Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бәс тігемін деп басың кетпесін

Бәс тігемін деп басың кетпесін

Кей дүкендерге кіре қалсаңыз «сары жәшікке» балдай үймелеген ер-азаматтарды яки жастарды көреміз. Мұндағы «сары жәшік» деп отырғанымыз – қазіргі заманғы ойын автоматы. Міне, дәл осы аппараттарға нәпақасын түгел салып жіберетін құмар ойын құрбандары аз емес. Әрине, әуелгіде кім болсын ұтыламын, бармақ тістеп қаламын деп ойламайды. Оңай жолмен олжа тапқысы келіп, бір теңгесін екі теңге қылуға асығады. Алайда, алма піс, аузыма түс дем арасында орындала салуы неғайбыл.
Хәкім Абай өзінің қара сөздерінде еңбек туралы көп жазғаны белгілі. Ондағы мақсат – қазақ жұртын жалқаулықтан сақтандыру еді. Мәселен, «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын» деген өткір жолдармен еңбексіздікті, талапсыздықты сынап, одан бойын аулақ ұстауға шақырады. «Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп адам саумақ – өнерсіз иттің ісі. Әуелі Құдайға сыйынып, екінші қайратына сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды» деп еңбекті Құдайдан кейін екінші орынға қояды. Сонымен қатар Абай еңбектің әлеуметтік жағдайларына, сипатына және мазмұнына да ерекше мән берген. Еңбектің сипаты мен мазмұнын көрсеткенде Абай баянды еңбек – егін салушылық, білім алушылық деген қорытындыға келеді. Ол «Түбінде баянды еңбек егін салған, жасынан оқу оқып, білім алған» деп тұжырым жасайды. Ғибратқа толы осынау ғақлиялар бірнеше ғасыр бұрын жазылғанымен әлі күнге дейін маңызын жойған жоқ. Керісінше Абайдың ақылға толы қазыналы қара сөзін оқымаған жастар күннен-күнге азып, тозып оңай жолмен табыс табуға үйірсектеп барады. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында «Жаңғырған қоғам жат әдеттерден біртіндеп арылуы керек. Ысырапшылдық пен даңғазалық қоғамның да, адамның да абыройын төгеді. Жауапсыздық, немқұрайдылық бүкіл елді қасіретке ұшыратады.
Ал бос сөзділік пен бөспелік, мақтаншақтық қоғамның дамуын тежейді. Биік мұратқа жетелейтін еңбек деген ұлы ұғымды әр азаматтың санасына сіңіргеніміз жөн» дей келе еңбекті ұлы ұғымға теңегеніне көптің көзі куә. Міне, осыдан кейін еңбекпен жеген нанның тәтті екенін қалай жоққа шығарамыз?
Өкініштісі, осыны ұғынбай жүргендер бар. Олардың барар жері – букмекерлік кеңсе. Бәс тігіп, барынан һәм пұлынан айырылады. Кейбіреуінің жолы болып, бір шала байып қалады. Әсіресе, мұндай бәс тігулер футболдан әлем чемпионаты болатын кезде қыза түседі. Ең сорақысы, құмар ойын жетегінде жүргендердің барлығын құрдымға жетелейді. Әуелі жақын-жуығының арасында абыройсыздыққа душар етсе, содан кейін қарызға батушылыққа әкеледі. Қаланы қайдам, Шиелінің өзінде бәс тігіп, басы бәлеге қалып жүрген бірен-сараң жігіттерді айтуға болады. Ал кейбір жандардың отбасы осындай ойындардан ойрандалатыны бар. Сөзіміз дәлелді болу үшін бір оқиғаны тілге тиек ете кетейін. Осыдан бір жыл бұрын жақын танысымызды тұрмысқа бергенбіз. Арада алты ай өткен соң ол «ажырасамынға» басып, қиғылық салды. Бар айтатын өкпесі күйеуім маған көңіл бөлмейді, үйге тым кеш келеді дегенге саяды. Ақыры не керек, ағайын-туыс әліптің артын бағып күтті. Бірақ кеше ғана ақ босаға аттаған қыз ажырасамыннан ойын өзгертер емес. Ал оған әулеттің ақсақалдары мен ақ жаулықты әжелері қарсы. Жас отбасыны сабырға шақырып, көндірумен әрі-бері әлекке түсті. Осындай әуре-сарсаңнан кейін қыздары бар шындықты жайып салды. «Бауыржанның басында қарызы көп. Күндіз-түні жолдастарының қасында