Тоғыз айда толымды нәтиже бар ма?
Сәрсенбі күні Арман мәдениет үйінде аудандық Полиция бөлімінің бастығы Дәулет Беркімбаевтың 2023 жылдың 9 айында атқарылған жұмыстары мен алдағы міндеттері жайлы есебі тыңдалды. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Алмат Албабергенов, аудан тұрғындарымен бірге ауыл әкімдері, қоғамдық қауымдастық төрағалары, мемлекеттік мекемелер басшылары және БАҚ өкілдері қатысты.
Күн тәртібіне сәйкес, аудандық полиция бөлімінің бастығы өңірдегі криминогендік ахуалға, негізгі бағыттағы жұмыс көрсеткіштеріне, қылмыстардың алдын алу, ашу және тергеу бойынша қол жеткізілген жетістіктерге, сондай-ақ қылмыстық әрекеттердің түрлеріне нақты тоқталып өтті.
Күн тәртібіне сәйкес, аудандық полиция бөлімінің бастығы өңірдегі криминогендік ахуалға, негізгі бағыттағы жұмыс көрсеткіштеріне, қылмыстардың алдын алу, ашу және тергеу бойынша қол жеткізілген жетістіктерге, сондай-ақ қылмыстық әрекеттердің түрлеріне нақты тоқталып өтті.
Оның айтуынша, осы жылдың 9 айында ауданның криминогендік ахуалы тұрақты. Жалпы тіркелген қылмыстардың саны – 130, өткен жылмен салыстырғанда 6,5% төмендеп, олардың ашылу көрсеткіші 3,7% жоғарылаған. Ауыр емес және орта санаттағы қылмыстардың саны 57, өткен жылмен салыстырғанда 29% төмендеген. Ауыр және аса ауыр санаттағы қылмыстардың ашылу көрсеткіші 8,5% жақсарған. Сондай-ақ сала басшысы қылмыстардың алдын алу бағытында атқарылған жұмыстарды егжей-тегжейлі түсіндірді.
– Полиция қызметінің негізгі бағыттарының бірі – қылмыстылықтың алдын алу мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Осыған орай атқарылған профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде, бөтен мүлік, оның ішінде мал ұрлығы, ұялы телефон ұрлықтарының азаюына қол жеткіздік. Жыл басынан адам өлтіру, қарақшылық, бопсалау, тонау және қалта ұрлығы сынды қылмыстарға жол берілген жоқ. Өткен мерзімде қару қолдану арқылы және отбасы тұрмыстық ортада жасалатын қылмыстарға жол берілмесе, қоғамдық орындарда мас күйінде, топ болып, бұрын қылмыс жасағандармен жасалған қылмыстар саны азайып, көшеде жасалған қылмыстар өткен жылмен бір деңгейде тұрақтады. Қарастырылған іс-шаралар нәтижесінде, мал ұрлығы қылмыс 27% төмендеді. Дегенмен, бұл қылмыс түрі азайсада, оның азаюы бізді босаңсытпайды. Оған себеп жалпы елдегі тұрғындардың негізгі күн көріс көзі олардың малы. Орын алғаны 15, мал ұрлығының 12-сі өрістен яғни, жайылымдық жерлерден, қалған 3-еуі қорадан ұрланғандар санатында. Жыл басынан орын алған мал ұрлығының 15 дерегіне талдау жасап қарағанда: 5-еуі Қоғалы ауылдық округінде, 4-еуі Тартоғай ауылдық округінде, 2-еуі Бәйтерек ауылдық округінде, бір фактіден Жуантөбе, Сұлутөбе, Тұран, Керделі, және аудан орталығында орын алған.
15 деректің 13-і ашылды. Ал Жуантөбе ауылдық округіндегі 1 бас жылқы ұрлығы мен кент орталығындағы 1 бас сиыр ұрлығы ашылмай отыр. Қазіргі таңда жедел іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Ауыл әкімдері, ветеренария қызметкерлері, ауылдарда пада ұйымдастырып бақтыру және мал жайылымы мәселелерін ерекше бақылауға алу қажет екенін тағыда ескерткім келеді, – деді сала басшысы.
Тағы бір айта кететін жайт, 22 ауылдық округтің 17-сінде, барлығы 37 пада ұйымдастырылса, қалған 5 ауылдық округте яғни, Сұлутөбе, Жөлек, Ортақшыл, Телікөл, Қарғалы ауылдарында пада мүлдем ұйымдастырылмаған екен. Малды қараусыз өріске айдау, оны біраз уақыт бойы бақыламау малды ұрлықшылардың оңай олжасына айналдырады.
