Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ӨНЕРДЕ ДЕ, ӨМІРДЕ ДЕ ЕГІЗ ЖҰП

ӨНЕРДЕ ДЕ, ӨМІРДЕ ДЕ ЕГІЗ ЖҰП

Қазақ эстрадасында Мирас пен Құралай, Қыдырәлі мен Қарақат, Жанболат пен Жазира, Әділ мен Дана, Тоқтар мен Бейбіт секілді отбасылық әнші жұптар әуезді әндерімен патша көңілді көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп жүр. Бұлар – күллі Алаш жұртына танымал өнер жұлдыздары. Ал облыс, аудан аумақтарында дәл сондай әнші жұптар бар ма? Әрине, бар. Шиелі ауданындағы ерлі-зайыпты өнерлі жұп Елдос Сейілов пен Меруерт Дүйсебайды осы аталған жұлдыздардың қатарына қосар едік. Бұлай айтуымыздың себебі неде? Оның алғашқысы – Елдос пен Меруерттің репертуарындағы әндердің сөзі мен мақамының ерекшелігінде болса, екіншісі, отбасылық дуэт көбінесе халық әндерін айрықша орындайды.
«Өнегелі отбасы – ел келешегі» демекші, отбасының ұйытқысы болып отырған жарасымды жұп өнерде де, өмірде де бірге. Қос өнер иесін табыстырған – киелі өнер. Елдостай талантты ер азамат пен Меруерттей дарынды, шығармашыл жанның өмірлік жолы бір арнаға тоғысқаны бекер емес.
Қос ғашық аудандық орталық алаңда концерттік бағдарламада өнер көрсетіп жүрген кезде танысқан. Алғашында дос болып араласып, кейіннен махаббатқа ұласып, бүгінде сүп-сүйкімді Исмаил, Ибрагим және Асылым есімді ұл-қыз тәрбиелеп, соларға бар мейірімі мен махаббатын төгіп отыр. Өмірін өнерімен өрнектеген Елдос пен Меруерт ауданның мәдениет саласының дамуына өз үлестерін қосып келеді. Елдос – Шиелінің тумасы. Бойына туа біткен талантымен, адамгершілігімен біршама жетістіктерге жетіп, ауданның мәдениет саласына тез сіңісіп, еңбегімен халқына сыйлы болып жүрген азамат дер едік. Өмірлік серігі Меруерт те – сүйікті жар, аяулы ана, үлгілі келін. Екеуінің негізгі мамандықтары – опералық әнші. Қиын да қызық өнер жолында абыроймен еңбек етіп келе жатқан қос өнер иесінің бір салада қызмет етуі сіздерге қызық шығар?! Ол жайында да өнерлі жұптан сұрап көрдік.
– 2017 жыл. Қаңтар айының ызғарлы күні. Дала салқын. Аудандық орталық алаңда концерттік бағдарламаға көрермен болып қайтқаным сол еді, бұлбұл дауысты аруға қалай ғашық болғанымды білмей қалдым. Қылықтары, ерекше үні еріксіз баурап алды. Талай концерттерде бір-бірімізді көретінбіз. Негізі мен Меруертті сырттай танитынмын. Ал жақынырақ танысуымыз сол концерттен басталды. Уақыт өте келе, достығымыз махаббатқа ұласып, 2017 жылдың қазан айында шаңырақ көтердік. Бүгінде екеуіміз де аудандық өнер мектебінде жұмыс істейміз. Мерекелік іс-шара болсын, концерт болсын, әрдайым бірге жүреміз, – деді Е.Сейілов.
Мәдениет пен өнер – рухани өміріміздің мәйегі. Ал Елдос пен Меруерттің мәдениет саласындағы еңбектері аудан жұртшылығына етене таныс. Олар қосымша тойларға шығып, өнер көрсетеді. Қыз ұзату, тұсаукесер сынды тойларда ән айтып, көпшілікті тамсандырады. Расында, қиын да қызық салада өнері мен өмірін бір толқында тоғыстырып жүру оңай шаруа емес.
– Өнер адамы болған соң, бір-бірімізді жақсы түсінеміз. Бұл саланың қиыншылығы мен артықшылығы бізге жақсы таныс. Сол себептен, екеуіміз барлығын бірге жасап, ұйымдастырып, бір-бірімізге сыйластықпен қараймыз. Менің не айтайын деп тұрғанымды көзбенақ ұғып қояды. Елдос маған қай кезде де түсіністік танытып, көмектеседі. Отбасында ең бірінші ұстанымым – жарыма деген адалдығым, сенім мен сезімнің кіршіксіз тазалығы. Осы қасиетімді жан жарым әлі күнге дейін бағалайды. Ата-анамның берген тәлім-тәрбиесі менің бақытты өмір сүруіме септігін тигізуде. Жарымның алдында таза, адал болуға баулыды. Өнер адамдары үшін бұл қасиет өте қажет дер едім. Әйел адамы қашан да төзімділігімен, нәзіктігімен ерекшеленіп тұру қажет. Елекем екеуіміз махаббаттарын мәңгілік сақтап, бала-шағасын бірге тәрбиелеп өсіре білетін үлгілі отбасы болуды армандадық. Шүкіршілік етеміз. Бастысы, қандай қиындық болса да, қол ұстасып, шешімін бірге табуға тырысамыз. Махаббатымыздың өзгелерге үлгі болатыны қуантады, –деді М.Дүйсебай.
«Әйел еркелесе, жеңеді, ашуланса, жеңіледі» деген сөз бар. Осы қағиданы ұстанған Меруерт шаңырағын берекеге толтырып отыр. Биыл шаңырақ құрғандарына 7 жыл толыпты.
Махаббат – ол екі адамның бірін-бірі қас қабағынан-ақ айтқызбай түсінуі және сүйгенінің жанында өзіңді бақытты сезіну мен оған қамқорлық жасау. Сенімділік бар жерде, қол ұстасқан екі жастың бір-біріне адалдығы білінеді. Армандары бір, ойлары ортақ, мақсаттары айқын жандар өзара бірігуге ұмтылады. Осы ретте Қазақстанның Халық жазушысы Мұхтар Шахановтың «Махаббат дегеніміз – екі парасатты, пайымды адамның сана биігінде жолығуы» деген даналы сөзі ойға оралады. Мақаламызға арқау болған кейіпкерлеріміз де – сана биігінде жолығып, бір-бірімен табысқан жандар.

Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ


16 сәуір 2024 ж. 253 0