ЖАСТАРДЫҢ ЕНДІГІ ЕРМЕГІ – ЭЛЕКТРОНДЫ ТЕМЕКІ
Абыройдан айыратын алкоголь мен естен тандыратын есірткіден арыла алмай жүргенде ұрпақ санасын улайтын тағы бір тұйыққа тап болдық. Мерейімізді өсіре ме деп жүрген мектеп оқушыларының ендігі ермегі – электронды шылым. Жарнамасына сүйенсек, электронды шылым шегуден арылтады әрі зиянсыз болып табылады-мыс. Расымен де, электронды темекінің зияны жоқ па?
Электронды темекінің пайдасы мен зияның анықтамас бұрын, оның қандай құрылғы екенін біліп алайық. Ол кәдімгі темекіге қарағанда ауырлау және ұзындау болып келеді. Ортасында батарейка мен никотині бар картридж салынады. Батарейка картриджді қыздырып, никотиннің буын шығарады. Бұл бұйымның бағасы арзан емес. Қуат бергіш құрылғысымен бірге 14-35 мың теңге аралығында. Ал ең арзаны 3500 теңге тұрады.
Электронды темекінің пайдасы мен зияның анықтамас бұрын, оның қандай құрылғы екенін біліп алайық. Ол кәдімгі темекіге қарағанда ауырлау және ұзындау болып келеді. Ортасында батарейка мен никотині бар картридж салынады. Батарейка картриджді қыздырып, никотиннің буын шығарады. Бұл бұйымның бағасы арзан емес. Қуат бергіш құрылғысымен бірге 14-35 мың теңге аралығында. Ал ең арзаны 3500 теңге тұрады.
Өкініштісі, өнімнің осы түрін онлайн саудалаушылар көп. Дүкенде ашық сатылып жатқан соң, онлайн сауданың өрісі тіпті кеңейді. Қызылды-жасылды жарнамасы көзді арбайды. «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа» жоқ. Мәселен, Instagram әлеуметтік желісінде вейп сатумен айналысатындардың (Elf bar мен Elf shop) көптеп кездесетініне көзіміз жетті. «Бақсақ бақа екен» демекші, онлайн сауда Қазақстанның кез келген жерінде бар деуге де болады. Тапсырыс берушіге тегін жеткізу қызметі де қарастырылған. Яғни үйден аттап шықпай-ақ құмарыңызды қандырып, көңіл хошыңызды келтіре аласыз. Көптің көзіне түскісі келе бермейтін жасөспірімдерге де керегі осы емес пе?
«Электронды темекідегі никотин темекіні бір сорғаннан-ақ қанға енеді. Бұл қауіпті есірткінің адам ағзасы мен психологиялық жүйесіне тигізер зияны ұшан теңіз. Жоғарғы дәрежесі жүрек-қан тамырлар ауруларына, склеротикалық және басқа патологиялық ауруларға әкеп соқтырады. Өкпені айтпағанда, бүйрек те қатты зардап шегеді. Ұзақ уақыт денеге тараған никотиннің әсерінен адамда қауіпті ісік ауруы пайда болады. Электронды темекінің кәдімгі шылымға қарағанда денсаулыққа тигізер зияны мол. Дене никотинды қабылдау барысында бір сәтте тыныштық таба алмайды. Бұл бүкіл ішкі ағза жүйесіне ауыр жүктеме болып табылады. Темекі шегудің барлық түрі денсаулыққа өте зиянды әрі өкпе рагына алып келеді. Демек, ең дұрысы бұл зиянды әдеттен арылған жөн» дейді дәрігер мамандар.
Ал электронды темекінің зияны жоқ деген жарнамасын желеу еткендердің, әсіресе жас жеткіншектердің оған тәуелділігі артып барады. Тіпті қыз балалардың ерекше әуестігі қынжылтады. Қазір әрбір шылымның сыртқы қорабында қаншалықты зиян тигізетіндігі жазылған. Мүгедектікке, белсіздікке, онкологиялық ауруларға душар ететіндігі ескертілген. Ал енді өзіңіз ойлай беріңіз, электронды темекі де темекі ғой. Оның зиян екенін жазып, дәлелдеудің қажеті жоқ. Бүгінде әлемдегі 25 мемлекетте вейпті сатуға заңмен тыйым салынған. Қазақстан бұл қатарға қайтсе де қосылуы керек.
Көрнекті жазушы Мұхтар Әуезов «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» депті. Жоғарыдағы ойларды топтап айтқанда осыған саяды. Сондықтан зиянды нәрсеге аса әуестенбеген абзал. Жастар бос уақытта спортқа жақын болып, пайдалы іспен айналысса, нұр үстіне нұр болар еді.
Г.ЯХИЯ