Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тілсіз жаумен күрес

Тілсіз жаумен күрес


Өрт – тілсіз жау. Оны алдын-ала болжап білу мүмкін емес. Сол тілсіз жаудың тұтануына көбіне тұрғындар сеп болып жатады. Мамыр айының 6-на Ақмая ауылы, Абай көшесінің бойында орналасқан «Ақмая» шаруа қожалығында өрт оқиғасы орын алды.
Оқиға орнына ауыл әкімі Ж.Арсыланов пен ауыл тұрғындары және жұмысшылар бірінші жетеді. Өртті ауыздықтауға Шиелі ауданы №9 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері келіп, жедел іске кірісті. Ферма меңгерушісі Ермек Ахметовтың айтуынша, өрт сағат 16.45-те басталған. Басты себеп ауыл тұрғындарының бейберекет қоқыс тастап, оны өртегенде қадағалаусыз қалдыруында. Қоймадағы 3 жұмысшы өрт сөндірушілер келгенше тілсіз жаудың өршіп кетпеуін қадағалап, қолдан келген амалдарды жасады. Қоймадағы 150 орам шөп өртеніп кетті. Зардап шеккен адам жоқ, – дейді. Азаматтық қорғау подполковнигі Самат Шаймерденов бастаған өрт сөндіру тобы оқиға орынына келіп, тез арада өртті тоқтатқан. Алапат күшті дер кезінде ауыздықтамағанда қоймадағы 1000 орам шөп күлге айналар еді. Жер үлесі бар ауыл тұрғындары мен фермадағы сауын сиырдың азығы болар орам-орам шөптің өртенуі де жылдам. Өз ісін жетік білетін өрт сөндіру тобының жедел жұмыс жасауымен ауыл тұрғындарының бірігуі арқасында адамдар зардап шекпей, көп шығынға да душар болмады. Сондықтан, әсіресе жаз айларына қарай өрт тұтану қауіпі арта түсетінін ескергеніміз жөн.
Г.ДҮЙСЕБАЙ.
12 мамыр 2018 ж. 2 195 0