Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » антына берік азамат

антына берік азамат

Ел болашағын ойлаған Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында тәуелсіздік жылдарында орасан табысқа жетіп, мемлекеттің дамуына үлесін тигізіп жүрген әр өңірдегі түрлі этнос өкілдері мен әр саланың майталмандарын жалпы жұртқа паш ету мақсатында – «100 жаңа есім» жобасын ұсынған болатын. Бүгінгі кейіпкеріміз, тілсіз жаумен күресіп, қауіпті өртті дер кезінде өшіріп, адам өмірін арашалап қалған өрт сөндіру бөлімінің командирі Бауыржан Кененбаев болмақ.Өз ісінің жетік маманы Бауыржан Кененбаев 1976 жылы Қызылорда облысы, Шиелі ауданында дүние есігін ашады. 2004 жылдың тамыз айынан бастап азаматтық қорғау органында «Азаматтық қорғау старшинасы», 2008 жылдың қыркүйек айынан бастап Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаменті «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесі Қызылорда қаласы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде абыройлы қызмет атқарып келеді. Мамандығын мақтан тұтатын кейіпкеріміз өзіне міндеттелген тапсырманы уақытылы әрі сапалы орындап, көпшіліктің алғысына бөленген азамат. Сонымен қатар, ірі және күрделі өрт сөндіру жұмыстарына бірнеше рет қатысып, ұтымды шешім қабылдай білген. Дер кезінде алпауыт өртті ауыздықтап, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтаған.
Әңгімеміз дәйекті болу үшін 2017 жылдың 6-шы сәуірінде орын алған төтенше жағдайды тілге тиек етсек. Ә.Бөкейханов көшесіндегі 74-үйдің 3-қабаты түтіндеп өрт басталғаны хабарланады. Қызылорда қаласы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері дабыл түскен мекен-жайға барлау жасап, соның нәтижесінде Бауыржан Кененбаев 4-қабаттағы №52 пәтерден бір қарт мүгедек әйелді автосаты арқылы құтқарады. Сонымен қатар, 3-қабаттан екі әйелді және бір жасөспірім баланы қауіпсіз жерге көшіреді. Міне, кәсіби шеберлік пен қайсарлық деп осыны айт. Адам жанын аман алып қалған құтқарушы азаматтың ерлігі еленіп, мемлекет тарапынан «Құтқарушы» III дәрежелі төсбелгісімен марапатталады. Қайсар да қажырлы, антына бекем азаматты Елбасы қолдаған «100 жаңа есім» жобасына біз де лайық көріп отырмыз.

Г.ӘБДІХАНИҚЫЗЫ.
16 қараша 2017 ж. 1 545 0