ҚЫЛМЫСТЫҚ АХУАЛ ТҰРАҚТЫ
Апта басында аудандық полиция бөлімінің бастығы Дәулет Беркімбаев жергілікті БАҚ өкілдеріне жыл басынан бері атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесін баяндады.
Жалпы ауданда жыл сайын қылмыстық құқық бұзушылық төмендеп жатқанын байқауға болады. Мәселен, өткен жылғы есепті мерзімдегі қылмыс жасау деңгейі 33 процентке азайса, биыл 38 процентке төмендеген. Бұған әрине, полиция қызметкерлерінің тынымсыз еңбегімен қатар мемлекет тарапынан кейбір қылмыстарға тағайындалатын жазаның ауырлауы да әсер етіп отыр. Сонымен қатар қылмыстың азаюына елдегі карантиннің де әсері болғаны рас.
Жалпы ауданда жыл сайын қылмыстық құқық бұзушылық төмендеп жатқанын байқауға болады. Мәселен, өткен жылғы есепті мерзімдегі қылмыс жасау деңгейі 33 процентке азайса, биыл 38 процентке төмендеген. Бұған әрине, полиция қызметкерлерінің тынымсыз еңбегімен қатар мемлекет тарапынан кейбір қылмыстарға тағайындалатын жазаның ауырлауы да әсер етіп отыр. Сонымен қатар қылмыстың азаюына елдегі карантиннің де әсері болғаны рас.
– Аудан көлемінде криминогендік ахуалды сауықтыру бағытында жыл басынан бергі 5 айда жекелеген қылмыс түрлерінің алдын алуға байланысты 3 мәрте «Мал ұрлаушы», 2 мәрте «Пәтер», 1 реттен «Қару ұрлығы» мен «Соғым» жедел профилактикалық іс-шаралары ұйымдастырылды. Бұдан бөлек ҚР ІІМ-нің «Ұрлыққа қарсы іс-қимыл 2019-2020» бағдарламасының талаптарын орындау мақсатында осы жылдың 1 маусым мен 1 қазан аралығында республикалық «Қарасора» жедел профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр. Оған бөлім қызметкерлерінен 5 мобильдік топ құрылып, ұрлық және есірткінің заңсыз айналымына қатысты қылмыстарының алдын алу бағытында тәулік бойы рейдтік іс-шаралар жүргізілуде. Іс-шара барысында қызметкерлермен шалғай жерлердегі барлығы 86 малшы ауылдары тексеріліп, олардың егелері, мал саны, мал бағатын жалдамалы жұмысшылары, автокөлік түрлері және сақтаудағы қарулары нақтыланды. Сондай-ақ рейдтік іс-шара нәтижесінде заңсыз балық аулаудың 11 дерегі, ішкі істер органдарына тіркелмеген атыс қаруын сақтаудың 21 дерегі және есірткі затын аса ірі мөлшерде сақтаудың 1 дерегі мен қарасора өсімдігін еккен 2 егіс алқабы анықталды, – деген бөлім басшысы бұл бағыттағы рейдтік шаралар қазан айына дейін үздіксіз жалғаса беретінін жеткізді.
Қазіргі таңда 10 учаскелік полиция инспекторлары мен патрульдік полицияның 4 қызметкері кент орталығының 2 жерінде, теріскей бет пен Көкшоқы елді мекенінде әкімшілік аймақ бойынша екі ауысымда қызмет атқаруда. Ал полиция қызметкерлерінің тапшылығы әсерінен кентте жаңадан бой көтерген Байтерек, Ақорда, Береке, Шұғыла, Арай мөлтек аудандары полицияның күш-құралдарымен жабылмаған.
Сол себепті аптаның жұма, сенбі, жексенбі күндері аудан орталығында халықтың жаппай демалатын ойын-сауық және көңіл көтеру орындарына, сонымен қатар Бәйгеқұм елдімекеніндегі «Ханқожа» көліне жақын орналасқан елдімекендердің учаскелік полиция инспекторлары мен бөлім қызметкерлері толығымен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жұмылдырылып келеді. Нәтижесінде, қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар тұрақтанып, бұрын сотты болғандармен және мас күйінде жасалған қылмыстар едәуір төмендеген.
Брифинг барысында өткен жылдарға қарағанда қазір аудандағы тәртіптің деңгейі тұрақты екенін байқадық. Журналистердің сұрағына нақты әрі толық жауап берген Дәулет Сүлейменұлы:
– Қызметімізде кемшіліктер жоқ емес, орын алған әрбір кемшіліктер өзіміздің және департамент деңгейінде қаралып, себеп-салдары анықталып, оны болдырмау бағытында іс-шаралар қабылданып отырады. Біз үшін халықтың берген бағасы қашанда маңызды. Қоғамдық тәртіпті сақтау мен қылмыспен күресте халықтың сенімінен шығу үшін бар күшімізді салып, қызмет атқаратын боламыз, – деп уәде берді.
Төтенше жағдай кезінде дәрігерлермен қатар басын қатерге тігіп, тәулік бойы аяқтарынан тік тұрып, елдің тыныштығы үшін аянбаған полиция қызметкерлерінің жұмысына абырой мен табандылық тілеп тарқастық.
Гүлхан ЯХИЯ