жүріп, ойын ойнайды. Бір жарыс бола қалса, ақша тігіп, соның қорытындысын күтіп тағы жүреді. Ұтылып қалса, үйге келіп мені тоқпақтайды, менің қолымдағы бар ақшаны, одан қалса алтынды да тартып алды. Ол маған құмар ойын ойнауды доғарамын деп кездесіп жүргенде-ақ айтқан. Бірақ әлі сөзі іске аспады. Мен енді онымен тұрғым келмейді» деп көз жасына ерік берді. Екі жақ та үнсіз қалып, амалсыз еріндерін тістеді. Осылайша жас отбасы алты айдан кейін ажырасып кетті. Ал қазір сол жігіттің қайда, не істеп жүргенін ет жақындарынан басқа ешкім білмейді.
Иә, ойынның қызығына түскен талай жан зардабын тартады. Десе де, тапқан-таянғанын қалтасына салып, «құмарханаға» ала жүгіретіндердің қатарында ауылдың қара домалақ жастарының көбейіп бара жатқаны қынжылтады. Мұндайда кінәні тәрбиеге немесе заманға жабатыныңды білмей дал болады екенсің. Бірақ қай ата-ана баласының құмар ойынға құмартқанын қалайды дейсіз. Әлде біз арқасүйер асқар тауға балаған еркектердің жігері құмдай жасып, еріншектікке бой алдырып бара жатқаны ма? Жоқ әлде иманы әлсіреп, ар мен ұятты ысырып қойғаны ма? Әйтпесе қасиетті діннің өзінде құмар ойыны туралы тайға таңба басылғандай жазылмай ма? Хадисте «Әй, мүміндер! Арақ, құмар, тігілген тастар және бал ашатын оқтар лас, шайтанның істерінен. Одан сақтаныңдар, құтыларсыңдар. Негізінен шайтан арақта, құмарда араларыңа дұшпандық әрі кек салып, Алланы еске алудан және намаздан қалдыруды қалайда. Ал сонда да тыйылмайсыңдар ма?» деп, құмар ойынды мас ететін ішімдіктермен бір қатарға қойып, оның адамға, отбасына, қоғамға және моральға тигізетін кесірі бірдей екені көрсетіледі. Сондықтан шариғат адамға зиян келтіретін ойындардың бәріне тыйым салады.
Ал ойын бизнесі туралы заң адамдарға құмар ойындар мен бәс тігуге қатысудан өзін-өзі шектер құқығын беретін норма енгізген. Бұл өзгеріс аталған заң жобасына биылғы жылдың мамыр айынан бастап қосылды. «Құмар ойындарға шектен тыс тәуелділік бүкіл әлемде психикалық ауру деп танылған. Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі де мұны ауру деп танып отыр. Бұл норманың мәні құмар ойынға шамадан тыс салынып, қарызға белшесінен батқан адам өтініш жазып, өзін-өзі шектей алады. Осыдан кейін казиноға да, қандай да бір ұтыстарға, интернет казиноға да қатыстырмайды» дейді мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова. Байқағанымыздай, құмар ойынға қызыққан жандармен қоғамда, отбасыда, заң мен дінде қарсы күресуде. Бірақ бәс тігушінің құмарлықтан арыламын деген құлқы аз болып тұрғаны өкінішті. Ең бастысы бойындағы жаман қасиеттен дер кезінде арылса екен. Осы орайда ойымызға мына бір мысал оралып отыр.
Бір жас жігіт жаман әдеттерінен арылудың жолын сұрап бір данышпанға барыпты. Данышпан кісі оған «Сен ана бір жас шыбықты жерден суыршы» деді. Ол қиналмай-ақ суырып алады. Енді одан жуанын суыруын тапсырады. Ол досын көмекке шақырып қана орнынан қозғапты. Данышпан одан жуан ағашты көрсеткенде, тағы көп адам жиналып ырғаса да, орнынан қозғалта алмапты. Сонда данышпан «Көрдің бе?» депті. «Жаман дағдыдан бастапқы кезде құтылу жеңіл. Ол кезде оған өзіңнің де шамаң жетеді. Ал нашар қылықты көп уақыт қайталап, ол қанға әбден сіңгенде, көмекке қанша адамды шақырсаң да, бәрі кеш болады» деген екен. Не ұтарын, не ұтпасын білмесе де «ұтамын» деген ойға сүйеніп, қолындағы барын бәске тігіп, құмар ойынына қызығатын адамдар осы мысалдан үлгі алса екен.

Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА
08 қыркүйек 2020 ж. 864 0