Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Масыл болма, асыл бол

Масыл болма, асыл бол

Ал қазіргі «көкек-аналар» көңілге нала бұлтын үйіреді. Біздің қазақ қаншама тағдыр теперішін көрді, аштық­тың, ашаршылықтың, қуғын-сүргін­нің құрбаны болды. Сонда да ертеңгі күннен үмітін үзбеді. Ұрпақ үшін өмір сүрді. Сондықтан да қазақта «жетімді есіркеу, жесірді жылатпау» деген қағида үстемдік құрды. Ал қазір тасбауыр жетім көбейді. Тастанды балалардың саны артты. Нәрестелерін қоқыс жәшігіне, көшеге, қуыс-қуысқа тас­тап кетіп жатқан сондай жандарды «Ана» деп әспеттей аламыз ба? Олар да «мына өмірге перзент әкелдім» деп мақтанып, мерейлене ала ма?!.
Абай атамыз «Үшінші» қарасөзінде: «Һамма ғаламға белгілі данышпандар әлдеқашан байқаған: әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады, әрбір қай­ратсыз, қорқақ, мақтаншақ келеді, әрбір мақтаншақ қорқақ, ақылсыз, надан келеді, әрбір ақылсыз надан, арсыз келеді; әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, тыйымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады», – деп жазған.
Еңбекпен келген дәм тәтті болады. Дәметуде дәм болмайды. «Сұрамсақ, өзі тойымсыз, тыйымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар» тым көбейген қоғамның күйі қандай болады?
Төртінші сөзінде «Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ – өнерсіз иттің ісі. Әуелі Құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды», – дейді Абай.
Қазіргі қазақ қоғамына қарасақ, «қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ» тірлікпен жүрген жандар көп. «Құдай маған ештеңе бермей жатыр, неге мені көрмейді» деп босқа налып, салы суға кетіп жатқандар қаншама. Біржан сал айтқандай, «бай болмақ, кедей болмақ, Құдайдан-ды» дегендей, Жаратқан әр пендесіне тиісті несібесін береді-ау. Бірақ, азға алданып, адамдығын малданып, «Құдай береді» деп қарап жатқандар аз емес. Абай сөзін тиісінше тәпсірлесек, «Әуелі Құдайға сыйынып» дегені – әрекет қыл дегені емес пе? «Әрекет түбі – берекет» дейді дана халқымыз. «Өз қайратыңа сүйеніп» дегені – ақылың мен біліміңе, парасатың мен білігіңе сеніп, тағы да іс қыл дегені. «Еңбегіңді сау» деп отыр. «Жатпа, тоқтама, отырма» деген сөз.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы халыққа Жолдауының бірінде «Аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек. Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің болашағы зор. Көптеген позициялар бойынша біз әлемде ірі аграрлық экспорттық өнім өндірушілердің бірі бола аламыз. Бұл, әсіресе, экологиялық таза тағамдарға қатысты. «Made in Kazakhstan» бренді сондай өнімдердің эталоны болуға тиіс», – деп атап көрсеткен еді.
Елбасы «астық өнімдері бойынша біз Еуразияда «нан кәрзеңкесі» болуымыз керек. Шикізат өндірісінен сапалы өңделген өнім шығаруға көшу қажет. Тек сонда ғана біз халықаралық нарықтарда бәсекеге қабілетті бола аламыз», – деген-ді.
«Еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды!». Осыған терең мән беріп байқайықшы. Қара жер – қасиетті ұғым. Қазақстанда Құдайға шүкір, игеремін деген адамға, жер жетеді. Мың гектарлап демей-ақ қояйық, есігінің алдындағы бес-алты сотық жерін қайратына сүйеніп, игеріп жатқан қанша қазақ бар?!.
Бір нәрсені анық ескеру қажет. Бізде бір-ақ мемлекет бар. Бұл – Қазақ елі. Оның іргесін шайқауға ешкімнің құқы жоқ. Зайырлы ел болған соң, әркімнің өз көзқарасы, өз ұстанымы бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та әрбір азаматтың пікірін білдіруге құқы бар екендігін айтып отыр. Бұл ретте өзара іс-әрекеттер конструктивті диалог форматында болуы тиіс екенін ескертті. «Азаматтар тарапынан айтыл­ған наразылықтарға қатысты айтар болсам, онда диалог форматын түбе­гей­лі түрде ұсынуы тиіс деп санаймын. Мен Қоғамдық сенім комитеті құры­латындығын бұған дейін айттым. Оның құрамына біздің қоғамның түрлі топта­ры­ның өкілдері кіреді және онда біз пікір алмаса аламыз. Менің түбегейлі ұстанымым: түрлі пікірлер бола алады, бірақ, бізде ұлт біртұтас. Пікір әр түрлі, халық – біртұтас», – деді.
