Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚҰМАР ОЙНАП ҚАДІРІҢДІ ЖОҒАЛТПА

ҚҰМАР ОЙНАП ҚАДІРІҢДІ ЖОҒАЛТПА

Қамшының сабындай ғана қысқа өмірде Алланың берген несібесіне ие бола алмай жатамыз. Осы орайда жаман әдет-қылықтарды шығарып, құмар ойынның жетегінде кеткен адамдардың саны күрт өсіп жатқанын байқаймыз. Бұл қауіптің алдын алмасақ, қаншама отбасын бұзып, жасөспірімдердің өмірін балтамен шабатыны анық.

Статистика бойынша елімізде әрбір бесінші адам құмар ойынның құрбаны. Құныққандардың қатары 350 мыңнан асады екен. Яғни бұл ешкімге таңсық дүние емес, бәріне себеп болып отырған букмекерлік кеңсе мен казиноның жарнамалары. Әлеуметтік желіде айқайлап тұрған жарнама халықты оңай ақшаға тартып жүр. Жалпы қазір елімізде ойын бизнесі саласында 50-ге жуық ұйым жұмыс істейді. Оның ішінде 26 букмекерлік кеңсе, 6 казино, ойын автоматы қойылған 10 зал, 2,5 мыңға жуық бәс тігу пункттері және 8 тотализатор тіркелген. Бұл ойын бизнесі үлкен қаржының көзі болғандықтан ба, әлі күнге дейін тыйым салу мүмкін болмай тұр. Ойын автоматтары кез келген жерге қойылған. Бірақ белгілі бір деңгейде тоқтау салмаса, қоғамдағы жағдай ушығып кету қаупі бар. Құмарлық көп жағдайда ақылдыны ақымаққа айналдырады. Ал ақымақтарға ақыл салатын кезі аз емес. Атап айтар болсақ, құмар ойын жаман әдеттерді, қасиеттерді қалыптастыратын дерттің үлкен түрі. Құмар ойын біреудің ақысын жеген болып саналады. Күнә істерге итермелейді. Сарапшылар ойынға тәуелді болуға екі себеп барын айтады. Елімізде 10 жұптың 7 жұбы осы ойынның әсерінен бір-бірінен ажырап жатыр. Отбасы жағдайында болып жатқан қаржылық қиындықтар кедергісін тудырады. Яғни адамды жауапсыздыққа, жалқаулыққа, сұраншақтыққа үйретіп, ары мен намысын сатып жіберетін жағдайға алып келеді. Отбасының берекесін алып, қоғамды бүлдіреді. Бірі қанағатсыздық таныту, қолда барға разы болмау. Сондықтан да құмар ойынға жұмсалған дүние-мүлік ысырап деп танылады. Әдетте тапқан ақшасын құмар ойынға шашатын адамның өмірінде еш берекет болмайды. Тапқан-таянғанының барлығын тек құмар ойынға жұмсап, «осы жолы ұтысқа кенеліп қалармын» деген бос үмітте болады. Бәс тігуге қаражат табу үшін қарызданып, ел-жұртты алдап, ең жақындарының алдында жағымсыз адамға айналады. Әсіресе құмар ойынның көкесін интернеттен көресің. Әлеуметтік желіден кино көрейін десең, құмар ойынмен кемінде 15-20 секунд бойы танысып шығасың. Сол аралықта адамның қызығушылығын арттырып тарта бастайды. Халық оны оңай жолмен байып кетудің амалы ретінде көріп, берекесіз халге ұшырауда.

Бәріміз білетін құмар ойынға тек жастар ғана емес, егде жастағылар да құмартады екен. Тіпті құмар ойынға әуестенгендердің қатарына әйел адамдардың да саны артқан. Атап айтқанда, студенттердің әлеуметтік желіде көп отыруының салдарынан, онлайн ұтыс ойынның құрбаны болып жатқандар аз емес. Әсем есімді қыз 5 жыл бұрын ойынға қатысып, бәс тігеді. – Оқудың 3 курсында сабақтан келіп әлеуметтік желіні қарап отырғанмын. Көзім ойын жарнамасына түсті. Сол ұтысқа бір рет қатысып көрейін деген ой болды. Ұтыс ойынға алғашқыда 2500 теңге салып бастаған едім. Ол ойында 9 ұяшық жасырылған. Ал ұту мүмкіндігіне 3 мәрте ғана рұқсат берілген. Сонымен не керек, ұялы телефон ұтып алдың деген хабарлама шықты. Мекенжайымды, нөмерімді, өзім жайлы ақпаратты толтырдым. Менде ешқандай күдік болмады, себебі астына жазған пікірлер шынайы болып көрінді. Мен қызығып тағы салдым, құлаққап, ақшалай сыйлық жеңіп алдым. Алайда жиналып тұрған бонустарымнан ұтылып, сыйлықтарды қайтадан алып алғанын көрген кезде ес жидым. Оңай жолмен жетістікке жетемін деген ойдан бірден сейілдім. Өзіңді қолға алмасаң, осылай кете береді екенсің, – дейді. Ал Ербол есімді азамат 4 жыл бұрын бәс тігу ойындарына ақша салып келген. Пәтер алуға ниеттеніп жүрген азамат жиған-терген ақшасын, көлігін тігіп жіберген. Тіпті жақындарынан да қарыз алып, жұмысынан да шығып қалған. Осылайша құмар ойынға құмартқан жігіт құр қол қалған. Ерболдың айтуынша, құмар ойынға деген қызығушылықты арттыратын казино мен букмекерлік кеңселердің қаптаған жарнамасы себеп болған. Қай жақта жүрсеңде бәс тігуге шақыратын жазулар ілініп, көзге бірден түсетінін айтады. – Бір рет бағымды сынап көрейін деген сөз бәрімізді құртады. Кейін оңалту орталығына барып, психологпен кездесіп, сыр тарқатып, кеңес алдым. Қателескенімді сол жерге барғанда түсіндім. Өзімнің жолымды өзім жауып жүргенімді білдім, – дейді. Мейлінше өмірдің тыныштығын өзіміз бұзып алмай, күнімізді берекелі өткізгеннен, адал жолмен мал тапқаннан, тыныш ұйқыдан асқан артық бақыт жоқ. Қанша жерден жақсылық пен адамгершіліктің пердесімен бүркемелесекте, бәрібір де абыройымыздың бейнесі ашық көрініп тұрады. Ал осы ойын жетегіне кеткендер, тапқан дүниесінен салғаны көп. Бұндай адамдар алғанын мақтанып, теріс жағын мойындамай жеңістік бермейді.

Ақтоты РЫСБЕК
Фото: egemen.kz
05 ақпан 2024 ж. 291 0