Желікке ерген «жеңімпаз» емес
Қазір құмар ойынның құрбанына айналғандар көп. Елдегі казино біткенді жұрт көзінен жасырып, қала сыртына көшіргенімен, амалын тауып астыртын жұмыс істейтіндер карта ойындарының компьютерлік баламасын тауып, адамдардың санасын улап жатыр. Қысқасы, «біреу тойға айналғанда, біреуі қойға айналыптының» кері келгендей. Олай дейтініміз, құзырлы орындар казиномен күрес жүргізіп жұрттың назарын сол жаққа аударып жүргенде құмар ойынның да түр-түрі шыға бастады. Ең сорақысы, оларды ұйымдастырушылар өз «кәсібін» ашықтан-ашық жарнамалауға көшті. Тіпті, мемлекеттік және халықаралық жарыстарды букмекерлік кеңселердің демеушілігінсіз өткізе алмайтын күйге жеттік.
Бәрі көлденең табыстан басталады
Осы күні әлеуметтік желіге кірсең болды, букмекерлік кеңселердің жарнамасы жылтыңдап алдыңнан шыға келеді. Ал есік алдындағы шағын дүкендердің ішіндегі қаз-қатар тізілген ойын автоматтарында қашан көрсең де кісі қарасы үзілмейді. Бос қиялға берілген егде жастағылар да жастардан қалыспайды. Техника тілін түсінбейтіндердің өзі миллиондаған ақша ұтысына сеніп лоторея билеттері үшін барын беретін болды. Мәселен, Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, былтыр қаңтар-қыркүйек аралығында қазақстандықтардың құмар ойынға салған қаражат көлемі 456,2 млрд теңгені құрапты. Бұл оның арғы жылмен салыстырғанда 8,5 есеге көп екенін көрсеткен. Ал осы қаражаттың үштен бір бөлігі шетелдік бәс тігу компанияларына құйылған екен. Мұндай ойындар көрсеткіші спорт, мәдениет, өнер саласындағы көрсеткіштерден де асып түскен. Биыл жарты жылдың өзінде құмар ойындар мен бәс тігуді ұйымдастыру бойынша қызмет көлемі 294,4 млрд теңгені құрап, былтырғы 6 аймен салыстырғанда 8,3 есе артыпты. Осының өзі қазір құмар ойындарға құныққандардың қатары жыл санап көбейіп отырғанын көрсетеді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы құмар ойындарға тәуелділікті «психикалық дерт» ретінде қарастырады. Яғни, ойынқұмарлық нашақорлық, токсикомания және алкоголизммен қатар эмоционалды тәуелділікке жол ашатынын мойындайды. Психологтердің пайымынша, тәуелділікке түсіретін кез келген құбылыс құмарлыққа жетелейді. Тіпті, құмар ойынға тәуелділік героинге қарағанда күшті болатын көрінеді.
