Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Құмар ойын құрдымға тартпасын

Құмар ойын құрдымға тартпасын

Сөздері сан ұрпаққа сабақ болған данышпан Абай Құнанбаевтың мағыналы өсиеттері әлі күнге қазақ қоғамында құнын жоймай келе жатыр. Тақырыбымызға арқау болған сол сөзінің біріне арнайы тоқталсақ. Данышпан абай бір өлеңніде «Құмарланып, шаттанба, Ойнап босқа күлуге» деп толғанбай ды ма? Абайдай дананың,дараның жан толқынысынан туған сол бір өлең жолдарындағы құмарлық бүгінгі қоғамның дендеген дертіне айналып бара жатқан секілді.
Бүгінгі күні қоғамда құмарлық ойынға құныққан жастардың саны белең алып бара жатқаны өкінішті. Жастар дейміз-ау... Олардың қатарында ата сақалы ауызына жеткен егде жастағы үлкендеріміздің де саны артып келе жатқаны қынжылтады. Құмар ойынға бәс тігілетін кез-келген ойын түрі жататынын ескерер болсақ қазіргі таңда қарапайым ауылдағы ьірқатар үлкенді-кішілі буындар жұмыстан тыс уақыттарында жиналып, таң атқанға дейін карта ойнауды әдетке айналдырғанын көзіміз көріп, құлағымыз естіп жүргенін кімнен жасырамыз? Картаға алдан ба, құмарлан ба , деп құмар ойыннан қашық жүруді насихаттап жүрген біздерге ендігі әлемжелідегі атын атап, түсін түстеуі қиын небір бәс тігілер ойындардың жаңбырдан кейінгі саңырау құлақтай қаптай жөнелгені жығылғанға жұдырық іспетті болғаны да рас.Мұнан бөлек букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың торына түскен жастар жеңіл жолмен қомақты ақша табамын деп, адал еңбекпен тапқан нәпақаларын желге ұшырып жатқанын да күнделікті өмірімізде кездестиіріп жүргеніміз күйіндіреді. Осы құмар ойынның соңында жүріп абырой-беделінен, отбасынан айырылып жатқан жандар қаншама? сүйінетін емес күйінетін әдеттерден арыла алмай келе жатырмыз. Бұған кім кінәлі?

Жанарды жаулаған жарнама
Қазір қолыңызға телефонды алып, қай әлеуметтік желіні ашып қарасаңыз да жанарды жаулаған букмекерлік кеңселердің жарнамасынан көз алып жүре алмайсыз. Мысалы «YouTube» желісінен көңіліңіз қалаған видеоны көрмек болсаңыз, қызылды-жасылды жарнамасы жарқыраған, сан түрлі казино мен букмекерлік ұйымдардың қол бұлғай шақырған жарнамалары экран бетінен менмұндалап шыға келеді. Мұны көрген жастардың санасы уланып, ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүріп қалта қампайтқысы келетіні де белгілі. Жалпы айтқанда, ойынханалардың табалдырығын аттамай-ақ қолыңыздағы ұялы байланыс құралының көмегімен-ақ құмар ойындардың желідегі жарнамасына желігіп, кейін бүлініп жүрген тағдырлар қаншама? Оны ескеріп жатқан кім бар? Атғдырға ғана артып, қол қусырып отыру қаншалықты дұрыс?
Мамандар не дейді?
Өткен жылы экс-депутат Дана Нұржігіт букмекерлік кеңселерді жарнамалауға тыйым салу мәселесін көтерген болатын. Оның айтуынша, жарнама туралы заңға сәйкес Қазақстанда казино мен интернет-казино қызметтерін жарнамалауға тыйым салынады. Бірақ букмекерлік кеңселердің қызметтерін жарнамалауға тікелей тыйым жоқ. Сондықтан мұндай компаниялардың жарнамалары интернетте агрессивті түрде алға жылжуда. Осы фактіні ескере отырып, букмекерлік компанияларды жарнамалауға толық ­тыйым салу бойынша қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу қажет, – деді ол.
Кейбір деректарға назар салар болсақ, елімізде соңғы жылдары 350 мыңнан астам азамат құмар ойынның жетегінде кеткен болса, олардың туған-туыс,дос-жаран, айналасындағы таныстарынан алған орташа қарызы 100 млн теңгеден асып жығылады екен. Тағы бір өкінішпен, қынжылыс пен қалам тербей отырып, келтірер дерек-елімізде бақытымыз баянды, болашағымыз жарқын болады деген үмітпен шаңырақ көтерген 10 жұптың 7-еуі осы құмар ойынның кесірінен ажырасып кетеді екен.

