Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТАҒАМ ТАЛАПҚА САЙ МА?

ТАҒАМ ТАЛАПҚА САЙ МА?

Түркістан облысында бір мектептің оқушылары мен мұғалімдері жаппай уланды. Осы жағдайға байланысты ауданда арнайы жұмысшы төрт топ құрылып, білім ошақтары мен балабақшалардың ас мәзірін зерделеп қайтты.


Топ құрамына аудан әкімінің орынбасары Б.Ысмағұлов, аудандық қоғамдық кеңес мүшесі Н.Мырзабеков, қоғамдық даму бөлімінің басшысы К.Есенбаев, аудандық мәслихат депутаты Н.Шәлекеева, білім бөлімінің басшысы Ж.Баймұратова мен қызметкерлері, аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы мен БАҚ өкілдері алынды. Олар «Білім ошақтарындағы асханаларда оқушы қалай тамақтанып жүр? Ол жердегі ыстық тағам мен жеміс-жидек, көкөністің құнарлылығы, әр балаға жеткілікті мөлшері, сапасы қандай?» деген сауалдарға жауап іздеді. Және мектеп тазалығын да ұмыт қалдырмады. Арнайы құрылған топ әуелі Тұран ауылдық округіндегі №158 орта мектепке табан тіреді. Қазіргі таңда 737 оқушы білім алып жатқан оқу ордасының асханасы 80 орынға шақталған екен. Аталған мектептің әлеуметтік педагогы С.Ділманова оқушылардың аптаның әр күніне түрлі ас мәзірі бойынша тамақтанатынын айтады. Сондай-ақ мұнда 364 оқушы ыстық тамақпен тегін қамтамасыз етілгенін естідік. Асхана қабырғаларына дұрыс тамақтанудың қағидалары жазылған арнайы тақтайша ілініпті. Күнделікті ас мәзірін ілетін арнайы орын да бар екен. Дегенмен қол жуу бөлмесінде арнайы кептіргіштердің жоқтығы, әжетханасында желдеткіштің жұмыс істемейтіндігі, тазалығы сарапшылардың назарынан тыс қалған жоқ. Жауапты мамандар ондай олқылықтар жақын арада түзелетінін, тиісті тарапқа ұсыныс айтатынын жеткізді. Одан кейінгі бағыт осы ауылдағы «Ақбота» бөбекжай балабақшасы. Бұл мемлекеттік балабақшада 57 бала тәрбиеленуде. Мектепке дейінгі білім беру орталығында тәртіп – қатаң. Денсаулық кепілі – тазалыққа да аса мән беріледі мұнда. Бала денсаулығы үшін салауатты тамақтанудың да маңызы зор. Аспаздар бүлдіршіндерге күн сайын түрлі дәмді әрі пайдалы тамақтар ұсынады.


ЕҢБЕКШІДЕ 151 ОҚУШЫ ТЕГІН ТАМАҚТАНАДЫ

Келесі кезекте топ мүшелері тау тұрғындарына қарай бағыт алды. №159 Еңбекші орта мектебінде 331 бала білім алса, оның 151-і тегін ыстық тамақпен қамтылған. Бастысы, тағамдардың құрамында балалардың денсаулығына кері әсерін тигізетін қоспалар қолданылмайды әрі аспаздар өз жұмысына ұқыпты. Бұл мектепте ыстық тамақтың құрамы, мөлшері талапқа сай екен. Қол жуу бөлмесі де кептіргіштермен қамтылған. Ал осы ауылдағы 90 орындық «Нұрбөбек» балабақшасында 65 бала тәрбиеленіп жатыр. Балғындардың дені сау болып өсу үшін мұнда тиісті талаптар қатаң сақталғанын байқадық. Бүлдіршіндердің тынығатын, ойнайтын бөлмелері жиі желдетіліп, таза ұсталады екен. Ас бөлмесі де талапқа сай.
ЖИДЕЛІАРЫҚТАҒЫ ЖАҒДАЙ
№206 орта мектептің асхана жағдайы да көңіл көншітті. Бекітілген ас мәзірі, балалардың тізімі арнайы тақтайшада ілінген. Бір реткі тегін ыстық тамақпен қамтылған 101 балаға бекітілген ас мәзіріне сай тағамдар әзірленіп, беріледі. Сүт және ет өнімдеріне арналған арнайы сертификаттары да түгел.
БИДАЙКӨЛДЕ 889 БАЛА БІЛІМ АЛАДЫ
Келесі кезекте арнайы топ №148 мектептің асханасына бет алды. Мұнда 450 бала тегін тамақпен қамтылған. Талапқа сай жабдықталған тамақтанатын орында ас мәзіріне сай тағамдар әзірленіп, балаларға берілуде. Алайда бұл білім ордасында кемшін тұстар жоқ емес.