Сонымен қатар Д.Беркімбаев құқық қорғау қызметі бойынша қолданыстағы заңнамаларға енгізілген өзгерістерде, оның ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылық деректері үшін жауапкершілік күшейтілгіндігін және скутерлерді басқару бойынша заңның күшіне енгендігін жеткізді.
– Заң күшіне енген уақыттан аудан көлемінде отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында жалпы 126 арыз-шағым мен хабарлама тіркелді. Тіркелген арыз-шағымдар мен хабарламалар бойынша Кодекстің 73 бабымен (отбасы шырқын бұзу) – 110 азаматқа, 73-2 бабымен (отбасы жанжалы кезінде ұрып соғып жарақат жоқ тән ауруына ұшырату) – 13 азаматқа, 73-1 баптың 1-1 бөлігімен (отбасы жанжалы кезінде ұрып соғып жеңіл дәрежелі дене жарақатын салу) – 3 азаматқа әкімшілік хаттама толтырылды.
Алдағы уақытта жаңа заң талаптарына сәйкес ауыр және аса ауыр қылмыстардың алдын алу, болдырмау мақсатында отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтарды «Мүлдем төзбеушілік» қағидаты аясында анықтау бағытындағы жұмыстар әрі қарай ұйымдастырылатын болады-деді бөлім бастығы.
Есеп беруде кәмелетке толмағандармен және оларға қарсы жасалатын қылмыстардың алдын-алу бағытындағы жұмыстар айтылды. Және интернет алаяқтықтың түрлері күн сайын жаңарып бара жатқандығын және жол-көлік оқиғалары жайлы да кеңірек талданды.
Есепті жиыннан ұққанымыздай өңірде кәмелетке толмағандар арасындағы 661 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Оның ішінде 591 факті сағат 23:00-ден кейін көшеде және қоғамдық орындарда жүру болса, 12 факті балаларының тәрбиесімен мүлдем айналыспайтын ата-аналар мәселесі. Тәрбие мәселесінен тыс қалған барлық ата-анаға әкімшілік Кодекстің 127-бабымен хаттама толтырылып, құжаттар сотқа жолданып әкімшілік шаралар көрілген.
Осы тұста айта кетейік, Қызылорда облысының Полиция департаментінде Киберқылмыстармен ауқымды күресетін «Киберпол» бөлімі ашылып, бірлесіп жұмыстар жүргізіліп жатыр екен. Десек те, аталған қылмыс түрі азаймай отырғаны белгілі. Осы мәселе бойынша полиция бөлімінің бастығы барлық тұрғындарды тез арада құлақтандыру мақсатында бірлескен іс-шара жүргізу керек екенін түсіндірді. Атап айтқанда аудандық қоғамдық даму бөлімі, ауыл әкімдері және жастар ресурстық орталығы жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде және қоғамдық орындарға қойылған «Лэд» экрандардың мүмкіндігін кеңінен пайдалана отырып тұрғындарға ақпараттық түсіндірме жұмыстарын жүршізу керектігін тілге тиек етті. Есепті жиында орын алған жол-көлік оқиғаларына да кеңінен талдау жасалды.
Полиция бөлімі бастығының айтуынша жол-көлік оқиғалары өкінішке қарай 20% (40-тан 48-ге), одан дене жарақаттарын алғандар 60% (48-ден 77-ге), қайтыс болғандар 50% (18-ден 27-ге) өскен. «Самара-Шымкент» республикалық маңызы бар жолдарда 18 жол-көлік оқиғасы, «Павлодар-Успенка» тас жолында 5 оқиға, аудан орталығында 16 оқиға, ауыларалық жолдарда 9 жол-көлік оқиғасы орын алған.
Жолдарда жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол көлік оқиғаларының алдын-алу іс-шараларының нәтижесінде, барлығы 5 489 құқық бұзушылықтар анықталған. Барлығына әкімшілік материалдар жинақталып сот шешімімен түрлі шара қолданылып, 80 азамат 15 тәулікке қамалып, жүргізуші куәлігінен 7 жылға айырылған.
Есепті жиында тұрғындардан қойылған сұрақтарға жауаптар беріліп, қатысушылар тарапынан полиция бөлімінің жұмыстарын оңтайландырып, жақсартуға бағытталған ұсыныстар мен пікірлер айтылды. Кездесу соңында алда атқарылатын жұмыстардың басым-бағыттары белгіленіп, жұртқа жақын полиция қағидаты аясында полицияның ашықтығын қамтамасыз ету, халыққа қолжетімді полицияның жүйесін одан әрі жетілдіру мәселесі қозғалып, есепті жиын қорытындыланды.
А.ИБРАШЕВА