Кез келген елдің экономикасының негізі – шағын және орта кәсіпкерлік екені белгілі. Ал бұл орта тапты орнық­ты­рады.
Қазақстанда шағын және орта биз­нес­ті дамытуға байланысты шаралар Елбасы Н.Назарбаевтың 1997 жылы 6 наурызда қабылдаған «Шағын және орта кәсіпкерлікке мемлекет тарапынан қолдау көрсетуді жеделдету шаралары» деген қаулысынан басталды. Сосын «Шағын кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау туралы», «Жеке кәсіпкерлік туралы» заңдар қабылданды. Шағын және орта кәсіпкерлікке қолайлы жағдайлар жасау үшін, қаржылай және ақпараттық қамтамасыз етуді жетілдіру мақсатында Елбасы «Қазақстан Рес­пуб­ликасында шағын кәсіпкерлікті қол­дау мен дамытудың басымдықтары мен аймақтық бағдарламалары туралы» пәрмен берді.
Өнеркәсібі дамыған елдерде шағын кәсіпкерлік үлесіне барлық жұмыспен қамтамасыз етілгендердің 50-60 пайызы және жаңа жұмыс орындарының 70-80 пайызы келеді. Жапония, Германия, Бельгия, Италия сияқты елдерде шағын және орта бизнес олардың барлық кәсіпорындары санының 90 пайыздан астамын құрайды, көптеген дамыған елдерде олар ішкі жалпы өнімнің 50 пайыздан астамын береді.
Шағын және орта бизнес 2050 жылға қарай Қазақстанның ішкі жалпы өнімінің қазіргі 20 пайызы орнына кемінде 50 пайы­зын өндіретін болады. Еңбек өнімділігін 5 есеге – қазіргі 24,5 мыңнан 126 мың долларға дейін арттыру көзделіп отыр.
Елбасы «Біз ішкі жалпы өнім көлемін жан басына шаққанда 4,5 есе – 13 мың доллардан 60 мың долларға дейін арттыруымыз керек. Қазақстан халық құры­лы­мында орта тап үлесі басым елге айна­лады. Урбанизацияның жаһандық үрдісіне орай қалалық тұрғындар үлесі барлық халықтың қазіргі 55 пайызынан 70 пайызд­­­ай деңгейге дейін өседі», – деген-ді.
Осыдан бір ғасыр бұрын Ахмет Байтұрсынұлы «Басқадан кем болмас үшін білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек», – деп халыққа нақты бағыт сілтеген болатын. Уақыт алға озған сайын осы «үш керектің» орны белгі беріп тұрады.
Бізге бәсекеге төтеп берер бизнес-қабілет керек. Бизнесте бәсекелі ұлтқа айналғанда ғана берекеміз кіреді.
Құдайға шүкір, жаңа ғасырды қазақ үл­кен серпінмен бастады. Үнемі қорқы­ныш пен үрейден еңсесі түскен ұлт тұң­ғыш рет басын көтерді. Жаңа ғасырға жасам­паздықпен қадам басты. Соның ең басты көрсеткіші – Нұр-Сұлтан. Қазақ қазақ бол­ғалы өз астанасын өз қолымен тұрғыз­ды. Қазір тіл ұшына жиі үйіріліп, қайта-қай­та айтыла берген соң, көбіміз мән бер­мейміз. Алайда, ХХІ ғасырды қазақ халқы тыныштық пен тұрақтылық жағдайында, үрейлі үркіншіліксіз, жойқын жортуылсыз, мамыражай қалыпта бастап отыр.
Абайға жиі жүгінген абзал. «Қазақ­тың жаманшылыққа үйір бола бере­тұ­ғынының бір себебі – жұмысының жоқтығы. Егер егін салса, я саудаға салынса, қолы тиер ме еді? Ол ауылдан бұл ауылға, біреуден бір жылқының тайын мініп, тамақ асырап, болмаса сөз аңдып, қулық, сұмдықпенен адам аздырмақ үшін, яки азғырушылардың кеңесіне кірмек үшін, пайдасыз, жұмыссыз қаңғырып жүруге құмар. Дүниелік керек болса, адал еңбекке салынып алған кісі ондай жүрісті иттей қорлық көрмей ме? Өзінің кәсібін тастап, кезегендікке салына ма?», – деп тереңнен толғайды қазақтың қазыналы қариясы.