Дауасы жоқ дерт
Ойынқұмарлыққа салынатындардың дені бастапқыда өздеріне толық сенімді болғандар. Психолог Балабек Сақтағанов «Алдыма келген емделушілердің көбі өзін толықтай бақылауда игеріп тұрғанына, кез келген уақытта ойынды тоқтата алатынына, ойнағысы келмесе тастап кетуге қауқары жететіндей алдамшы түсінікте болғандар. Көп адам өзін асыра бағалағандықтан, шектен шығып жатады» дегенді айтады. Оның сөзінше, осындай түсініктегілердің көбі соңында кредиттен кредит алып, ұрлыққа түсіп, ойнаймын деп от басқандар. Маманның алдына 18-29 жас аралығындағы науқастар жиі ем іздеп келеді екен. Олардың ішінде 16-17 жастан бастап құмар ойынға құмартқандар көп. Оның себебі, біздің елде 21 жастан бастап заңды түрде бәс тігіп, ойнауына шектеу жоқ. Ал әлемдік тәжірибеде бәс тігуге белгілі бір деңгейде шектеу қоятын елдер бар. Мысалы, Англияда 25 жастан бастап қана бәс тігуіне рұқсат береді. Өйткені ол жаста адам физиологиялық және психологиялық тұрғыдан толық жетіледі. Бұл жаста адамның көзқарасы, қызығушылығы, бағыты белгілі болады. Осылай деген Балабек Сақтағанов: «Бұл жаста адам құмар ойынға бейімділігі аз болады. Демек, ол кезде жан-жағын бағамдай алады. Ал оған дейін кез келген нәрсе қызық көрінеді. Жастықтың буымен шалыс басқан әрекет өзін-өзі тежеуге мүмкіндік бермейді. Арты өз-өзіне қол салуға итермелейді. Әсіресе, бәс тігушілермен жұмыс істеу өте қиын және өте ұзақ. Олармен терең әрі үздіксіз жұмыс істеу талап етіледі. Кейде біз қауіптің бетін қайтарғанымызбен, ол адам кез келген уақытта сыртқы және ішкі факторлардың әсерінен қайтадан ойынға салынып кетуі мүмкін», – дейді. Демек, жұмсалған тер мен еңбек, емге төленген ақша желге ұшады деген сөз. Сондықтан ойынқұмарлықтан 100 пайыз арылтуға ешкім кепілдік бере алмайды. Ойынқұмарлықтан оңалту мүмкін, ары қарай адам үнемі жақындарының бақылауында болуы керек екен. Егер бұрынғы ортаның шетін кездейсоқ көрудің өзі бұрынғы құмарлықты өршітіп, «емделді» деп еркіндікке қоя берген адамның қайта сол жолға түсуі ғажап емес. Оның үстіне, біздің елде құмар ойындарға қарсы күрес жүріп жатқаны шамалы. Ол дегенің ойынқұмарлықтан арылтудың тым қымбатқа әрі ұзаққа созыларына толық себеп.Психолог Ержан Мырзабаевтың айтуынша, қандай да бір кездейсоқтыққа байланысты қаржылай әрекет құмарлық тудыратынын айтады. Мысалы, адамдар ойын автоматтарының қандай да бір фигурасын кездейсоқтықпен басқанда бірдей сандардың шығуы, болып-болмайтыны белгісіз тәуекелі өте жоғары іс-әрекеттің барлығы «құмар ойын» ретінде қарастырылады. Сондықтан құмар ойын тек қана казино немесе карта ойнау дегенмен шектелмейді. Өкінішке қарай, қазір адамдар телефонда отырып алып түрлі құмар ойынның көрігін қыздырады.
– Қазір онлайнда отырып-ақ түрлі букмекерлік кеңсеге ұтыс қоя берсеңіз болады. Салдарынан соңғы кезде құмар ойындарға байланысты өте көп шағым айтыла бастады. Бұл дерт жасөспірімдер арасында да асқынып отыр. Мәселен, құмар ойыннан қиналып жүрген ең жас емделушімнің жасы 16-да. Жоғары білімді, қызмет істеген кісілердің өзі ойынқұмарлықтан арылудың жолын іздеп келген сәттері болды. Қырықтан асқан кісілердің арасында да құмар ойынға еліктеушіліктен, қызыққаннан, құныққаннан, қажеттіліктен барғандары бар. Оның барлығы сол, аз уақыттың ішінде мол ақша табуға деген ынтызарлықтан туады, – дейді психолог.
Ойынқұмарлық – өте күрделі мәселе. Құмар ойынға құмарлық ішімдік пен нашақорлыққа тәуелділіктен ешқандай айырмашылығы жоқ. Ойынқұмарлық та сондай адамға бір сәттік жан рақаты мен ләззаттын береді. Басы айналып, тек соны ойлап, соның жетегіне еріп кетеді. Дегенмен әрбір аурудың емі, әрбір мәселенің шешімі болатыны секілді ойынға тәуелділікті емдеудің жолы да бар. «Ойынқұмар адамды да есірткі мен маскүнемдікке салынғандардың әдісімен емдейміз. 3-4 ай бір жерге қамап, телефонға, бәс тігуге ешқандай жол бермеудің жолын жасау керек. Сол уақытта онымен психологтар тоқтатпай жұмыс істеуі тиіс. Кейбір адамдар өз әрекетін балалық шақта алған жарақатқа жабуға тырысады», – дейді Ержан Мырзабаев.
