Кәсібі жаңаша, шұжығы «Тамаша»
Шиелі ауданында түрлі кәсіп бар. Кәсіптің көзін тауып, көш ілгері жүретін адамдардың ойлары үздіксіз дамуды қажет етеді. Кәсіпкерлердің Креативті ойлай білгеннің арқасында айналасына пайдасы тиіп, оң бастамалар қолға алынады. Олардың үздіксіз еңбектенуінен елді мекендерде жаңа жұмыс көздері ашылып, бәсекелестік пайда болады. Соның арқасында тұрғындардың тұтынатын өнімінің сапасы артып, таңдау көбейе түседі.
«Әйел – бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген жақсы сөз бар. Мұның астарында әйел адамның кез-келген ауқымды істерге араласа алатынын, үлкен нәтижелерге қол жеткізе алатынын аңғартатын мағына жатыр. Өйткені, қоғамның түрлі салаларындағы жетістіктерде әйелдердің үлесі бар екені ақиқат. Айтпағымыз, ауданның «Құрметті азаматы», бейнеттің зейнетін көріп еңбек демалысына шықса да қоғамға пайдам тисін деп игілікті істердің басы-қасында жүретін кәсіпкер Патима Маханбеттің «Тамаша» цехынан шығатын шұжық туралы.
«Әйел – бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген жақсы сөз бар. Мұның астарында әйел адамның кез-келген ауқымды істерге араласа алатынын, үлкен нәтижелерге қол жеткізе алатынын аңғартатын мағына жатыр. Өйткені, қоғамның түрлі салаларындағы жетістіктерде әйелдердің үлесі бар екені ақиқат. Айтпағымыз, ауданның «Құрметті азаматы», бейнеттің зейнетін көріп еңбек демалысына шықса да қоғамға пайдам тисін деп игілікті істердің басы-қасында жүретін кәсіпкер Патима Маханбеттің «Тамаша» цехынан шығатын шұжық туралы.
Шиелі ауданында «Шиелі Шұжық» ЖШС бастамасымен шұжық цехы өз жұмысын бастады. Кәсіпкерге серіктес ретінде «Байқоңыр» ӘКК осы жобаға 32 млн теңге қаржылай қолдау көрсеткен. Негізінде цех жұмысын 2005 жылы бастаған. Кейін құрылғылардың бұзылуынан цех жұмысы бәсеңдеп, аялдап қалған. Биыл пандемияның әлегіне қарамастан Ресейден жаңа 4 құрылғы сатып алып, жұмысын жандандырған кәсіпкер П.Маханбет цехта бүгінгі күні 12 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Оның ішінде екі маман білімін жетілдіру мақсатында дайындау курстарынан өткен. Заманауи жабдықталған құрылғылардың арқасында аптасына 2, айына 6 тонна шұжық өндірілетін цехта қазіргі таңда, 12 түрлі шұжық дайындалады. Бұл жаздағы мөлшер, яғни жазда сусын көп сатылады. Ал, күн суытқанда өнім бұданда көп мөлшерде сатылымға шығады.
– Серіктестік былтыр желтоқсан айында құрылған. Қазір барлық талапқа сай өнімдері нарыққа шыға бастады. Шұжық түрлері Шиелінің өзінде ғана сатылып жатқан жоқ, облыс орталығындағы әлеуметтік дүкен сөрелерінде де бар, – дейді «Байқоңыр» ӘКК АҚ жобаларды талдау және іске асыру басқармасының басшысы Жеңісбек Ахметов.
Жалпы «Тамаша» цехы өндіретін шұжықтарды тек Шиелі ауданында ғана емес, Жаңақорған мен Қызылорда қаласындағы дүкен сөрелерінен таба аласыз. Барлық стандартқа сай шұжықтың 12 түрі бар. Олар: ысталған, қайнатылған, московский, сервелат, сардельки, докторский, зернистый, особый, вечина, полтавский және т.б.
– Шұжық өндірісі Шиелі ауданында жоқ кәсіптің түрі. Оны өндіруде оңай шаруа емес, күшті, аса ұқыптылық пен тазалықты қажет етеді. Мұздай жерде сақтау, оны тасымалдау үшін де мұздатқышы бар жүк көлігі керек. Осындай әр түрлі функционалды жұмысты атқаратын жұмысшылар өз ісінің шеберлері. Алдағы жоспарымызға сәйкес цехқа ер адамдарды қабылдасақ па дейміз. Себебі өнім көлемі артқан сайын қол көмекке қажеттілік арта түседі, – дейді кәсіпкер П.Маханбет.
Айта кетсек, бұл – экологиялық таза, отандық өнім. Сондай-ақ, шұжыққа қажетті шикізатпен қамтамасыз ету үшін халал стандарты бойынша мал сою қасапханасы да салынған. Онда мал бордақылауға болады, бұл енді екінші кәсіптің бір түрі. Дегенмен, шұжық цехына жарамды, стандартқа сай ірі қаралардың бәрі осында шариғи рәсімге сай сойылады.
Ақбота Баянбай