Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Құмар ойындарынан келетін қауіп қандай?

Құмар ойындарынан келетін қауіп қандай?



Бүгін Астанадағы «Нұр Отан» партиясы ңимаратында Қазақстандағы құмар ойындары мәселесі мен оны шешу жолдары тақырыбына қатысты ашық диалог құрылды. «Осы кезде ойын бизнесі мәселелері бойынша заңнамалық актілерге өзгертулер енгізу көзделіп отыр. Осы тұрғыда Парламент Мәжілісіндегі партия фракциясы арқылы заң жобасын күшейтуге ниеттіміз. Біз бүгін жоғарыда айтылған мәселені талқылауға әртүрлі сала мамандарын шақырдық. Шара нәтижесінде мүдделі тараптардың пікірлері мен ұсыныстары жеке-жеке қаралатын болады», - деді «Нұр Отан» партиясының хатшысы Илья Теренченко. Айтулы шараға құзырлы орган өкілдерімен қатар, букмекерлік кеңсе мамандары қатысты. «Құмар ойынды әдетке айналдырып оған тәуелді болу, алкоголь және нашақорлыққа тәуелді болумен тең. Құмарлықтың өзіндік белгілері бар. Ойынға құмарлықтан емделу біраз уақыт пен қаржыны талап етеді. Біз арнайы мониторинг жүргіздік, оның нәтижесінде 2015 жылдан бері Алматы қаласында құмар ойынның тұзағына түскен 266 адам көмек сұрады, Қарағанды қаласы бойынша 2018 жылдан бастап 7 адам және Астана бойынша 2017 жылдан бастап 46 адам қол ұшын созуға өтініш білдірді», - деді «Ренессанс» халықаралық қауымдастығының директоры Сергей Мавляев. Оның айтуынша, құмарлықтан арылтуға арналған сауықтыру процесі 2 айдан 1 жылға дейінгі уақытты талап етеді және бір айлық емделу құны шамамен 300 мың теңгені құрайды. Мамандардың мәліметіне қарағанда, ойын тәуелділігі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерт (ауру) классификаторына енгізілгініне қарамастан, құмар ойынмен әуестену мен оның қоғам үшін қауіптілігін реттеуді заңнамалық тұрғыдан жетілдіру керек. «Соңғы 4 жыл ішінде ойын клубтары мен мекемелеріне қатысты 234 қылмыс жасалған, оның ішінде 81 ойын мекемесіне шабуыл жасау, 53 тонау оқиғасы және тағы басқа. Үстіміздегі жылы құмар ойындарымен байланысты 6 қылмыс жасалды. Тағы бір айтып өтетін проблема - құмар ойын мекемелерінің ел аумағында заңды түрде тіркелмеуі, осы себептен бізге оларды бақылау бізге қиын. Бізде құмар ойынның жетегіне кеткендерге қатысты іс көптеп қозғалады. Мысал келтірсек Алматы қаласында кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірім ата-анасының рұқсатынсыз 2 млн теңгеден астам қаржыны букмекерлік кеңседе ұтысқа салып нәтижесінде жеңілген. Сол секілді өткен жылы Шымкентте құмар ойында қомақты ұтыстан айырылып, ызаға бөленген азамат өзінің анасын өлтірген. Осы секілді деректер жеткілікті», -деді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің басқарма төрағасының орынбасары Мақсат Байболов. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта аталған мәселені талқылау жалғаса беретінін айта келе, оның нәтижесінде жұмыс тобы құрылып нақты шешімдер қабылданатынын мәлім етті.

inform.kz
25 қаңтар 2019 ж. 914 0