Қармаққа іліндің, құрдымға кеттің
Сондықтан маман адам психологиясына әсер ететін кез келген дүниені жарнамалауға жол бермеу керегін жеткізді. Өкінішке қарай, қазір ең ауқымды шараларға демеушілік көрсететінін букмекерлік кеңселер ашықтан-ашық көрсетеді. Тіпті, футболдың ресми серіктесі ретінде-ақ құмар ойынның клиенттерін оп-оңай шақыруға жол ашып беріп отырмыз.
«Футбол – ең көп көрермені бар, ең үлкен жастар аудиториясын қамтитын спорт түрі. Сол футболдың ресми серіктесі букмекерлік кеңсе. Олар демеуші болмаса турнирді өткізе алмай ма? Біздің елде қаншама ұлттық компания бар. Меніңше, заңды түрде осындай бәс тігетін компанияларды демеушілік көрсетуіне тоқтау салу керек. Құмар ойын үшін қарызға батып ұрлық жасап жатқандар, кредит алып, банкрот болғандарды жоғарыдағылар көрсе де, көруге тырыспайды. Себебі мұндай мекеменің артында «демеушілік» көрсететін мықты адамдар бар», – дейді Ержан Мырзабаев.Ойынқұмарлық есірткіден қауіпті деуіміз бекер емес. Себебі құмар ойынның соңына түскендердің кейбір күйзелістен арылу үшін есірткіге тәуелді болып қалады екен. Мұны нарколог Сапар Рахменшеев те растайды.
Оның айтуынша, букмекерлік кеңселердің қызығы мұнымен бітпейтінін айтады. Мысалы, жарыстың үстінде жанкүйерлерді жағалап үгіт-насихат жасайтын қысқа белдемшелі қыз-келіншектер 30 адам келсе, барлығына жеке-жеке барып бәс тігуге қолқалайтын көрінеді. «Өзіміз де «Астана аренаға» жарысқа барамыз. Сол кезде жаныңа жақындап «Бәс тігесіз бе, сыйлық береміз» деп жүгіріп жүреді. Ал жарыс кезінде эмоцияға беріліп, қызуқанды болып тұрған адам логикалық түрде ойлануға мұршасы болмай тұрып бәс тігіп жібереді. Онда сәтте «ұтылып қаламын, тәуелді болып кетемін» деген ой болмайды. Олар да психологтар ғой. Адамға қандай кезде жақындау керек, қандай кезде ұсыныс айтуды жақсы біледі. Бір рет қармағына іліп алды ма, құрдымға кеттің деген сөз», – дейді психолог.
Былтыр депутаттар еліміздегі ойынқұмарлардың мәселесі әлі де тиімді шешімін таппай отырғанын айтып дабыл көтерген. Себебі ойынқұмар қазақстандықтың қарызының орташа мөлшері 10 миллион теңгеге жеткен. Ал отау құрған 10 жұптың 7-еуі құмар ойындардың кесірінен ажырасып тынады екен. Салдарынан қылмыстық әрекеттер мен суицид жағдайлары да жиілеп кеткен. Соған қарамастан заңнамада құмар ойындарды жарнамалауға тыйым жоқ. Заңгер Мәди Мырзағараевтың айтуынша, біздегі «Ойын бизнесі туралы» заңда мемлекет құмар ойындардың заңдылығын реттеуді ғана міндеттейді. Яғни, мемлекеттен жасырып заңсыз құмар ойындарын салуға тыйым салынады, бірақ олардың «кәсібін» көпшілікке қандай жолмен жарнамалап жатқанына жауапкершілік алмайтынға ұқсайды.