Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Шиелінің шұжығын жеп көріңіз...

Шиелінің шұжығын жеп көріңіз...

Шиелі ауданында сан түрлі кәсіп бар. Кәсіпкер болу әркімнің қолынан келе бермейді. Себебі бұл сала қажырлы еңбек пен креативті ойларды қажет етеді. Оған адамдармен тілдесу, шығыны мен пайдасын есептеу, тауарлар мен қызметтерді сату сияқты жұмыстарды қосыңыз. Кәсіпкерлердің жан-жақтылығына қарай оң бастамалар қолға алынып, іске асырылып келеді. Дәл солай өлкеміздің өркендеуіне үлесін қосып жүрген кәсіпкерлердің бірі – Патима Маханбет. Ол ауданның «Құрметті азаматы», игілікті істердің басы қасынан табылып жүрген кәсіпкер. Бүгінгі мақаламызда кейіпкеріміздің «Тамаша» цехынан шығатын шұжығы жайлы сөз етеміз.
Шиелі ауданында «Шиелі Шұжық» ЖШС бастамасымен шұжық цехы өз жұмысын жүргізді. Цех жұмысы ең әуелі 2005 жылы басталған болатын. Кейін құрылған цех біршама қиындықтарға байланысты 2017 жылы жұмысын тоқтатады. Дегенмен, кәсіпорын басшысы П.Маханбет қиындықтан шығудың жолын тауып, өндірісті қайтадан іске қосады. Осылайша 2020 жылы жұмыс қайтадан қолға алынады. Кәсіпкерге серіктес ретінде «Байқоңыр» ӘКК осы жобаға 32 млн теңге қаржылай қолдау көрсеткен.
Заманауи жабдықталған құрылғылардың арқасында күніне 500 келі шұжық өндіріледі. Жалпы мұнда шұжық өнімдерінің 12 түрі бар. Олар: ысталған, қайнатылған, московский, сервелат, сардельки, докторский, зернис­тый, особый, вечина, полтавский және т.б. «Тамаша» цехы өндіретін шұжықтарды тек Шиелі ауданында ғана емес, Жаңақорған мен Қызылорда қаласындағы дүкен сөрелерінен табуға болады. Сонымен қатар, шұжыққа қажетті шикізатпен қамтамасыз ету үшін халал стандарты бойынша мал сою қасапханасы салынған. Шұжық цехына жарамды, стандартқа сай ірі қаралардың бәрі осында шариғи рәсімге сай сойылады.
– Шұжық өндірісі ерекше кәсіптің түрі. Оны өндіру оңай шаруа емес. Ұқыптылық пен тазалықты қажет етеді. Мұздай жерде сақтау, оны тасымалдау үшін де мұздатқышы бар жүк көлігі керек. Осындай әр түрлі функционалды жұмысты атқаратын жұмысшылар өз ісінің шеберлері. Алдағы уақытта цехқа ер адамдарды қабылдау да жоспарда бар. Себебі өнім көлемі артқан сайын қол көмекке қажеттілік арта түседі. Жалпы жұмысқа жастарды көптеп тартудамын. Өйткені болашағымыз жастардың қолында, – дейді Патима Шаймерденқызы.
Айтпағымыз, экологиялық таза, отандық өнімді барынша қолдасақ. Осы тұрғыда Шиелі аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры Бекзатхан Бауыржанұлы:
– Біз көп жағдайда тек сырттан алып келген азық-түліктерді тұтынамыз. Ол дегеніміз, қаражаттың көбісі сыртқа кетіп жатыр деген сөз. Ал біздің кәсіпкерлер аз қаражатымен өз күндерін өздері көруде. Сондықтан, жергілікті тауар өндірушілерді қолдап, өнімдерді пайдалансақ, ауданның кәсіпкерлігі дамиды. Кәсіп көзі ашылса, ол – қосымша салық, жалақы, жұмыс орнының артуына себеп болады. Өзіміздің өңірден шығатын өнім химиялық қоспасыз, табиғи өнім болғандықтан адамның денсаулығына да зиянын тигізбейді. Барша тұрғындарды жергілікті өнімдерді алып, ауданның кәсіпкерлігін дамытуға ат салысуға шақырамын, – деді.
П.Маханбет аудан, облыс орталығында өткізілетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне тұрақты қатысады. Бұл дегеніміз, тұрақтылық барда тұтынушы талғамынан табылу деген сөз. Ендеше, ел экономикасын дамытып, әлеуметтің әлеуетін арттыру мақсатында біз де қомақты үлес қоса аламыз. Әрине, ол үшін шет елден экспортталып келетін өнімді тұтынудың орнына өзімізде өндірілетін отандық өнімдерге барынша қолдау жасауымыз керек. Осы арқылы нарықта бәсекелестік артып, сіз бен бізге таңдау мүмкіншілігі көп болады.

Айнұр ИБРАШЕВА
Сурет Бақытжан Бәйімбеттікі

18 қыркүйек 2023 ж. 777 0