Желіктірген – Әлемжелі
Құмар ойын десе көзіңізге Қапшағай мен Бурабайдың элиталық казинолары елестеуі мүмкін. Бұл аталған қалалардағы ойын ошағы болашағы бұлыңғыр тартып, келешегі құрдымға кеткен құрбандардың ­басты ордасы десек те болады. Қазір қолыңызда ұстап жүрген ұялы телефон арқылы бірнеше құмаройын түрлері пайда болған. Мысалы, «Олимп», «Самолет», «Казино» қосымшаларын осындай санатқа жатқызуға болады. Бұған қоса соңғы кездері «Тик-ток» желісі арқылы онлайн картаның ойнатылып жатқаны біздің көтеріп отырған мәселені тіптен күрделендіріп жібергені көпшілікті қынжылтады. Осы жолдар авторының бір танысы қолындағы ұялы телефон арқылы бәс тігетін ойын ойнап, 3-4 миллион теңге көлемінде қарызға батты. Қарызын өтеу үшін қайта қарыз алып, тапқан табысын осы құмар ойынға жұмсап жүр. Жалпы құмар ойын дінде де, ділде де құптамайтын дүние. Ол тұлғаны адами құндылықтан, сенім мен үміттен, өзінің жақындарынан жырақ қылады. Бұны өмірдің өзі дәлелдегені қашан!

Еңбексіз мал дәметкен – қайыршылық
– Мен құмар ойынын алғаш рет ұялы телефондағы «Олимп» бағ дарламасы арқылы ойнадым. Шамама қарай бірінші кездері 500-1000 теңге аралығында бәс тігіп, ермекке балап жүрдім. Алайда уақыт өте тіккен бәстерім арқылы жолым болып, көп ақша ұта бастадым. Тым тәуір-ақ көлемді ақшаға кенелген соң тіпті ойым екі ұдайы бұзыла бастады. Бәс тігу үшін көлемді ақша сала бастадым. Тіккен салымдарымнан 300-400 мың теңгеге дейін ақша ұтып, құмар ойынның шырмауына әбден шырмалдым. Ойынды ермек үшін ойнап жүріп, қалай құмарлығым артқанын, тіпті бұған тәуелді болып қалғанымды байқамай қалдым. Осы ойынның кесірінен жақындарым мен достарымның сенімінен айырылдым. Иә, іштей өкініштерім көп. Жастарға айтқым келетіні мен жасаған қателіктің ізін кейінгі буын баспаса екен деймін. Жеңіл жолмен тапқан ақша ешқашан пайда алып келмейді, – дейді бізбен сұқбаттасудан кет әрі болмаған аудан тұрғыны Қадір Мұқанбетов.

Құмарлық емделе ме?
Қазіргі таңда құмар ойынның шырмауына іліккендердің дені 25-35 жас аралығындағы жастар болып келеді. Өкінішке орай арасында 18 жасқа енді толған азаматтар да баршылық. Еліміздегі құмар ойын мен ішімдікке салынғандарды емдейтін «Komek­centеr» орталығының директоры, психолог Нұрлыбек Тұрсынбековтың айтуынша, есірткі мен ішімдікке салынған адамдарға қарағанда құмар ойынға салынған азаматтарды емдеу әлде қайда қиынға соғады екен. Бұған ойыншылардың психикалық көңіл-күй ауытқушылығына ұшырау фактісі себеп болса керек. Емханаға емделуге келген құмар ойыншылармен аддиктолог, психотерапевт, психолог, әлеуметтанушы, педагог мамандар бір жылға дейін жұмыс істейді – дейді.
Иә, бәс тігетін ойынға деген құмарлығын асқындырып, қулығын жасырып жүргендердің көбі соңында өмірге деген көзқарастары өзгеріп, «лудамания» деп аталатын дертке шалдығатынын білмесе керек. Психолог мамандардың айтуынша бұл дертке шалдыққандардың 40 пайызы өкінішке орай соңында өз-өзіне қол жұмсап тынады екен.

P.S.
«Адам боп келдім өмірге, адам боп кету парызым» демекші, әр адам өз өмірінің бағбаны. Оны қалай әсемдеп, гүлдендіру өз қолында. Сондықтан, адами құндылықты алға тартып, қарапайымдылық деген қағиданы берік ұстанып, ізденіс пен талпынысты, білім мен ғылымды бойына сіңіріп өскен жан, жеңіл жолдан тапқан табысқа алданып, құмарлық деген пәлекеттен аулақ болары сөзсіз.

Дархан БАЙТІЛЕС
16 ақпан 2023 ж. 538 0