Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » "ВЕЙП" СӨЗІ ТАНЫС ПА?

"ВЕЙП" СӨЗІ ТАНЫС ПА?

Бұл сөзді бұған дейін естіп пе едіңіз? Егер таңсық болса, көшеде қолындағы құрылғысын құшырлана тартып, бу үрлеп жүргендерді көрген боларсыз. Міне, сол құрылғыны вейп деп атайды. Сонымен «вейпинг» дегеніміз не?
Ол ағылшынның «vapе» – буды жұту және шығару сөзінен шыққан. Вейп – аккумулятор және буландырғыштан тұратын электронды темекінің бір түрі. Шылымқорлар бұл аппаратты денсаулыққа ешқандай қаупі жоқ деп есептегенімен, алайда АҚШ-та алғашқы вейпердің өлімі тіркелді. Содан кейін тағы вейп-қолданушы төрт адам ажал құшты. Бірнешеуі белгісіз аурудың кесірінен аурухана төсегінен бір-ақ шыққан. Ендігі АҚШ билігі барлық электронды сигареттің түрін қолдануға тыйым салуды көздеп отыр. Мұхиттың ар жағындағы мұндай жан тұршігерлік оқиғалар біздің елге жеткен жоқ. Дейтұрғанмен «жеткен жоқ» деп, одан әрі хош иістендірілген буды жұтып отыра беруге болмайды ғой.
«Vape»-тің құрамы қандай?
Біріншіден, вейп құрамында тұрмыстық химия заттарында кездесетін пропиленгликоль бар. Оның адам ағзасына зиян келтірмейтіні туралы бірде-бір дәлелденген ақпарат жоқ екен. Екіншіден, онда глицерин кездеседі. Алайда ол жанған кезде денсаулыққа қаншалық әсер ететіні жөнінде зерттеулер жүргізілмеген. Адам не жұтады? Одан зиянды нәрселер бөліне ме? Үшіншіден, вейптің құрамына аллергия шақыруы мүмкін хош иістендіргіштер кіреді. Вейп – девайстардың келесі ұрпағы. Оны қолдану үшін арнайы сұйықтық құйып, дәмі мен қаттылығын нақтылап қойсаңыз жеткілікті. Прибор сыртынан қарағанда сигараны немесе темекі тартатын түтікшені еске салады. Оны көбінесе шылыммен алмастыру үшін немесе есірткі заттарсыз хош иістендірген буды жұтуды қалайтындар қолданады.
Ағзаға қалай әсер етеді?
Пульмонолог Анна Жарылғапова вейпті қолданатындарды екі топқа бөліп қарастырыпты. Біріншісі – темекі тартуды мүлде тоқтатып, вейпке көшкендер. «Бұл жағдайда шеттен тыс қолдана бермесе, уронның ағзаға тигізер зияны азаяды» дейді ол. Ал екіншісі – бұрын шылым шекпеген, сәнге еріп, вейп қолдануды бастағандар. Ол көбі ойлайтындай организмге залалсыз елірткіш емес. Вейп этикеткасында никотин туралы бірде-бір сөз болмаса да, құрамында ол кездесуі мүмкін. Одан бөлек қысым көтерілгенде және электронды құрылғының қуатына байланысты отыздан аса уландырғыш заттар формальдегид, ацетальдегид, акролеин, ацетон бөліне бастайды.
Дәрігер вейп буында темекі түтініндегі өкпенің эптелий жасушаларын құртатын күйе мен шайыр жоқ болғанымен, сұйықтық тамшысы дем алатын жолдарда тұрып қалып, оның жұмысын қиындатуы мүмкін екенін ескертеді. Қанға аз оттек түсіп, гипоксия яғни, оттектің жетіспеуі туындайды. Нәтижесінде ішкі жасушалық процесстер бәсеңдеп, қартаюға алып келетін процесстер жұмысын күшейте түседі. Вейпті көп пайдаланған сайын, сілекейдің бөлінуі күшейіп, бронхта микробтарты қақырық жинала бастайды. Әрине, оның денсаулыққа алып келер пайдасы шамалы. Базалық үлгілері 5-13 мың теңге аралығында тұрса, жартылай кәсіби түрлері 15-25 мың, кәсіби үлгілері 40-100 мыңға дейін жетеді екен. Ал сұйықтықтар 2 мың теңгеден басталады екен.
Жалпы вейп зияны соңғы уақытта көбірек анықталып отыр. Ғалымдар хош иістендіргіштерді зерттей отырып, олардан 75% диацетил токсинді химикатының кездесетінін анықтаған. Ол өлімге жетелейтін «попкорнды ауруды» дамытатын болып шықты. Диацетил көптеген хош иістендіргіштерде (жемісті хош иістендіргіш, кондитерлік тағамдардың иісі, кәмпит) кеңінен қолданылады. Осындай азық-түліктердің май иісіне пайдалану бронхиолиттің дамуына соқтырады. Бұл ауру попкорн өндіретін компанияның қызметкерлерінде кездесіпті. Яғни, диацетилді тағамдарға қосуға рұқсат болғанмен, оны көп уақыт бойы иіскеп жүру – дертке шалдықтырады. Тыныс алу жолдарында артық проблемаларға жолыққыңыз келмесе, диацетилден сақ болған жөн. Пропиленгликоль ағзада жинала келе, аллергиялық реакция тудырады. Тіпті, іріңге ұласып, бауыр мен бүйрек жұмысына аса зақымын тигізеді. Сұйықтықтағы хош иістендіргіштер аллергиялық дерттер тудырып, демалу жолдарынан бастап, бронхты демікпеге дейін жеткізіп жатады. Сұйықтықтағы никотин өзіне тәуелді етіп, рак ауруына апаруы ғажап емес. Жай темекіден электронды құрылғыға көшу «шылымды қоямын» деген мақсатқа жеткізбеуі мүмкін. Аккумулятордың қызып кетуіне байланысты құрылғы жарылып кеткен оқиғалар кездеседі. Бір құрылғыны көпшіліктің пайдалануы гепатит пен туберкулезге шалдықтыруы ықтимал.

P.S.: Өткен ғасырда Батыста ерлердің көбі трубка мен сигара тартып, шылымға сұраныс аз болыпты. Содан АҚШ заңының олқылығын пайдаланған American Tobacco қожайыны Джеймс Дьюк басқа бағытты тапты. Темекіні әйелдер мен балаларға жарнамалай бастады. Сөйтіп дегеніне жетіп, нәзік болмыс иелері көкшіл түтінді түйдек-түйдек бұрқыратуды ерлермен тең болудың, ал жасөспірімдер – ересек көрінудің нышаны деп қабылдады. Бұл әлемде ауыр дерттің белең алуына соқтырды. Аталған дерт дендемесін десек, мейлінше алдын алуымыз шарт. Себебі денсаулық – зор байлық!

12 желтоқсан 2022 ж. 783 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930