе, оның ішінде 73,7 %-ы 14 жасқа дейінгі балалар. Ал 1 жасқа дейінгі ауырған бала саны – 22, яғни, 27,5 пайызы қызылшамен жоспарлы егу жасына жетпегендер. Тіркелген 80 жағдайдың 65 пайызы кент орталығынан анықталса, оның 35 пайызы елдімекен тұрғындарынан тіркелген. Сала мамандары вирусты жұқтырғандардың көбі уақыты жеткенде екпелерге қарсылық білдіріп, егуге қамтылмағандар екенін айтуда.
Шиелі аудандық санитарлық-эпидемиялогиялық бақылау басқармасының басшысы Гүлзада Әйтекеева:
Қызылша – өте жылдам таралатын вирусты жұқпалы аурулардың бірі. Бұрын қызылшамен ауырмаған немесе егілмеген адам науқастармен байланысқа түссе, ауырып қалу мүмкіндігі өте жоғары. Инфекция ауа жолы арқылы беріледі. Қызылшаның қоздырғышы – вирус. Сыртқы ортада тұрақсыз: ол бөлме температурасында 5-6 сағат ішінде өледі. Инфецияның жалғыз көзі науқас адам. Вирустың таралуы түшкіру, жөтелу, сілекей тамшыларымен сөйлесу арқылы жүреді. Инфекциямен күресудің ең күшті, қолжетімді және тиімді, сенімді әдісі вакцинация болып табылады. Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесіне сәйкес балалар қызылшаға қарсы алғашқы егуді 12 айда, ревакцинацияны 6 жаста алады. Қызылшаға қарсы вакциналар 20 жылдан астам уақытқа созылатын сенімді иммунитетті қалыптастырады. Мына жайтты ескерген жөн, жоспарлы екпеден бас тарту тек өзіңіздің ғана емес, басқа да адамдардың өміріне қауіп төндіреді, – дейді.
Бұл аурудың инкубациялық кезеңі жұқтырғаннан кейін бірінші белгілері пайда болғанға дейін, яғни 7 күннен 14 күнге дейін созылады. Есте сақтайтын ең маңызды жайт ауру бөртпе шығудан басталмайды, ол суық тию белгілерімен басталады. Дене қызуының 38-40 градусқа көтерілуі, әлсіздік, тәбеттің болмауы, құрғақ жөтел, мұрынның бітуі. Кейініректе конъюнктивиттің пайда болуы. Шамамен бірінші белгілердің шыққанынан 24 күннен кейін беттің шырышты қабығының ұсақ ақ дақтар пайда болады. Аурудың 3-5 күні ашық түсті бір-біріне өзара ұқсап кететін дақтар пайда болады. Ең алдымен олар құлақтың артында және маңдайда, содан кейін тез арада бет, мойын, дене және аяқ-қолға таралады. Ұсақ қызғылт дақтар тез арада үлкейіп, формасын өзгертіп, бір-біріне қосылып кетеді. Қабыну балаларда 5 жасқа дейін, ал 20 жастан асқандарда жиі дамиды. Ең көп тараған түрі ортаңғы құлақтың қабынуы, соқырлық, бронхтық пневмония, мойын лимфоузолдарының қабынуы, ларингит, энцефалит. Қызылшаның дамуын байқаған сәтте кешіктірмей дәрігерге қаралу керек. Асқынбай тұрғандағы қызылшаның белгілерін емдеу үшін төсекте жату режимі, суды көп ішу, қызуын түсіретін, тұмау және тамақ ауруын, қақырықты түсіретін препараттар мен витаминдерді қабылдау.
Иә, қазіргі уақытта кез келген кеселге бейжай қарауға болмайды. Әсіресе жұқпалы дертке салғырт қарау өміріңізге үлкен қауіп төндіреді. Сақтанайық, сақ болайық, ағайын!
М.ҚАЙРАТҰЛЫ