Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Құмар ойын құртады

Құмар ойын құртады

Бүгінгі күні құмар ойынға құмартқан жастар жағы көбейді. Қу жанын бағып, жатып ішер жалқауға айналғандардың «құмар ойын» десе аш қасқырдай арандайтынын біз әлі білмей келеміз ау. Бұл ойын жастарға өте қауіпті. осыны біле тұра қауіпті ойынға жастар жағы еліктеп, дертке ұшырап жатқаны қатты қынжылтады. Иә, құмар ойын-жасөспірімдердің психологиясына, рухани дамуына, білім алуына кері әсерін тигізіп қана қоймай, қылмыс жасауға соқтырады.
Осыдан екі ғасыр бұрын айтылған «Қарыны тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын» деген Абайдың даналық сөзі бүгінде тойып секірген жастарға айтылып отыр. Елімізде көптеген ата-аналар баланың тәрбиесіне қараусыз, қандай іспен айналысып жатқанынан хабарсыз. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз, бірақ елімізде балаға салғырт қарайтын ата-аналар баршылық. Соның салдарынан көптеген жеткіншек жат қылық, жаға ұстар жайттар мен құмар ойындарға барып жатқаны жасырын емес.
Бүгінде құмар ойынның қармағына ілігіп, шырмауынан шыға алмай жатқандардың басым бөлігі жасөспірімдер екен. Көбінесе екі қолдарын қайда сыйғызарын білмей сенделген ересек жастар ойынханаға бас сұғып, казино мен автомат ойынның ілмегіне ілінуде. Десек те, қолда бар деректерге сенсек, елімізде жылына 350 мың адам (күніне 900 адам) құмар ойындарының құрбанына айналады.Алғаш Ұлыбританияда ашылған букмекерлік кеңселер біздің елімізге тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ келіп үлгеріпті. Арнайы мамандар букмекерлік кеңселердің жұмысын қатаңдату керектігін айтып жарсалып жатса да, одан қайран болмай тұр. Көк жәшіктің ішіндегі керексіз ойынға бас қатырып жүрген жігіттер алтын уақытын зая кетірмей нағыз ер азаматқа тән егін егіп, мал бағып кәсіп етсе игі еді. Қалтасындағы бар ақшасын құмар ойынға тігіп, бұл тірлігі жалғасып, қылмысқа барады. Тіпті, қарызға батқан жастардың берешегін ата-аналары төлеп жатқанын көзіміз көріп, құлағымыз естіп жүр. «Құмар ойынды әдетке айналдырып, оған тәуелді болу, алкоголь және нашақорлыққа тәуелді болумен тең. Тіпті, оданда қауіпті. Байырғы заманда аталарымыз құсбегілік, атбегілікпен айналысып, түрлі байрақты бәсекелерге дода үшін бәйгеге бәс тіккен. Бірақ ақшаның шырмауына түсіп бақыр тиынсыз тақыр жерде қалардай бассыздыққа бой алдырмаған.
Құмар ойын біріншіден, қарапайым халықтың қалтасын жұқартса, екіншіден, оған тәуелділік ауруы пайда болады. Ата-ана аузынан жырып берген ақшасын баласы бәске тігіп, бір сағатта ауаға ұшырады. Бұл ойынға деген жастардың көзқарасы қалай?
– Компьютерлік клубқа барып, ойын ойнағанды өз басым жөн санамаймын. Неге десеңіз алтын уақытын босқа өткізіп, ойын қызығына батады. Бар тапқан ақшасын ысырап етіп, маңызды шаруаға ынтасы болмайды. Міне, осыдан ойынға құмарлық пайда болады. Көп қозғалыс болмаған соң, денсаулыққа кері әсер етеді. Электрондық құрлығыға көп телміру жүйке жүйесін әлсіретіп, қан қысымын көтеріп, құлақтың есту жүйесін бұзады. Осы орайда кент ішінен футбол, волейбол ойнайтын алаң ашылса, тиынымызды төлеп ойнауға да дайынбыз, – дейді Шиелі кентінің тұрғыны Берік Құлмырзаев. Осындайда Беріктей жастар көп болса дейміз. Иә, біз ешкімге мін тағып, теріс пікір айтудан аулақпыз. Заман талабына сай ашылған кәсіп дестік. Күн көрістің көзі. Ешкімді айқайлап, қинап кіргізген жоқ. Өкініштісі, сол қазақтың ұлттық ойыны асық, ат спорты ойнайтын арнайы дайындық алаңдары мен спорт кешендерін таппай сабылып көше кезген жастарды көріп налисың. Ақ адал маңдай терінің еңбегін бала-шағасының нанына емес, ойынның «қамына» жаратып жібергендер көп. Осындай есепсіз кеткен ақшаны ауылдық жерлердегі қалталы кәсіпкер ағаларына ұсыныс айтып, арнайы спорт алаңдарын салып, пайдалануға берсе, жастар құмар ойынға емес, спортқа бет бұрар ма еді деген ой келеді. Оқта-текте аудан жастарымен кездесе қалсақ спорт кешендері туралы ұсыныстарды жиі айтады. Тоқсан ауыз сөздің түйіні түсінген жанға анық-ақ. Біздікі кеш қарайса бәз бір елді мекендерде футбол, волейбол ойнайтын орын таппай, мектеп жағалаған жастардың спортқа деген қызығушылығын жоймай, бір амалын тапса деген тілек. Назарға ілінер деген үміт.

Шапағат Тілеубаев
06 ақпан 2021 ж. 1 019 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930