Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТЕМЕКІ ТАРТҚАНЫҢ – ӨМІРІҢДІ ҚҰРТҚАНЫҢ

ТЕМЕКІ ТАРТҚАНЫҢ – ӨМІРІҢДІ ҚҰРТҚАНЫҢ

Темекі шегу – Дүниежүзі ғалымдарын алаңдатып отырған дерттің бірі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сүйенсек, жер бетіндегі еркектердің тең жартысы, әйелдердің төрттен бірі темекі тартады. Көптеген аурулардың дамуының негізгі себептерінің бірі болып табылатын темекі түтінінен жылына 7 миллионнан аса адам көз жұмады екен, оның 900 000-ға жуығы темекі тартпаса да, қасында жүргендер дейді статистика.
Орыстың белгілі фармакологы И.Догель «Темекі шегу – адамның орынсыз тілегінен туған бақытсыздық» деген екен. Иә, адам туғанынан темекі түтініне тәуелді болмайды. Тіпті алғашқы уақытта шылымның түтініне тұншығып, бас айналып, жүрек лоқсып, қақалып, ағза қарсылық танытады. Бірақ жастардың еліктеушілігі темекіге деген тәуелділікке алып келеді.

Темекінің зияны
Темекінің құрамында: 1-4% никотин, 2-20% көмірсутек, 1-13% белоктар, 5-17% органикалық қышқылдар, 0,1-1,7% эфир майлары бар. Ғалымдар темекі түтінінде 200-ге жуық түрлі заттардың қоспасы бар екендігін анықтаған. Ал оның 100-ден астамы адам ағзасына зиянын тигізіп, түрлі аурудың пайда болуына себеп болады. Темекі компоненттерінің ең зияндыларының бірі – никотин. Темекі түтіні тыныс жолдары арқылы өкпеге, одан кейін қанына сіңіп, сол арқылы адам ағзасын шарлап, барлық жерге зиянын тигізеді. Ал сілекей арқылы жұтынғанда, никотин өңешке, асқазанға өтеді. Сөйтіп ауыздағы, еріндегі, тілдегі, таңдайдағы өте сезімтал жүйке талшықтарын зақымдайды. Зиянды заттар қан арқылы миға жетеді, әуелі оның жүйке жүйесін қоздырып, оларды улай бастайды. Мұнан бөлек тыныс жолдарын ыстайды, ісіндіріп, қабындырады.

Үнемделетін ақша
Білуімізше, темекі өнімін тұтынушылар күніне кемінде бір қорабын пайдаланады. Ал темекі бағасын орта есеппен есептегенде 400 деп алсақ, бір жылда 365 күн бар. 400 теңгені 365-ке көбейтсек 146 000 теңге болады екен. Орташа жалақы 60 мың болса, темекі шегетін жан екі ай темекі үшін жұмыс істейді. Бір жағынан қалтаңызға шығын түссе, екінші жағынан денсаулығыңызды құртады. Бұл әрине, ойланатын мәселе.

Әзірлеген Е.ДАТҚА
16 шілде 2019 ж. 2 367 0