Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БУДЫҢ МАҢЫ ШУ ЕКЕН

БУДЫҢ МАҢЫ ШУ ЕКЕН

Бұған дейін «вейп» сөзін естіп пе едіңіз? Ал көшеде қолындағы құрылғысын құшырлана тартып, бу үрлеп жүргендерді көрген боларсыз. Осыған қарап, баға бұғауға, нарық ырыққа көнбеген кезде де өтімді болатын тауар бар екен-ау дерсіз. Ауданның әрбір көшесіндегі дүкен-дүңгіршектерінен бастап, ірі супермаркеттердің саудасын жүргізіп тұрған, әрине, темекі. Жұртшылық денсаулыққа қаншалықты зиян екенін біле тұра темекі тартуды доғарар емес. Ал енді электронды темекіні іздейтіндердің саны артып барады.

Сонымен, «вейпинг» дегеніміз не? Ол ағылшынның «vapе» – «буды жұту және шығару» сөзінен шыққан. Вейп – аккумулятор және буландырғыштан тұратын электронды сигареттің бір түрі. Тек ол емес «денсаулыққа еш зияны жоқ» деген желеумен әлемжеліні маркетинг алаңына айналдырған электронды темекінің түр-түрі шығуда. Ал оларға еліткен, қызығушылардың жасы күннен-күнге жаңарып барады. Әсіресе, мектеп оқушыларының ермегіне айналған электронды темекіні ата-ана бір қарағанда байқай қоймайды. Сырт пішіні кәдуілгі маркерге немесе әдемі қорапшаға ұқсас безендірілген бұл затты әуелгіде біз де ажырата алмадық. Алайда бірнеше мектеп оқушыларынан кезіктірген соң, мақала жазуға ойтүрткі болды. Күндегі күйбең тірлікпен жүріп, айналамызға зер сала бермейміз. Бірақ 15 жас шамасындағы мектеп оқушыларының қолындағы затқа көзім түсті. Қызығып сөзге тартқанымда сескенген олар жоқ. – Бұл «одноразка» – кәдімгі электронды темекі. Қазір оған қол жеткізу оңай. Бағасы да қолжетімді. 2-3 бала бірігіп ақша шығарамыз. Бағасы 3 мың мен 15 мыңның аралығы. Бір қорапты 800 рет тартуға болады. Тапсырыс берсең лезде жеткізушілер көп. Өйткені, тик-ток пен инстаграм да жарнамасы ұрып тұр, – деді тегін жасырған Алмат. Мектеп қабырғасында жүрген баланың тәртібі мен білімі ұстаздардың мойнында екені жасырын емес. Сондықтан бұл мәселеде мұғалімдер де қырағылық танытуға көшкен. – Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі. Бұл сөздің растығын өмір тәжірибесі талай мәрте дәлелдеп те берді. Жаһандану дәуірінде жаңа ұрпаққа білім беру оңай емес. Алайда шектен тыс ғаламторды пайдалану дамуға алып келмейді. Біз бұл бағытта ата-аналармен де жұмыс істейміз. Кері байланыс орнатып, балалармен көп уақыт өткізуді, әдеті мен әдебіне баса мән беруді сұраймыз. Электронды темекіні қауіпсіз зат деп айта алмаймын. Шәкірттеріме де оны түсіндіруден жалыққан емеспін, – дейді №49 орта мектептің мұғалімі Ж.Биназарова.

ТИК-ТОКТЫҢ ТОРЫНА ТҮСТІК ПЕ?
Мәселенің бір ұшы тағы келіп «тик-ток»-қа тірелді. Жастар арасында сәнге айналған «одноразка»-ның жарнамасы «тик-ток»-та күйіп тұр. Тек ер балалар арасында емес, жасөспірім қыздар да бір-біріне электронды темекі сыйға тартып, әлеуметтік желіде танымалдылықты арттырғысы келеді-мыс. «Жасөспірімдерді желіктірген электронды темекіні трендке айналдырған да осы әлеуметтік желі. Ал тренд деген не? Бұл бір бестселлер сынды дүние. Бейне бір шоқжұлдыз секілді тез өтіп, таралып кетеді. Мәселен айдың басында осындай видео түсіру қажет болса, соңында басқа видео, яғни, әуен немесе би қимылдары трендке айналып, танымалдылық артып кетеді. Сол секілді электронды темекіні пайдаланып, бу шығару сынды видеолар көп қаралым жинайды. Жалпы жоғарыда айтып өткендей түсірілетін видеолардан бөлек жастардың сана-сезімін улайтын видео жазбалардың да қарасы көбейіп барады. Неше түрлі ерсі қылықтарды қайталаймын деп тренд үшін құрбан болғандардың саны да аз емес. Десек те, «тик-ток»-қа деген құмарлық басылар емес» дейді психолог маман Ж.Нұрманова.