– Бала – біздің болашағымыз. Сол үшін олардың білім ошағында дұрыс тамақтануына да баса мән берген абзал. Бүгінгі зерделеу жұмыстары барысында оқушыларға тегін түрде берілетін тағамдарды қарап шықтық. Оқушыларға тегін ыстық тамақ мемлекет тарапынан беріліп жатыр. Ол әрқашан бақылауда болуы қажет. Жалпы тағамдардың құрамына, сондай-ақ асхананың тазалығына көңіл бөліп, ондағы құрал-жабдықтардың жай-күйіне назар аудардық. Біз болған білім ошақтарының асханаларында ешқандай мін таға алмаймыз. Алайда №148 мектепте қолды жууға арналған сұйық сабын мен антисептик қарастырылмаған. Қолды кептіруге арналған бір реттік қағаз қол кептіргіштермен қамтамасыз етілмеген. Бұл білім ордасындағы асхананың жарық жүйесі люминисцентті лампалар арқылы беріледі. Соның екеуі қапталмағаны анықталды. Ол жөнінде жауапты мамандарға ескертілді, – дейді топ мүшесі, аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқарма басшының орынбасары Гүлстан Болатова.

БАЛАЛАР НЕГЕ БАЛЫҚ ЖЕМЕЙДІ?
Арнайы топты ақжарқын жүзімен қарсы алған Айнұр Архабаева дереу осы мәселені айтты. Ә.Монтаев атындағы №149 мектептің оқушылары балық котлетін ұнатпайтын көрінеді. Мектеп директоры тамақ құр ысырап болғанша, осы мәселені біржақты етсе деген ұсынысын жеткізді. Бүгінде бұл білім ошағында 587 бала білім алса, оның 300-і ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Мектептерде балаларға бір реттік тамақтану нормасы жас ерекшелігіне орай белгіленеді. Мәселен, 6-10 жас аралығындағы бала бір күнде 33 грамм жеміс шырынын, 4 грамм кисель ішуі керек. Ал 1 грамм ғана жұмыртқа жейді. Мектеп оқушыларының тағамында тұздың ұсынылған мөлшері күніне 5 грамм немесе 1 шай қасықтан аспауы тиіс. Апталық тағам түрлерінің тізімі жасалып, асхана қызметкерлерінің әрбір тағамды таразыға тартуы – міндетті. Зерделеу барысында мектеп оқушыларымен тілдесіп те үлгердік. Тегін берілетін ыстық тамақ олардың көңілінен шығатынын аңғардық. – Бізге бүгін үй кеспе көжесі, сүтті какао, ара балы мен алма, нан және қара бидай наны берілді. Асханашы апайлар беретін тағамдар өте дәмді. Қарның тоқ болған соң, сабақты да ерекше зейінмен оқисың, – дейді мектеп оқушысы.
АСХАНАСЫ ӘСЕМДІКПЕН ҮЙЛЕСКЕН
Зерделеу жұмыстары барысында арнайы құрылған топ №48 Ә.Қоңыратбаев атындағы мектепке бас сұқты. Бірінші қабатта орналасқан асхана кең әрі жарық. Кішігірім мейрамханадан еш кем емес. Мұның да өзіндік себебі бар, ережеге сәйкес, асхана негізінен күн жарығы жақсы түсетін жаққа орналасуы керек. Асхананың ішкі дизайны да әдемі, қабырғалар да адамның тамақтануына байланысты түрлі суреттер бейнеленген, нақыл сөздер мен мақал-мәтелдер келтірілген. Ашық түсті бояулармен безендірілгендіктен, асхананың көркі келісіп-ақ тұр. Тазалық салтанат құрған асхана ішінде арнайы киімдерін киген аспаздар да көзге жарқырап көрінді. Аға аспазшы Набат Жарасованың еңбек өтілі – 20 жыл. Оқушыларды күнделікті ыстық тамақпен қамтып, олардың алғаусыз алғысына бөленіп жүр. – Көпшілікке ас әзірлеп, дәм ұсыну ол үлкен жауапкершілікті талап етеді. Себебі өзгеге тамақ дайындау кезінде өз отбасыңа ас әзірлегендей сезінуің керек. Мектепте 941 бала білім алса, соның 385-іне ас әзірлеймін. Бәрін баламдай қабылдаймын. Олардың тойып жегені, айтқан алғысы бізді қуантып, көңілімізді көтереді. Тағы да қосымша тамақ сұраса, қолын қайтармай салып беремін. Жалпы аспаз жинақы, таза болу керек. Халықты жақсы көру керек. Олар дәміңе сүйсінердей бар өнеріңді салып, тамсанатындай әсер қалдырып ас әзірлеу кез келген аспаздың міндеті деп ойлаймын. Сонда ғана сені сыйлап, еңбегіңді бағалап, алғысын айтып тұрады, – дейді өз ісінің шебері. Дейтұрғанмен арнайы топ мүшелері мектеп басшылығы мен аспаздарға жұмыстарына мұқият болу керектігін айтып, бала денсаулығының негізі тамақтануында жатқандығын тағы бір рет есіне салды. Сәрсенбі күні балалардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында келесі зерделеу тобы 5 ауылға бет бұрды. Топ құрамында Шиелі аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысы Г.Айтекеева, Қызылорда облысының білім басқармасының Шиелі ауданы бойынша білім бөлімінің әдістемелік кабинет әдіскері Ж.Шохаев пен БАҚ өкілдері болды.

