Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » КӘСІПКЕР ЖАН-ЖАҚТЫ, ӨНІМІ ЖАП-ЖАҚСЫ

КӘСІПКЕР ЖАН-ЖАҚТЫ, ӨНІМІ ЖАП-ЖАҚСЫ

«Әлемді сұлулық құтқарады» деді Достоевский. Пикассо: «Еңбек пен әйел өмірді ұзартады» деген тұжырымды ой айтты. Бақсақ, қайбір ұлы шығарманың бойында алтын кездіктей жарқырап әйел бейнесі мұнартады. Мұның астарында әйел адамның кез-келген ауқымды істерге араласа алатынын, үлкен нәтижелерге қол жеткізе алатынын аңғартатын мағына жатыр. Өйткені қоғамның түрлі салаларындағы жетістіктерде әйелдердің үлесі бар екені ақиқат. Айтпағымыз, ауданда кезіге бермейтін кәсіп түрін именбей игеріп келген Әйгерім Мерекеқызының қолдан жасалған шұжығы болмақ.


Шиелі ауданында түрлі кәсіп бар. Жаһанданудан шет қалмай, көшпен бірге ілесіп келеміз. Алайда шұжық шығаратын бір ғана цех бар. Ол белгілі кәсіпкер Патима Маханбеттің өнімі «Тамаша» шұжығы. Ендігі жерде халық Алғабас ауылындағы Әйгерім Балтабаеваның шұжығынан дәм татпақ. Ең алғаш моншақ әсіп жасап, кәсіп бастаған кейіпкеріміз бауыр торт, қытырлақ тауық аяқтарын тапсырыспен әзірлеп береді. Осылайша өз ісіне деген қызығушылығы артып, іздене түседі. Расында кәсіптің көзін тауып, көш ілгері жүретін адамдардың ойы үздіксіз дамып отырады. Кәсіпкерлердің креативті ойлай білгеннің арқасында айналасына пайдасы тиіп, оң бастамалар қолға алынады. Олардың үздіксіз еңбектенуінен елді мекендерде жаңа жұмыс көздері ашылып, бәсекелестік пайда болады. Соның арқасында тұрғындардың тұтынатын өнімінің сапасы артып, таңдау көбейе түседі. – Жұмыстың жеңілі жоқ, әрине. Дегенмен шұжық шығарудың қызығы да, шыжығы да жетерлік. Қазіргі таңда 6 түрлі шұжық әзірлеймін.

Мәселен, қазіргі таңда ұмытылып бара жатқан қойдың бүйеніне салынған етке «батырдың білегі» деген атау бердік. Жылқы етінен жасалған ерлер және қазақша шұжық та бар. Құс еті мен қойдың құйрық майы қосылған мәрмәр шұжығы да көптің көңілінен шығуда. Сондай-ақ түйенің өркеш майы қосылған шұжық сұранысқа ие. Мен өз өнімдеріме барынша қазақша атау беріп, жеген сәтте ауылдың иісі аңқып тұрғанын қалаймын, – дейді Әйгерім. Расында, ет жемесе түсіне кіретін қазақ халқы ет өнімдеріне келгенде тазалыққа, ұқыптылыққа, сапасы мен құрамына қатты мән береді. Ал кейіпкеріміз өз үйінің ас бөлмесін өндіріс орнына айналдырғанда шикізатты қайдан табамын деп қиналмады. Әкесі Мереке Балтабайұлы есік алдында мал бордақылап, халал стандартқа сай ірі қараны сойып береді. – Қызым үлкен істі, ауыр жауапкершілікті мойнына алды. Сол қайсарлығына ризамын. Сондықтан оның кәсібіне қолдау білдіріп, өзім ірі қараны таңдап алып, бордақылап, жіліктелген етті 2 күн бойы жайып, қанын сорғытып аламын. Одан соң барып шұжық әзірлеуге кіріседі. Алдағы уақытта есік алдынан цех ашу үшін арнайы ғимарат соғуды көздеп отырмын, – деді әкесі. Ауылдағы ағайынның аузына ілінген жас кәсіпкер әзірге аядай ас үйін шағын цехқа айналдырып отыр. Жиған-терген қаржысына азын-аулақ техника алған. Алайда үлкен күшті, жұмыс қолын қажет ететін өндірістің өркен жаюына мемлекеттік қолдау кенде болып тұр. Әйгерімнің ендігі жердегі бар сенімі «Ауыл аманаты» жобасында. Ауыл баласының арманына қанат бітірген мемлекеттік жоба септігін тигізсе, Алғабас ауылынан ысталған шұжық пен қазы, қалбырдағы ет, бөдене етінен жасалған шұжықтар шығар еді. Шиелідегі дүкен сөрелері өзіміздің өнімдермен осылай толыға түсері сөзсіз. Тіпті, қазірдің өзінде тауық етінен жасалған диеталық балалар шұжығын (сосиска) түкпіртүкпірден сұраушылар көп екен. Айтқандай, бүгінгі кейіпкеріміздің еңбек жолы аудандағы «Шарайна-Сейхун» газетінен бастау алған. Тілшіліктен басталған тіршілік жемісінен әзірге аудан халқы ғана дәм татуда. Бірақ келешекте үлкен цех ашылса, ауыл халқы екі қолға бір күрек тауып, өніміміз өзге өңірлерге де жетеді деген үміт бар.

Г.ДҮЙСЕБАЙ
23 қаңтар 2024 ж. 375 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930