ДӘМДІ АС ДАЯРЛАҒАН АНАЛАР

Міне, осындай қағидамен әр күнін балаларға арнайтын «Ақбесік» бөбекжай бақшасының тәрбиешісі Бағила Қалеке «Дәмді ас даярлау» іс-шарасын ұйымдастырған болатын. Ас атасы – нанның қалай жасалатынын, оның қадірі мен қасиетін ұғындыратын шараның шымылдығын аталған бөбекжай бақшаның басшысы Жанар Әлиакбарова ашып берді. – Бізде баланың өмірін сақтау және денсаулығын нығайту, толыққанды дене бітімін дамыту, салауатты өмір салты құндылығын қалыптастыру, толық кеңістікті құру және мектеп жасына дейінгі баланың жеке дамуын кешенді сүйемелдеу қамтамасыз етілген. Баланың сөйлеуін және ана тілін, қарым-қатынас мәдениетін дамыту, сауат ашу негіздерін меңгертуге толық жағдай жасалған. Тәрбиешілер білімнің негізі тәрбиені тал бесіктен бойларына сіңіріп, ұлттық құндылықтарымызды құрметтеуді үйретуде. Соның бір айғағы бүгінгі «Дәмді ас даярлау» іс-шарасы. Баласына бей-жәй қарамайтын ата-аналар белсенділік танытып, балабақшамен тығыз қарым-қатынас орнатып келеді. Сіздерге алғыс білдіреміз, – деді. Тек балаларды тәрбиелеумен емес, ата-анамен де жұмыс істеуге бейімделген Бағила Сейтжанқызы қызықты сайыс ұйымдастырды. «Ақбесік» бөбекжай бақшасының әдіскері Айдана Мұханбетәлі сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Одан әрі ақ жаулықты аналар өздерін таныстырып, қолөнер бұйымдары мен жасаған тағамдарын ұсынды. Дастарқан бетін молшылыққа бөлеген аналар «Салт-дәстүр қазынам», «Жылы жүрек» атты кезеңдерде де білімі мен білігін көрсете білді. Шараны қорытындылаған бөбекжай бақша меңгерушісі Жанар Әлиакбарова сайысқа қатысушыларға алғыс хат табыстап, алғысын білдірді.
Г.ӘБДІХАНИ