Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Мұқтаждық пен масылдық

Мұқтаждық пен масылдық

Қазақ тәуелсіздігін алып, ел болып еңсе тіктегелі әлеуетімізді арттыру үшін еңбек етіп келеді. Сандық жүйеге негізделген технологиясы жетік дамыған отыз елмен терезе теңестіруді мақсат тұтсақ, оның да ең алғашқы баспалдағы сол еңбек.
Күнделікті тіршіліктің қамымен Шиелі аудандық әкімдігі жанынан жиі өтемін. Алдынан адам үзілмейтін сол әкімдікте ұзын сонар кезекте тұрған тепсе темір үзетін азаматтардың бірі жұмыссыздығын, енді бір әйел заты тұрмыс жағдайының нашарлығын немесе түрлі қиындығын айту үшін келеді. Күнара осы жайды көрген сайын «Қу дүние кімге жеткен» деген ойға батамын. Бір күні осы жол бойында аяғын әзер көтеріп, енді ғана тәй-тәй басқан баладай жасөспірім бойжеткен кетіп барады. Аяғын ырқына күштеп көндірген өрімдей қыздың бетіне қарасаң, қиындықтың табында көрмейсің. Өмірге ерекше көзқараспен қарап, жүзін нұрлы күлкімен көмкеріп алған. Ақырындап қасына аяңдап, әңгімеге тарттым. Ондағы ойым мұндай күйге қалай тап болғанын білу. Жанына жара салып аламын-ау деп әрненің басын бір шалып, алыстан орағытқан менің ойымды айтқызбастан ұқты.
– Бала кезімде ауруханада анализ алу үшін омыртқамнан сары су алған екен. Содан кейін аяқтарым бүгіліп, жүруге икемделмей қалды. Өзбекстан жеріне екі мәрте барып, ем алдым. Тағы да ем алу үшін қаражат жинап жатырмыз. Алайда, бүгінгі күніме шүкір деймін. Бастысы өз аяғыммен қара жерді басып жүрмін, – деп жымия қарады бетіме. Қыздың ата-анасының телефон нөмірін сұрап алып хабарласқанымда шешесі «Шамамен 400 мыңдай қаражат табу керек» деді.
Бойжеткенге сол кезде біреуге масыл болмай өз күшіңмен еңбектену керектігін ұқтырып кетті. Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп «Масыл болма, асыл бол» атты мақаласында «Абай атамыз «Үшінші» қарасөзінде: «Һамма ғаламға белгілі данышпандар әлдеқашан байқаған: әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады, әрбір қайратсыз, қорқақ мақтаншақ келеді, әрбір мақтаншақ қорқақ, ақылсыз, надан келеді, әрбір ақылсыз, надан арсыз келеді; әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, тыйымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады», – деп жазған. Еңбекпен келген дәм тәтті болады. Дәметуде дәм болмайды. «Сұрамсақ, өзі тойымсыз, тыйымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар» тым көбейген қоғамның күйі қандай болады?» деп жазыпты. Расында, қой бағып күнкөруге намыстанатын жалқаулардың «мемлекет жұмыс бермейді» деп масылдық санаға бейімделуі қоғамды кері тартпай ма?
Жоғарыда айтқан мақалада «Қазіргі қазақ қоғамына қарасақ, «қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ» тірлікпен жүрген жандар көп. «Құдай маған ештеңе бермей жатыр, неге мені көрмейді» деп босқа налып, салы суға кетіп жатқандар қаншама?! Біржан сал айтқандай, «Бай болмақ, кедей болмақ, Құдайдан-ды» дегендей, Жаратқан әр пендесіне тиісті несібесін береді-ау. Бірақ азға алданып, адамдығын малданып, «Құдай береді» деп қарап жатқандар аз емес. Абай сөзін тиісінше тәпсірлесек, «Әуелі Құдайға сыйынып» дегені – әрекет қыл дегені емес пе? «Әрекет түбі – берекет» дейді дана халқымыз. «Өз қайратыңа сүйеніп» дегені – ақылың мен біліміңе, парасатың мен білігіңе сеніп, тағы да іс қыл дегені. «Еңбегіңді сау» деп отыр. «Жатпа, тоқтама, отырма» деген сөз» деген жолдарын оқығанда дана Абай бүгінгі күнді дәл болжағандай көрінеді. Ойымды ғана емес, өмірімді өзгерткен сол бойжеткенге орайын келтіріп қол ұшын беруге бекіндім. Алдағы уақытта аяғын нық басып, қиналмай қадам жасауы үшін дұға-тілегіме де сол қыз баланы қоса жүремін...

Ербол Жеңсікбаев,
кәсіпкер
12 қараша 2019 ж. 1 039 0