Сырбойылықтарға жылыжай үшін 15 сотықтан жер берілуде
Бұл бастама облыстың оңтүстік аудандарында жүйелі түрде жүзеге асырылып отыр. Мәселен, Шиелі ауданында биыл бұл мақсатқа 10 гектар жер бөлінген. Инфрақұрылымы дайын аумаққа жергілікті тұрғындардың бірі Майра Өмірбекова да жылыжай салып, қияр өсіруде. Тіпті осы кәсіп түрін дөңгелету үшін ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы жеңіл пайызды несие беру де қарастырылған. Бүгінде аудан бойынша жылыжай кешенінің жалпы аумағы 20 гектарға жетіп отыр. Айтулы жоба аясында ауылдық елді мекендерде де жылыжайлар көбейе бастаған.
«Күніне 150-200 кг өнім аламыз. Екі айдың көлемі болды, өнім шығарып жатырмыз. Әлі екі айдай өнім аламыз деген үміттеміз», - дейді кәсіпкер Майра Өмірбекова.
«Осы жерден 10 гектарға дейін жерді қарастырып отырмыз. Оның жолына, жарығына – барлығына көмек беріп жатырмыз. Өздері ұсыныс білдірген кәсіпкерлерге, жұмыссыз азаматтарға әрқайсысына 15 сотықтан беріліп жатыр», - дейді Шиелі аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мұрат Әшірбеков.