АЛМАЛЫДАҒЫ АХУАЛ

Келесі топ Алмалы ауылдық округіндегі №181 орта мектебіне табан тіреді. Бүгінде 309 оқушы білім алып жатқан оқу ордасындағы асханасының ахуалы тұрақты. Мұнда 155 бала ыстық тамақпен тегін қамтамасыз етіледі. 100 орынға шақталған асханада барлық жағдай жасалған. Сарапшылар қол жуу бөлмесінде арнайы кептіргіштердің барына және жалпылама тазалыққа аса назар аударды. БАЛАБИДЕГІ БАЛАЛАР ДА БАСТЫ НАЗАРДА Келесі бағытта топ мүшелері Бала би аулындағы Абай атындағы №50 қазақ орта мектебіне бет алды. Мектепте 850 оқушы білім алады. Аталған білім ордасының директоры Айгүл Балташқызы балалардың дұрыс тамақтануы әрдайым басты назарда екенін айтады. Аталған мектептің әлеуметтік педагогы Айнұр Құлжанова мұнда 408 оқушы ыстық тамақпен тегін қамтамасыз етілетінін мәлімдеді. Бір байқағанымыз, асхананың аурасы кең әрі мамандар тазалыққа қатты мән берген. Одан кейін осы ауылдағы «Мұрагер» бөбекжай бақшасына да бардық. 100 орынды балабақшада 110 бүлдіршін тәрбиеленіп жатыр. Бөбекжайда 5 топ орналасқан. Әр топтың өз көмекші тәрбиешелері бар. Айта кетейік, ұрпақ саулығы қашанда алдыңғы орында болуы керек. Мектепке дейінгі білім беру орталығында балалар толықтай тамақпен қамтамасыз етілген. Дегенмен тазалық назардан тыс қалмады. Осыны ескерген жауапты сала мамандары кеткен олқылықтар тез арада түзелетінін жеткізді.


КЕЛЕСІ БАҒЫТ – БӘЙГЕҚҰМ

№251 М.Әуезов атындағы орта мектептің асхана жағдайы көңіл қуантты. Арнайы бекітілген ас мәзірі, дұрыс тамақтанудың қағидалары жазылған тақтайшалары да бар. 430 оқушы білім алатын оқу ордасының ас сапасы қалыпты. Сүт және ет өнімдеріне арналған арнайы сертификаттары да тиянақты. ЖӨЛЕККЕ ДЕ ЖОЛ ТҮСТІ Одан соң Сырдария бойындағы ежелгі қыпшақ ауылы Жөлекке бағыт алдық. Арнайы топты жылы жүзбен қарсы алған №152 орта мектептің директоры асхана жұмысымен таныстырды. Тамақтанатын орында ас мәзіріне сай тағамдар әзірленеді. Сондай-ақ барлығы талапқа сай жабдықталған. Алайда қол жуу бөлмесінде арнайы кептіргіштердің болмағаны да бірден байқалды. Мамандар бұл мәселе жақын арада шешілетіндігін айтты. Ал осы ауылдағы «Жөлек» балабақшасында 45 бала тәрбиеленуде. Тазалық саулық негізі демекші, бөбекжайда тазалыққа қатты мән беретіндігі көрініп тұрды. Ішкі аурасы жайлы әрі балаларға арналған қуыршақ үйірмесін де көзіміз шалып қалды. Бүлдіршіндерге беретін тамақтың сапасы да жақсы.

