Әйел – ана, мұғалім, кәсіпкер
Қазіргі қоғамда «Ер – түздікі, әйел – үйдікі» деп бір жақты пікір айтып отыра алмаймыз. Себебі, бүгінгі әйел бейнесі – іскер, басшы, кәсіпкер сынды лауазыммен толыққан. Олар бала тәрбиелеп, үйдің түтінін түтетіп қана қоймай, кәсіп ашып, оны дамытуға қабілетті. Бүгінде ақ жаулықты аналардың да жетістікке жетіп, табысқа кенелуіне, сондай-ақ талай асу алып, биік белесті бағындыруға білімі мен білігі жеткілікті. Демек қазіргі таңда әйелдердің қоғамдағы алар орны да ерекше.
Алдыңғы жылы келтірілген статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Қызылорда облысы бойынша барлық педагогтардың 73 пайызы, дәрігер мен медицина қызметкерлерінің 87 пайызы әйелдер. Ал барлық бюджеттік сала қызметкерлерінің 65 пайызы нәзікжандылардың үлесінде болса, мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі – 35,4 пайыз. Бүгінгі күні әйелдер қауымы саясат сахнасынан да көрініп жүр. Ал шағын және орта бизнесті дамытып отырған әйелдер 48,3 пайызды құрайды. Бұл шаңырақта шаттыққа айналып, бала бағып, ас пісіретін аналардың сауда мен кәсіпте де белсенді екенін білдіреді. Міне, сондай белсенді жанның бірі – Гүлжайна Бакирова.
Гүлжайна – сүйікті ісі арқылы кәсіп бастап, ұрпақ тәрбиелеп отырған жан. Ол бір мамандықтың айналасында бірнеше жұмысты атқарып келеді. Қалай дейсіз ғой? Жалпы Г.Әбілпатташқызы Шымкент қаласында «Еңбекке баулу және кәсіпкерлік» мамандығы бойынша білім алған. Осы мамандықты игеріп шыққан соң, ол еңбек жолын №241 Қ.Әбдіқадыров мектебінде бастаған. Білім ошағында «Еңбекке баулу» пәнінен сабақ беріп, оқушыларға әшекей бұйымдарды жасауды, тігін тігуді, бір сөзбен айтқанда қолөнерін үйретеді. Алайда, Г.Бакирова «Ерінбей еңбек істесең, етек-жеңің кеңейер» деген оймен қарым-қабілетін басқа саладан да байқап көруді ойлайды. Сол сәтте оның ойына көйлек тігу оралады. «Ой жеткен жерге қол жетеді» демекші, ізінше айналасындағы адамдарға мерекеге сай киімдерді дайындауды бастайды. Осылайша, Г.Әбілпатташқызы мектеп қабырғасында жүріп балаларды өнерге баулып қана қоймай, өзі қосымша табыс табады. Арада біраз уақыт өткеннен кейін Гүлжайна тігін өнерін той көйлектерімен байланыстырғысы келеді. Мұның себебін сұрағанда кейіпкеріміз өз ойымен бөлісті.
– Отбасымда әпкем Гүлмира Бакирова да тігінмен айналысады. Ол өз өмірін осы салаға арнаған жан. Қазіргі таңда Шымкент қаласында үлкен тігін цехы бар. Біздің «Алиша» той салоны алғаш рет Шымкентте ашылған болатын. Бүгінгі таңда «Алишаның» филиалдары Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында жұмыс істеуде. Осы тұста мен де Шиелі ауданынан той салонын ашқым келді. Шиелілік қалыңдықтар да ұлттық нақышта киім киіп, қайталанбас күнде теңдессіз аруға айналғанын қаладым, – дейді кәсіпкер.
Осыдан бес жыл бұрын небәрі 200 мың теңге және 4 көйлекпен басталған кәсіптің бүгінде көкжиегі кең, тасы өрге домалап тұр. Өйткені, олар кәсіпті қалтаны қампайту мақсатында емес, сол істі сүйіп, бар ынты-шынтысымен жасайды. Соның арқасында аудан халқы қандай қуаныш болмасын әуелі «Алиша» той салонына бас сұғады. Себебі, мұнда қалыңдық көйлектері мен келін киімдері қолжетімді бағада, жоғары сапада тұтынушыларға ұсынылуда. Кәсіп иелері он саусағынан өнер тамғандықтан көйлекті келушілердің көңілінен шығатындай етіп сәндеп береді. Сондай-ақ ұзату немесе той көйлегін алған қалыңдыққа сұлулық салонына тегін жолдама тарту етеді. Міне, осыдан-ақ Г.Бакированың ісіне адал, жұмысына жауапкершілікпен қарайтынын аңғара аламыз.
Иә, біздің бүгінгі кейіпкеріміз талант пен талғам тоғысқан өнер иесі. Ал өнер адамы әрқашан ағын судай арқырап, жаңа, тың туындыларды дүниеге әкелуге бейім тұрады. Гүлжайна Әбілпатташқызы да тап сондай. Содан болса керек, келешекке құрған жоспарлары тігіншілікпен тікелей байланысты.
– Алдағы уақытта тігінді де, той салонында тастамаймын. Әрине, мектептегі мұғалімдікті де қатар алып жүремін. Өйткені, үшеуі бір-бірімен тығыз байланысты. Біздің өңірдің жастары өте талғампаз. Сондықтан мұнда ауқымды той салонын ашуға әбден болады. Бұл менің жоспарымның бір бөлшегі. Сонымен қатар болашақта өзімнің дизайнерлік көйлектеріммен де бөлісетін боламын, – дейді өз ісінің маманы.
«Тірлігі тындырымды» деген тіркесті естіген боларсыз? Біз кейіпкерімізбен тілдескенде, осы сөз еріксіз ойға оралды. Оның артық-кемі жоқ, бір-бірімен жіпсіз байланысқан жұмысын көріп, іштей сүйсіндік. Әрі кәсіпте ғана емес, отбасында да ибалы келін, аяулы жар, ардақты ана екеніне риза болдық.
Маржан БОЛАТҚЫЗЫ