Әйелдер форумы әсерлі өтті
Нәзік жанды әйел қауымының қоғам көшін алға сүйреуде белсенділігі жыл сайын артып келеді. Статистикаға сүйенсек, бүгінде білім беру, денсаулық сақтау мен мәдениет салаларындағы қызметкерлердің басым бөлігін әйелдер құрайды. Мәселен, дәл қазір аудандағы мемлекеттік қызметтегі әйелдердің саны 78, ал 15 мәслихат депутаты болса, оның 4-еуі әйелдер екен. Сондай-ақ білім саласында 83, денсаулық сақтау саласында 74 пайыз нәзікжандылар еңбек етуде. Қызылорда облысының «Құрметті азаматтары» қатарындағы 3 әйел шиелілік болса, 105 Шиелі ауданының «Құрметті азаматының» 13-і – әйел-аналар.
Бұл туралы сәрсенбіде өткен «Отбасы, әйел – ана – нұрлы болашақтың алтын арқауы» атты аудандық әйелдер форумында айтылды. «Шиелі ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігі биыл екінші мәрте ұйымдастырып отырған жиынға аудан әкімі Ә.Оразбекұлы, «Nur Otan» партиясы Шиелі аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары П.Маханбет, барлық ауылдық округтердегі әйелдер кеңесінің төрайымдары мен әр саланың ардагер нәзікжандылары, кәсіпкер әйелдер мен көпбалалы аналар қатысты.
Әйелдер форумы таңертеңгілік «Арман» мәдениет үйіндегі семинардан бастау алды. Ғимаратта аудандағы «он саусағынан өнер тамған» ісмер әйелдердің қолөнер бұйымдарынан көрме ұйымдастырылыпты. Семинарда «Шиелі ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ш.Оразымбетованың «Отбасы құндылықтары және қоғамдық жаңғыру» атты, «Арман» мәдениет үйінің үйірме жетекшісі С.Абдуллаеваның «Бірлік пен татулық – елдігіміздің нышаны», «Шиелі ауданаралық ауруханасының» бас дәрігері Н.Әмірдің «Дені сау ұрпақ – ұлт болашағы» атты баяндамалары тыңдалып, әйелдердің көкейіндегі бірталай мәселелердің басы шалынғандай болды. Аз қамтылған отбасыларға мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек көрсету бағдарламасы аясында аудан бойынша 3123 отбасыға 1 млрд 845 млн теңге берілген. Жиын барысында аудан басшысы бұл тұрғындардың әлеуметтік жағдайын одан әрі жақсарту үшін берілген ақша. Әлеуметтік көмек аламыз деп жұмыстан шығып кеткен жағдайлар да кездесіп жатқанын, жәрдемақы масылдыққа апармай, керісінше берілген ақшаға көзін тауып, кәсібін ашып немесе мал басын көбейтіп алу керектігін айтты.
Семинар барысында аудан басшысы Ә.Оразбекұлы аудан әлеуетінің дамуына үлес қосып жүрген бірқатар әйел-аналарды диплом және алғыс хаттармен марапаттады. Жиын соңында бүкіл аудан аналарына арналған үндеу оқылды. Содан соң аудан ақжаулықтылардың ой-пікірлері мен бата-тілектері тыңдалып, семинар қорытындыланды.
Форум әйелдердің «Гежуба Шиелі Цемент» зауытына сапарымен жалғасты. Зауыт басшысы Ли Цзиньцин ақжаулықтыларды өзі күтіп алып, кәсіпорынның жұмыс барысымен таныстырды. Одан соң зауыт ішіндегі орталықтан басқару бөліміне апарып, цементтің жасалу жолын көрсетті. Зауыттың конференция залында өткен жиында Ли Цзиньцин мұнда еңбек етіп жүрген 260-қа жуық қызметкердің 47-сі қытайлық, қалғанының барлығы аудан азаматтары екенін айтты.
– Осындағы әжелерді көріп, қытайдағы өзімнің анамды есіме алып отырмын. Оның жасы сексеннен асқан. Елге бармағалы екі жыл болыпты. Анамды қатты сағындым, – деп зауыт басшысы анасын тебіреніспен есіне алды.
Зауыт жұмысына сәттілік тілеген аналар, кентке қарай бет алды. Форумға қатысушылар арнайы әзірленген астан дәм татып, әуелеген ән мен би биледі, өмірлері өнегеге толы әжелердің әдемі әңгімесімен шара қорытындыланды.
Г.СӘБИТҚЫЗЫ