Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сөреде жоқ, сөмкеде бар

Сөреде жоқ, сөмкеде бар


Сан түрлі шылымды самсатып дүкен сөрелеріне жайып қоюға рұқсат жоқ. Енді тек темекінің атауы алфавитік ретпен жазылған кестеден өзіңізге керектісін қарап, бағасын көріп, сатушыдан сұрап аласыз. Осылайша, жастардың көз алдында сан түрлі жарнамамен жайылып тұратын темекіге деген әуестікті азайтуды көздеп отыр.
– Темекі жарнамасы азайса, жастар арасында шылым тарту көрсеткіші 16-дан 23 процентке дейін төмендер еді. Бұл біздің ел үшін өте қуантарлық жағдай. Себебі, жасөспірімдер дүкенде темекінің ашық сатылатынын күнде көрмесе, оған қызығушылығы да болмайды. Ал, бұл жастар арасында темекінің кеңінен қолдануын тоқтатады. Сауда орындары темекіні көрсетіп, сатылымға қойса, қомақты айыппұл төлейді. Жағдай бірнеше рет қайталанса, дүкен немесе сауда орны мүлде шылым бизнесімен қош айтысуы мүмкін, – дейді Еуразиялық темекіге қарсы коалиция төрайымы Жамиля Садықова.
Енді басты жаңалыққа тоқталып өтейік. Шілде айынан бастап темекі бағасы қымбаттады. Ең арзан шылым бағасы 520 теңге тұрады. Бұл осы жылдағы баға. Әр алты ай сайын шылым бағасы шарықтап отыратын болады. Шылым шығын ғана емес шыбын жаныңды ертерек алатын зиянды зат. Десекте, әлемдік зерттеулер дерегі бойынша әлем халықтарының жетіден бір бөлігі темекі шегеді. Бұл – жер тұрғындарының 18 проценті. Оның ішінде қазақстандықтардың 25 проценті шылым шегетінін ескерсек, елімізде жыл сайын 25 мың адам ұзақ жылдар шылым шегудің салдарынан туындайтын аурулардан көз жұмады екен. Әрбір үшінші тұрғыны темекіге тәуелді Қазақстанда әрбір оныншы адам созылмалы өкпе ауруларымен ауыратынын айтып, дәрігерлер дабыл қағуда. Егер әлемде темекі шегетіндердің 82 проценті өкпе дертіне шалдыққан десек, бұл дерт жер-жаһанда адам өлімінің төртінші себебі болып табылады. Дүние жүзі елдерінің әрқайсысында тұрғындарының 35-70 проценті темекі тартады.
Бұған дейін де біздің ел Үкіметі әлемдік күреске үн қосты. Темекі қорабының сыртына алғашында Тайланд пен Бразилияда арнайы таңдап алынып басылған ең қорқынышты 12 графикалық суретті пайдалану туралы қаулы шығарды. Осы құжаттың пәрменімен темекі біздегі дүкен сөрелерінде сондай суреттері бар қораптарға қапталып сатыла бас­тады. Күрестің бұл түрі 18 миллион халқының 4,2 миллионы темекі шегетін Қазақстан үшін әсерлі болды деп айта алмаймыз. Себебі, үрейлі суреттерден үріккендер, темекіден өздігінен бас тартқандардың көбейгені туралы сыбыс шыға қойған жоқ. Әлі де нарықтың ең өтімді тауарларының біріне айналған өнімнің саудасы қызып тұр. Сондықтан, улы заттың көз сүрінер жарнамаларын азайтып, шылымды ашық саудадан шеттетіп тастады. Бұл дегеніміз мүлдем сатылмайды емес, тек жабық түрде жүзеге асады. Егерде темекіні ашық сатқан жағдай анықталса 60 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл арқалайды. Ол шамамен 200 мың теңге. Ал, талапты үлкен сауда желілері бұзса, айыппұл 450 айлық есептік көрсеткішті құрайды. Жағдай тағы қайталанса, айыппұл соммасы одан да көбейетінін айтады.
P/s: Дәрігерлердің айтуынша, темекі тастаған адамның 24 сағаттан кейін жүрек талмасы қаупі азаяды, 2 күннен кейін дәм мен иіс сезуі темекі шекпейтін адаммен теңеседі, 3 күннен кейін тыныс алуы қалыпты жағдайға жетеді, 3 айда өкпе әдеттегіден 30 процент жақсырақ жұмыс жасайды, 1 жылдан кейін жүрек ауыру қаупі 50 процентке төмендейді, 10 жылда өкпенің қатерлі ісігіне шалдығу қаупі мүлдем сейіледі және 5 жылдан кейін жүрек соғысы мен қан қысымы ешқашан темекі шекпеген адаммен бірдей болады. Сондықтан, 6 ай сайын бағасы Алпамыстай өсетін шылымды тастап, шымыр болуға әлі де кеш емес екен.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
03 шілде 2021 ж. 559 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930