ОРТАҚШЫЛДА ОЛҚЫЛЫҚ ЖОҚ

Ортақшылдағы №150 орта мектепте 300 бала білім алады. Сондай-ақ мұнда 151 бала тегін тамақпен қамтамасыз етілген. Асханаға кіре бергенімізде аспаздардың қызмет көрсетуі ерекше көрінді. Балалар дән риза. Дәл осы сәтті пайдаланып оқушылармен тілдескен едік. Олар не дейді? – Асханашы апайлардың беретін тағамдары бізге ұнайды. Анамның тағамындай өте дәмді. Бұдан бөлек шырын, алма береді. Қарнымыз тоқ болған соң, сабақты да жақсы оқуға тырысамыз, – деді 3 сынып оқушысы Нұрсая Қанатқызы. Арнайы құрылған топ құрамының басшысы болып аудандық мәслихат депутаты Н.Шалекеева сайланып, аудандық білім бөлімінің әдіскері Қ.Сырғабаев, Шиелі аудандық санитариялықэпидемиологиялық бақылау басқармасының бас ­маманы Ш.Нұржанова және БАҚ өкілдері бекітіліп, жолға аттанды. Алғашқы зерделеу жұмыстары №219 Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептен басталды. Білім ошағында 426 бала ыстық тамақпен қамтылған. Оқушылар саны көп болғандықтан түске дейінгі ауысымда 3 топқа бөлініп ішсе, түстен кейін тағы да 3 топқа бөлініп балаларға ыстық тамақ беріледі. Аспаздар балаларды уақытылы тамақпен қамтамасыз ету үшін, аянбай қызмет етуде. Асханадағы ет, балық етін қалыпты деңгейде сақтайтын тоңазытқыштар мен көкөністер қоймасы талапқа сәйкес келеді.
АУЫЗ СУ УАҚЫТПЕН БЕРІЛЕТІН АУЫЛ
Топ мүшелерінің келесі бағыты Нартай ­Бекежанов ауылына жалғасты. №156 Н.Бекежанов атындағы орта мектебінде жалпы 277 бала тегін ыстық тамақ ішеді. Асхана барлық талаптарға сәйкес, қабырғаларында дұрыс тамақтану және қолды жуу ережелері жазылған бұрыш бар. Бір айта кететін жайт, ауыз су тек уақытымен ғана берілетін болғандықтан, мектепте ауыс су тапшылығы барын тілге тиек етті. Алдағы уақытта тиісті шаралар қабылданып, жұмыстар атқарылатынын жеткізді. Одан кейін осы ауылда орналасқан «Қарлығаш» бөбекжай мемлекеттік балабақшасына зерделеу жұмыстары жүргізілді. Ғимараттың сыйымдылығы 160 балаға арналған. Қазіргі уақытта 130 бала тәрбиеленуде. Балабақша меңгерушісі жаңадан сайланса да, біршама жұмыстар атқарылғаны көрініп тұр. Ауыл кәсіпкерлерімен келісімшарт жасап, балабақшаға қажетті заттарды алуға қолдау көрсететінін айтып, қуанышымен бөлісті.
АЛҒАБАС ПЕН БЕСТАМДА ТАЛАПҚА САЙ АСХАНА
Келесі бағыт Алғабас ауылы №157 Б. Пәрімбетов атындағы орта мектепте жалғасты. Жалпы мектепте 357 бала ыстық тамақпен қамтылған. Заман талабына сай асхана ішінде қажетті құралдар мен балалар қол жуатын арнайы 6 орын әзірленген. Күнделікті дәруменге бай тағамды ішкен балалар аспаз апайларға өз ризашылықтарын таласа айтуда. Бестам ауылында орналасқан №205 орта мектепте оқушылардың түстен кейінгі ыстық тамақ ішу уақытымен зерделеу жұмыстарын жүргізуші топ тұспа-тұс келді. Арнайы бекітілген ас мәзірі бойынша балаларға кеспе көже, сүтті какао, ара балы, нан және алма берілді. Осы уақытта бұл мектепте 215 бала ыстық тамақпен қамтылған. Барлық тағамдар мен өнімдер сертификатқа сәйкес алынып, баланың дұрыс тамақтануы үшін жағдай жасалынған. Сондай-ақ барлық мектептерде қамқоршылық кеңес, ата-аналар комитеті, мектеп әкімшілігі мен медицина қызметкерлерінің қатысуымен тамақтану сапасын мониторингілеу бойынша комиссия құрылған. Балалардың саулығы өзімізге байланысты. Сондықтан балалардың денсаулығы мықты, ақылды әрі белсенді болып өсуі үшін дұрыс тамақтануын жіті бақылап, салауатты өмір салтын ұстануын үйретуіміз қажет. Айта кету керек, зерделеу жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады.

С.МАДИЯРОВА,
М.ИБРАГИМОВ,
А.ИБРАШЕВА

10 ақпан 2024 ж. 315 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№79 (9243)

07 қазан 2024 ж.

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

№77 (9241)

28 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031