Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » 1 тонна 536 кг сора өсімдігі табылған

1 тонна 536 кг сора өсімдігі табылған

Сәрсенбі күні Арман мәдениет үйінде аудандық полиция бөлімінің бастығы Дәулет Беркімбаев жыл басынан бері атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесін баяндады. Жалпы ауданда жыл сайын қылмыстық құқық бұзушылық төмендеп жатқанын байқауға болады. Мәселен, 2023 жылы жалпы тіркелген қылмыс саны 161, бұл өткен жылмен салыстырғанда 12% төмендеген, олардың ашылу көрсеткіші 12,4% жоғарылаған. Бұған әрине, полиция қызметкерлерінің тынымсыз еңбегімен қатар мемлекет тарапынан кейбір қылмыстарға тағайындалатын жазаның ауырлауы да әсер етіп отыр.

Ал онша ауыр емес және орта санатта 81 қылмыс орын алса, өткен жылмен салыстырғанда 20% төмендеп, олардың ашылу көрсеткіші 9,4% жақсарған екен. Десек те, ауыр және аса ауыр санаттағы қылмыстар өткен жылмен салыстырғанда 6 қылмысқа өсім алған.

– Қылмыстардың алдын алу бағытында атқарылған жұмыстарымыз өз нәтижесін беріп, өткен мерзімде адам өлтіру, қарақшылық, бопсалау, тонау және қалта ұрлығы сынды қылмыстар орын алған жоқ. Сондай-ақ қару қолдану арқылы және отбасы тұрмыстық ортада жасалатын қылмыстарға жол берілмей, қоғамдық орындарда, мас күйінде, топ болып жасалатын қылмыстар саны азайып, кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасындағы қылмыс өткен жылмен бір деңгейде тұрақтады. Дегенмен, атқарылған іс-шараларға қарамастан мал ұрлығы тыйылмай тұр. Былтыр 22 іс қаралды, – деді аудандық полиция бөлімінің басшысы.

Ауыл тіршілігінің сәні мен мәні – алдына салып баққан азын-аулақ малы. Шаңырағы жанға, қорасы малға толуына тілекші ағайындар төрт түлік қарасын көбейтіп, ырыс-берекесін арттыруға ниетті-ақ. Алайда оған жайылымдық жердің тапшылығы мен бақташының жоқтығы адым аштырмай, тұсаулап тұрғаны – бүгіннің басты проблемасы. Соған қарамастан мал өсіріп, оның азығын қамдап жүрген ағайынның адал еңбекпен тапқан малын алдына салып айдап кетіп, оңай олжаға кенелгісі келген қарақшыларға қатысты 22 істің 14-і ашылып, 8 адам қамауға алынған. Орын алған мал ұрлығының 18-і жайылымдық жерден, қалған 4-і қорадан ұрланған.

«Ең көп дерек Қоғалы ауылынан анықталып отыр. Ол жерде 5 іс тіркелсе, Тартоғайда 4 мал ұрлығы орын алған. Ал Бәйтерек ауылдық округінде 3 дерек орын алса, Ортақшыл, Жуантөбе және кентте 2 деректен тіркелген. Мал ұрлығына қатысты қылмыстық іс Сұлутөбе, Тұран, Жөлек, Иіркөл, Тұран ауылдарында да көрініс берді» деп тарқатты сөзін Д.Беркімбаев.

