Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Лудоманияға шалдыққандар артып барады

Лудоманияға шалдыққандар артып барады

Бүгінде оңай олжа іздеп, қолдағы барын бәске тігетін жас та, жасамыс та көбейді. Өйткені, олар бұл мол табысқа кенелудің бірден-бір жолы деп санайды. Тіпті талай жан қалтасындағы соңғы тиынын санап, букмекерлік кеңсеге барып, сол мекемелерде түнейтін халге жетті. Бұл бер жағы ғой, бір-ақ күннің ішінде байып кетемін деп өз-өзін алдарқатып, жора-жолдастарынан қарыз алып, қайтара алмай жүрген жандар қаншама?! Сөйте тұра, олар букмекерлік кеңселерді жағалауын қояр емес.

Тек ол ғана емес, өкінішке қарай, үйді-үйге жиналып, бәс тігіп, карта ойнаушылар да жетерлік. Оған не себеп? Оңай олжа қайда бар? Бұндай ойындардың азартына кіріп алған жандар барлық тапқан-таянғанын бала-шағасының аузынан жырып алып, бәске тігуге де ерінбейді. Алайда, одан байып кеткен адам кемде-кем. Керісінше, тақырға отырып, сан соғып қалғандары көп.
Құмар ойындарға тәуелді адамдарды «лудоманияға шалдыққандар» деп атайды. Ал ондай жандар бәс тігуді әлеуметтік, материалдық, кәсіби және отбасылық құндылықтардан да жоғары қояды. Мамандар осылай дейді. Негізінен, лудоманияға шалдыққан адамдардың өмірге деген құлшынысы төмен болады. Сондай-ақ олардың дені жалғыздыққа бейім келеді.
– Лудомания – аурудың бір түрі. Сол себептен мұндай науқасқа шалдыққан жандар жалған сезімнің жетегіне жиі еріп, оңай олжаны қайдан тапсам екен деп шарқ ұрып тұрады. Негізінен ойынқұмар адамдар бір рет ұтып алса, осы жетістігін ылғи қайталай бергісі келеді. Нәтижесінде тәуелді болып қалады. Соның салдарынан оның бойында үрей, қорқыныш, жек көрушілік, өкініш, реніш сезімдері қалыптасады. Сөйтіп ол бірте-бірте туған-туыстары мен достарынан алшақтай бас­тайды, – дейді психолог Л.Төлешова.
Лудоманияға шалдыққан науқастар «жеңілісті» мүлдем көтере алмайды. Сол себептен олар өмір жолында кездесетін қиындықтарға төтеп бере алмай, өз-өзіне қол жұмсауға бейім болады. Ал мұндай жағдайға тап болған науқасқа дәрігерлер мен арнайы мамандардың көмегі ауадай қажет.
– Алғашында картаға достарыммен бірге келіп жүрдім. Сөйтіп мұнда келетін жігіттердің бірнеше сағат ішінде қомақты қаржы ұтып алатындарын көріп, қызығушылығым оянды. Бір күні мен де қалтамдағы соңғы ақшамды бәске тіктім. Содан не керек, жолым болды. Ұттым. Ақшам еселенді. Сол күні «Шүкір. Бағым жанды» деп үйге қайтып кетсем де, бұл жаққа жиі бас сұғатын болдым. Әйтеуір, бірде ұтып, бірде ұтылып жүрсем де бұл әдетімді қоя алмадым. Ал мұның соңы жақсылыққа апармады. Уақыт өте келе мен достарымнан қарызға ақша сұрап, бәс тігетін болдым. Осылайша бірнеше айдың ішінде таныстарымның алдында қадірім кетті. Енді сол күндер қайтіп келсе, мұндай қадамға бармай тұрып, ақыл таразысына салып ойланатын едім, – деп өкінішін білдірді Қанат (тегін айтқысы келмеді) есімді азамат.
Иә, карта ойыны бір кездері еріккен егде кісілердің ермегі болса, бүгінде таңды-таңға ұрып, картаны «шытырлатудан» жалықпайтын жап-жас жігіттерді көргенде көңілің түседі. Бұл такси қызметкерлерінің де уақыт өткізетін, бір жағынан оңай ақшаға кенелетін тәсіліне айналғаны да қашан.
Бүгінде Оңтүстік және Солтүстік Корея, Қытай, Түркия мен Израиль, Сауд Арабиясы мемлекеттерінде бәс тігуге мүлдем тыйым салынған. Егер заңға бағынбайтын болсаңыз, айыппұл төлеуге міндеттелесіз. Ал бізде ше? Бізде 21 жасқа толмаған адам букмекерлік кеңселерге кіре алмайды. Сондай-ақ заң талаптарына сәйкес, бәс тігушінің жасы міндетті түрде жеке куәлігі арқылы тексеріледі екен. Бүгінде Шиеліде «1xbet» сынды букмекерлік кеңсе жұмыс істейді. Ал өзге ойын орталықтары онлайн қызмет көрсетуге көшсе, кейбірі лицензиясынан айырылған. Букмекерлік орталықтардың жайы түсінікті. Ал қайдан шығып, қайдан келгені белгісіз карта ойынының құмарына кіріп кеткендерді қайтпек керек? Отбасының берекесін қашырып, уақытын босқа өлтіріп, қалтасын қағып тұрып ойнайтын құмар ойыншыларға бір тосқауыл қажет-ақ. Мүлдем жойып жіберу мүмкін емес, әрине. Ең болмаса жас жігіттердің карта мен кеңсенің жетегінде кетуін амалын тауып тоқтатсақ игі. Бәс тігіп, өсіммен пайда табуға ислам діні де қатаң тыйым салады емес пе?!

Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ


27 наурыз 2020 ж. 611 0