УДЫҢ ЖАҚСЫСЫ БОЛМАЙДЫ
– Әрбір ата-ана бала өсіріп отырған соң, болашағына уайыммен қарайды. Бұл күндері смартфоннан бас алмайтын балалардың ерсі қылықтары көбейіп барады. Жақында таныстарымнан оқушылардың көпшілігі электронды темекіге әуестеніп жүргенін естідім. Оны қолданған баланың үстінен иісі шықпайды, пішіні маркерге ұқсағандықтан ажырата қою да қиын екенін айтады. Темекі секілді түтіні бұрқырап тұрмайды, хош иістендірілген бу шығаратынын сипаттап берді. Дегенмен меніңше удың жақсысы болмайды. Бүгін осыған үйренген бала ертең бұдан да сорақысына көшеді. Сондықтан мұның ұңғыл-шұңғылын әбден зерттеп, балаларға сатпаудың тәсілдерін қарастыру керек, – дейді кент тұрғыны Г.Байжанова. Иә, у таратар будың жарнамасын белгілі блогерлер де келістіріп мақтауда, яғни будан келер зиян жоқ дейді. Бірақ бұл электронды темекінің құрамын зерттеген мамандар кері пікір айтуда. Мамандардың түсіндіруінше, никотинсіз қоспаның құрамы глицериннен және этиленгликолден тұрады. Олар шектен тыс қызғанда аса улы альдегидтер пайда болады. Электронды темекілерді өндірушілер өз девайсінде температура қадағаланатынын жариялап жатады. Алайда зерттеу жүргізген журналистер мен сарапшылар мұның тек шоуға арналған экспонат екенін, саудаға түсетін вейптарда қыздыру шамасы бақыланбайтынын анықтаған.

ӘЛЕМДІК ТӘЖІРИБЕГЕ ҮҢІЛСЕК...


Бұл синтетикалық індеттен дамыған елдер де зардап шегуде. Вейпингтің кең таралуы АҚШ-та адамдардың өкпесінің зақымдалуына және өліміне әкеліп соқтырған. Коронавирус пандемия­сы басталғанға дейін Құрама Штаттарда вейп пайдаланғандардың «өкпенің ауыр кеселіне» шалдығуының 2500-ден астам оқиғасы тіркеліпті. 50 адам қайтыс болған. Осыған орай Америка президенті бұл өнімді шектеу ісін қолға алды. Нью-Йорк штаты 2019 жылдың қыркүйегінде бірінші болып, электронды темекілерге тыйым салды. Ал темекімен күресте Батыс Қазақстан облысымен шектесетін ресейлік Самара облысындағы «Южный город» білім орталығының директоры Владимир Кильдюшкин «Бұл күрестен мектептердің тыс қалатыны дұрыс емес. Біз мысалы, бірден қатаң ұстанымды табандадық: мектеп аумағында тек оқушылар ғана емес, мұғалімдер де шылым шеге алмайды. Бұл талапты бұзған мұғалім не шәкірт орталықтан қуылады. Сабақ үстінде сұранып кетіп, аулақта синтетикалық никотин тұтынатындар болды. Оларды анықтау үшін қулыққа бардық: стоматолог маманды жалдап, 8-9-сынып оқушыларын тегіс тексердік. Маман балалардың аузына үңіліп, тістерінің саулығын бағалады. Сонымен бірге кімнің тілі жасылға боялғанын белгіледі. Әшкереленген фактілерді атааналарына, олар үн қатпаса, балаларға қамқорлық саласына жауапты органдарға хабарладық», – деп тәжірибесімен бөліскен екен. Бу шығарар электронды темекінің төңірегіндегі шу кез келген ата-ананың тынышын қашырмай қоймайды. Әсіресе, аты да, заты да құлаққа түрпідей тиетін темекіге әуестенген ұрпақтың ертеңі қалай болмақ? Қашанға дейін улы заттың буына байланып жүре бермекпіз? Сондықтан балаларыңызға бақылау жасап қойыңыздар...

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ 
Фото: egemen.kz
07 ақпан 2024 ж. 281 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№97 (9261)

06 желтоқсан 2024 ж.

№96 (9260)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (9259)

01 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031