Қараусыз мал қарақшыға оңай олжа. Олай дейтініміз 22 ауылдық округтің 18-інде, барлығы 38 малды падамен бағу ұйымдастырылса, қалған 4 ауылдық округте бақташы жоқ. Атап айтар болсақ, Жөлек, Ортақшыл, Телікөл, Қарғалы ауылдарында пада мүлдем ұйымдастырылмаған. Сондықтан бұл мәселені шешуде ауыл әкімдерінің көмегі қажет. Бағусыз жүрген төрт-түлік тек қарақшының қолына ілігіп қана қоймай, жол-көлік оқиғасына да себепкер болады. Бұл туралы полиция бөлімінің басшысы «Бағусыз жүрген үй жануарларының қатысуымен 30 жол-көлік оқиғасы орын алды. Атап өтсек, М-32 Самара-Шымкент республикалық маңызы бар жолдарда 18 оқиға орын алып, оның 6-ауның иесі табылмады. Ауыл аралық жолдарда 8, (кенттің жолында 4 жол апаты болды. Қараусыз жүрген мал егелерін жауаптылыққа тарту мақсатында ауылдар мен елді-мекендерден малды уақытша қамау орындарын ашу, ауылдарда, кентте бей-берекет жүрген үй-жануарларын айдап қамаумен айналысатын нақты жауапты тұлғаларды бекіту, бөлу жөнінде бірнеше тапсырма берілгенімен, бүгінгі күні мал қамау орындары санаулы ғана. Яғни 11-і ауылдарда, 2-еуі кентте орналасқан. Оның өзі қағаз жүзінде бар болғанымен, жем-шөп қарайтын адам шешілмеген» деп тарқатып айтты.

Қараусыз жүрген малдың кесірі жайында аудандық басылымда «Мынау кімнің сиыры?», «Жол апатына кім кінәлі?», «Қоқыс жеген малдың еті адал ма?» деген тақырыптарда мақалалар жарық көрген болатын. Көтерілген мәселелер ескерусіз қалмай, малын бей-берекет қараусыз жіберген 308-азаматқа әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 408-бабымен шара көріліп, әрқайсысына 3 айлық есептік көрсеткіш көлемінде барлығы 1 млн 593 мың теңге айыппұл салынған.

Қара жолда 29 адам қаза тапқан
Бүгінде жол көлік оқиғалары салдарынан адамдардың қаза болу деректері автокөліктер санының өсуімен бірге көбейіп бара жатқандығы жасырын емес. Өкініштісі, қаза тапқандардың басым бөлігі еңбекке қабілетті жандар. Өткен жылы жол-көлік оқиғалары 23,6%-ға, одан дене жарақаттарын алғандар 49,3%, қайтыс болғандар 20%-ға өсім алған. Жол көлік оқиғаларын талдағанда, 25 дерегі М-32 Самара-Шымкент республикалық маңызы бар жолдарда, 5 дерегі Павлодар-Успенка тас жолында, 29 дерегі аудан орталығында, қалған 9 дерегі ауыларалық жолдарда орын алған. Адам өліміне қатысты 18 жол көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 29 адам қайтыс болды.

Талдаулар көрсеткендей, мұндай қайғылы жағдайлар темір тұлпарды тізгіндегендердің жол ережелерін сақтамауы, рөлге ие бола алмай өздігінен аударылуы, жаяу жүргіншіні қағуы, қарама-қарсы бағытқа шығып кетіп соқтығысуы, басып озу ережелерін бұзуы, жол жиегінде тұрған автокөлікке соқтығысу салдарынан орын алған. Орын алған жол көлік оқиғаларының 42 дерегі күндізгі уақытта, қалған 26 дерегі түнгі уақыттарда болған.

Расында темір тұлпар саны артқан сайын, көлік оқиғасын тыю мүмкін болмай келеді. Полиция тарапынан құқықтық сана мен мәдениетті қалыптастыруға қарекеттер жасалып-ақ жүр. Ішкі істер органдарының ұдайы өткізілетін акция, айлықтары әр санаға сәуле жіберуге тырысқан әрекет. Мәселен, жол-көлік оқиғаларының алдын-алу бағытында өткен жылы бірқатар жұмыстар жүргізіліп, жол апатына тікелей әсер ететін жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзушыларды анықтау бағытында жыл басынан 4-реттен республикалық қауіпсіз жол, автобус, құқық тәртібі және тағы басқа да аудандық және облыстық жедел-профилактикалық іс-шаралар өткізілді. Алайда көрсеткіш көңіл көншітер емес.

Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол көлік оқиғаларының алдын-алу іс-шараларының нәтижесінде, барлығы 6537 құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде 106 дерек мас күйінде көлік құралын басқаруы, 21-і құқығынан айырылғандардың қайта көлік басқаруы, 95 дерек құқығы жоқ адамның көлік тізгіндеуі, 3 дерек жалған мемлекеттік белгісін орнатуы, 17 дерек мемлекеттік белгісі жоқ көлікті басқару, 30 дерек авариялық ахуал туғызғаны үшін, 2 дерек көлік құралдарын басқарудан айырылған және масаң күйде көлік айдағаны үшін құрықталған.

Есірткі еккендер есепке алынды
Әлемдегі ең қауіпті көлеңкелі бизнестің бір түрі – есірткі саудасы. Ресми емес мәліметтерге сенсек, әлемде 300 миллионға жуық адам есірткі тұтынатыны болжанса, 40 миллионға жуық нашақор денсаулығынан айырылып, есірткіге әбден тәуелді күйге түскен. Әрине, бұл санның артында қаншама отбасының, қаншама азаматтың тағдыры байлаулы екенін ойлаудың өзі қорқынышты. Бұл әлемдік проблеманың Қазақстанды да айналып өтіп жатпағаны белгілі. Қадағалауда қанша жерден қырағылық танытып, тәркілеп жатқанымен, көзін тауып, тасымалданып жатқанына ешкім дау тудыра алмайды. Тіпті ірі қалаларда ғана емес, аядай ауылда да сора егіп сотты болғандар бар. Дегенмен, есірткі бизнесіне тосқауыл қоюда бір сәтке де босаңсуға болмайды. Тәртіп сақшылары бұл мақсатта жұмысын жандандырмаса, бәсеңдеткен емес деп ойлаймыз. Сөзімізге дәлел болар айғақ жеткілікті.

Өткен жылы Шиелі ауданында атқарылған жедел-іздестіру жұмыстарының нәтижесінде, есірткінің заңсыз айналымына қатысты барлығы 11 қылмыстық дерек анықталған. Олардың 2 дерегі есірткіні сақтау және сату, 4 дерегі есірткі алқаптарын егіп өсіру, қалған 5 дерегі есірткіге байланысты алып жүру, сақтау бағытындағы қылмыстық теріс қылықтар. Өздеріңізге белгілі, өткен жылы аудан көлемінде 1 маусым – 30 қазан аралығында Республикалық «Қарасора» кең ауқымды жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілген болатын. Сол іс-шара нәтижесінде, есірткі алқаптарын өсірудің 4 дерегі анықталып, 3 дерегі далалық алқаптық жерлерден, 1 дерегі үй ауласынан анықталған. Д.Беркімбаевтың сөзіне сүйенсек, олардың 2 дерегі Қарғалы ауылынан шамамен 70 шақырым жердегі құмдық алқаптан, 1 дерегі Жаңатұрмыс ауылындағы жеке көлдің маңынан, 1 дерегі Алғабас ауылында үй ауласынан табылған. Есірткі қылмыстары бойынша оқиға орнынан жалпы салмағы 1 тонна 536 кг болатын барлығы 8031 түп сора өсімдігі айғақ зат ретінде алынып толықтай жойылған.

– Есірткі бүгінгі қоғамның дерті екендігін ескере отырып, есірткі алқаптарын анықтау үшін олардың орналасқан нақты кординатын белгілеп, әуеге дрон құрылғысын ұшыру арқылы анықтау мақсатында жол талғамайтын көліктің және сапалы заманауи техникалық құрылғылардың яғни, «JPS» және «Дронды» жергілікті бюджет есебінен алуға өз тарапыңыздан ықпал жасауыңызды сұраймыз. Бүгінгі күні есірткі алқаптарын тек жедел ақпараттарға сәйкес өз күшімізбен ғана анықтаудамыз, – деген сала басшысы қылмыстық істі дер кезінде анықтау үшін қажетті заттармен қамту мәселесін де ұсынды.
15 қаңтар 2024 ж. 159 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

№77 (9241)

28 қыркүйек 2024 ж.

№76 (9240)

24 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031