Елбасымыз «Қазіргі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекелік қабілетін арттырса ғана табысқа жетуге мүмкіндік алады. Бәсекелік қабілет дегеніміз – ұлттың аймақтық немесе жаһандық нарықта бағасы, я болмаса сапасы жөнінен өзгелерден ұтымды дүние ұсына алуы. Бұл материалдық өнім ғана емес, сонымен бірге, білім, қызмет, зияткерлік өнім немесе сапалы еңбек ресурстары болуы мүмкін. Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады», – деп ХХІ ғасырдың дүние дидарындағы ең басты талапты алға тартты.
Кез келген қазақстандық «Пайдасыз, жұмыссыз қаңғырып жүруге» неге құмармыз?» деп терең ойлануы тиіс. Адамзат көшінде алға озып кеткен 30 елдің қай-қайсысына қарасаңыз да бәсекелік қабілет мықтап шыңдалған. Ешқайсысы еңбектен қашпайды. Қайта оза шауып, төске өрлеген сайын өрше­ле­не жұмыс істейді.
Оңтүстік Корея парламенті жақында 68 сағатқа созылатын жұмыс аптасын қысқартуды ұйғарыпты. Демек, бұл ел аптасына 6 күн, әр күні – 11 сағаттан астам жұмыс істеп келді деген сөз. Қа­зір­гі таңда корейлер тек 52 сағат жұмыс істейді екен, оның 40 сағаты мін­дет­ті жұмыс уақыты болса, 12 сағаты үстеме жұмыс уақыты.
Оңтүстік Кореяның еңбек заңна­ма­сы­на енгізілген өзгеріс биылғы шілде айында күшіне енді. Негізінен алғанда жұмыс уақытын қысқарту мәселесі ең алдымен елдегі ірі компанияларға қатысты. Келе-келе мұндай талап жеке­мен­шік кәсіпорындарға да қатысты қабыл­дануы мүмкін көрінеді.
Жұмыс аптасын қысқартудың түпкі себебі неде? Елдегі экономикалық өсім тұсында Оңтүстік Кореяның демогра­фиялық ахуалы нашарлай түскен. Бала туу көрсеткіштері төмендеп, жұрттың бәрі «жұмыс-жұмыс» деп жанталасып өмір сүретін болған. Жаңа жұмыс аптасы 40 жұмыс және 12 үстеме жұмыс уақытынан тұрады екен. Алпауыт кәсіпорындар бұрынғы өндіріс көлемін сақтап қалу үшін шамамен 11 мил­­­лиард доллар жұмсайды. Әйтсе де, еңбек өнімділігіне бұл өзгерістер қатты әсер ете қоймайды. Есесіне жұмыссыздар саны азаяды.
Біздің ел озық 30 елдің қатарына кіруді мақсат тұтып отыр. Бәйгеде арттағы ат топтың алдына шығу үшін барын салады. Ал ел мен ел жарыс­қан­да озатын ел жанын салады. Осы жан салысып жұмыс істеуге келгенде қаншалықты табандымыз? Абай көрсеткен «кезегендік» қалыптан аса алдық па?!.
«Осы күнгі қазақтың іске жараймын дегені өзінің азды-көптісін біреуге қоса салып, «көре жүр, көздей жүр» деп басын босатып алып, сөз аңдып, тамақ аңдып, ел кезуге салынады», деген дананың қарттың байламы арада жүз елу жыл өтсе де өзгеріссіз қалуына қайран қаласыз!
Қазақстанда Еңбек күні 2013 жылдан аталып өтеді. Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел азаматтарын Еңбек күнімен құттықтады. «Біз Қазақстанның даму жолында күш-жігерін жұмсап, жетістікке жеткен барша еңбек адамдарына лайықты құрмет көрсетеміз. Әсіресе ардагерлерімізге айырықша алғыс айтамыз. Еңбек – бәрін жеңбек. Әрбір еңбек бағалы! Біз еңбекқор ұлт болуымыз керек», деп жазды Қ.Тоқаев әлеуметтік желідегі парақшасында.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, осы мәселеде жатыр. Ұлт жаппай еңбекқор болғанда ел еңсесі биіктейді. Ешкім ешкімге алақан жаймайды. Масылдық пиғыл жоғалады. Сондықтан халқымыздың «Масыл болма, асыл бол!» деген ақ батасы кез келген қоғам мүшесінің қаперінде болғаны жөн.

Нұртөре ЖҮСІП,
Парламент Сенатының депутаты
(Соңы. Басы №83,84 газетте)
02 қараша 2019 ж. 1 062 0