Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚОЛЫ ЕПТІ ДӘРІГЕР

ҚОЛЫ ЕПТІ ДӘРІГЕР

Дана халқымыз «Тісі ауырғанның көңілін сұрамайды» деп бекер айтпаса керек. Шынында, кейде тісіміз ауырғанда өзімізді қоярға жер таппай кетеміз. Мұндай кезде біз не істейміз? Әрине, дереу тіс дәрігерге жүгінетініміз рас. Әсіресе кішкентай балалардың тісі ауырғанда мазамыз қашып кететіні жасырын емес. Дәл сондай сәтте тіс ауруын бірден ем-дом шарасын жасай кететін тіс дәрігерлерін қалайша дәріптемеске?! Ауданда олардың қатары жетерлік десек, балалар стоматологы – Дәурен Кенжебектің орны бөлек.
Кейіпкеріміз бүгінде Шиелі аудандық көп бейінді орталық ауруханасында балалар тіс дәрігері болып жұмыс істейді. Ол Ақтөбедегі Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінде білімін шыңдаған.
Алты жылдық оқуын тәмамдаған соң, туған жеріне қызмет етуге келеді. Сол кездегі жас маманның басты мақсаты – ауылдағы медицина деңгейін дамыту үшін туған жеріне сүбелі үлес қосу еді.
– Менің бұл салаға келуіме тікелей себепші болған үйдегі жақын жандардың қолдауы. Әсіресе, әкем әрдайым демеушілік көрсетіп, ақыл-кеңесін берді, – дейді Д.Ғалымұлы.
Қазіргі таңда Дәурен балалардың тісіне жіті назар аударып, олардың арасындағы тіс ауруының салдарын зерттеп жүр. Оны ол ­былайша түсіндірді.
– Алдымен әңгіме ауыз қуысы гигиенасы туралы болып отыр. Расымен, балалар арасында тіс жегіден зардап шегетіндер көбейген. Оның салдары неден? Басты себептері – тіс тазалау гигиенасының сақталмауы, дұрыс тамақтанбау, көмірсу тағамдарды көп пайдалану. Жалпы тісжегі дегеніміз – микроб. Тістің бетіне қақ тұрады. Егер бала аузын шаймай, тісін тазаламаса, тістің үстіндегі микроб көбейеді. Сонымен бірге тісжегінің көп болуы – қаназдықта. Бұдан бөлек, жүктілік кезеңінде аналардың керекті дәрумендерді қажетті деңгейде қабылдамағандықтан болады. Мүмкіндігінше, осылардың барлығын болдырмауға тырысу керек. Аналарға кеңес етілген витаминдер толығымен бала ағзасына жетіп отыруы тиіс. Тағы бір ескеретін жайт, балада тіс жарып шыққан алты айынан бастап аналар күтімге алса, мұндай олқылықтар орын алмайды. Қарапайым ғана күнделікті ауыз қуысының гигиенасын сақтап, дұрыс тіс щеткасы мен пастасын таңдап, күніне екі мезгіл тісін тазалап отырса, тіс жегі 20-30 пайызға ­азаяды, – деді балалар тіс дәрігері.
Дәрігердің айтуынша, балалардың енді көрініп келе жатқан тістерін сумен шайып, сүртіп отырған абзал. Өйткені баланың тамақтануы да үлкен маңызға ие. Тәтті тағамдар, газды сусындар, фаст-фуд өнімдерінде көмірсу көп мөлшерде кездеседі. Ал микроб сол дәмді тағамды жақсы көреді. Олар тістің сау жетілуіне керісінше әсерін тигізеді. Ауыз қуысының тістің кейбір ауруларға шалдықпауы үшін балаларға кальцийге бай – сүзбе, құрт жегізу керек. Ата-аналарға айтарым, әр алты айда стоматолог дәрігердің қабылдауында болғандары жақсы, – деді.
Кейде балалардың алдыңғы тістері үгітіліп, қарайып, тұқылдары қалғанын байқап та жатамыз. Ол неден екен?
– Оның себебі – уақытша тістердің ерте тісжегіге ұшырауы. Олардың құрылымы әлсіз келіп, сол себептен үгітіледі. Микробтарға қарсы тұра алмайтындықтан, тісжегі тісті бұзып, уақыт өте келе тістің көрініп тұратын бөлігі мүлдем жоқ болып, тек түбірі қалады. Қарайып тұрған тұқыл микроб. Десек те, біз тісті сақтап қалуға тырысамыз, өзегін тазалап, бер жағына пломба саламыз. Сөйтіп, уақытша тісті физиологиялық ауысымға жеткіземіз. Уақытша тістердің табиғи түрде, өз уақытымен түскені жақсы. Себебі уақытша тісті суыртсаңыз, ол жақтың өсуін тежейді, – деп түсіндірді.
Міне, осындай адал еңбегі мен терең білімі үшін Д.Кенжебек облыстық денсаулық басқармасы мен аудандық көп бейінді орталық ауруханасының Алғыс хаттарымен марапатталған. Сондай-ақ жылдың қорытындысымен жақында Жастар форумына қатысып, «Үздік жас дәрігер» номинациясына ие болды. Аудан әкімінің ­жастар сыйлығын алуы да үлкен табыс деп білеміз.
Ендеше балалардың күмістей күлкісі үшін жұмыс істеп жүрген қолы епті дәрігерімізді қалай мақтасақ та жарасады. Талай баланың тісін емдеп, қаншама ата-ананың алғысына бөленіп жүр. Ісіңізге сәттілік, жас маман!

Айнұр ИБРАШЕВА
27 желтоқсан 2023 ж. 402 0