Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Құмар ойынға құмартпа

Құмар ойынға құмартпа

Құмар ойын – адамның біліктілігіне қарағанда, сәттілік арқылы жүзеге асатын, жеңіл жолмен байлыққа кенелудің бір түрі. Алайда, бұл оңайлықпен келетін нәрсе емес. Себебі, құмар ойындардың заңдылығы да осында. Әуелі ұйымдастырылған сәттілікпен жеңіске жеткен ойыншы, қанағатсыздық танытып, олжасын еселегісі келеді. Әйткенмен, адам ақыры соңында қалай болмасын жеңіліске ұшырауы шарт. Барынан айырылғанымен қоймай, келесі жолы айым оңынан туады деген соқыр үміттің арбауында қалып, құрдымға кететіндер де аз емес.
Соңғы жылдары етек жайған бұл кесапат күн өткен сайын ондаған жастарды тура жолдан тайдырып, қарызға белшесінен батыруда. Қазірдің өзінде елімізде заңды түрде 16 казино тіркелген. 8 ойын автоматы залы, 37 букмекерлік компания, 2500-ге жуық ставка қабылдау пункті мен бір тотализатор бар. Казиноның жылдық айналымы 810 млн долларды құраса, букмекер мен тотализаторлардың табысы 162 млн АҚШ долларына жеткен. Бұл тіркелген, заңды орталықтардың ғана есебі. Дегенмен, қай қалада болмасын кез-келген дүкеннің алдында, үлкен сауда үйлерінде автоматтар үймелеп тұрады. Күнде көріп, біліп жүргенімен, жанынан мән бермей өте шығамыз. Бұларды тексеріп, қарап жатқандар да жоқ. Бірен-сараң ғана құзырлы органдардың көзіне түскені болмаса, айыпталмағандары қаншама.
«Құмар» негізі арабша сөз, бірақ аятта құмар сөзі емес «майсир» сөзі келтірілген. Бұл сөз жеңіл жолмен мал табу мағынасын білдіреді. Әлемге әйгілі «FedEx» жеткізу қызметі компаниясының басшысы ­Фридрих Смит осылай ойласа керек. Ол өзінің компаниясы банкроттықа ұшырамас үшін соңғы 5 мың долларын «Вегас» ойынханаларына тігіп, 27 мың доллар пайда тапқан. Осылайша өзінің шағын компаниясын аяққа тұрғызыпты. Осындай аздаған мысалдарға көзі қызыққан қанша адам бармақ тістеп қалды десеңші.

Шешімін тапқан шетелдіктер
АҚШ-тың бірнеше штаттарында құмар ойынға деген әуестігі шектен шығып кеткен азаматтар өзін заңды түрде шектей алатын көрінеді. Мәселен Огайо штатында «Өз еркімен шектеу» деген бағдарлама бар. Бағдарламаға сай құмарға салынған ойыншы өзін бірнеші жылға немесе өмірбақи шектей алады. Бұл келісімді бұзған жағдайда оған қылмыстық жаза қарастырылған.
Ал Францияның Монако қаласындағы «Монте-Карло» ойынханасы ойыншылар үшін жұмақ мекен деседі. Бірақ Монока тұрғындары үшін емес. Себебі 1800 жылдары ханшайым Кэролайн Монаколық азаматтарға құмар ойын ойнауға тыйым салған. Сол сәттен бастап қазірге дейін Монакалақ тұрғындар Монте-Карло ойынханасында ұтыс тіге алмайды. Есесіне тұрғындар табыс салығынан босатылып, оның орнын шет елдік ойыншылардан түскен табыстың есебінен азаматтардың салықтары төленеді.
Соңғы айлары айтылып жүрген өзін-өзі банкрот деп жариялау заң жобасының да аталған заңдарға ұқсастығы бар секілді. Егер үкімет басындағылар ниет білдірсе, құмар ойынға қатысты дәл осындай заң қабылданса құба-құп болар еді.

Р.БЕКТҰРҒАНҰЛЫ
29 наурыз 2022 ж. 618 0