Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » САХНА ДЕЙТІН БІР СИҚЫР

САХНА ДЕЙТІН БІР СИҚЫР

Әр мамандықтың өзіне тән қиындығы, қызығы, жауапкершілігі бар. Біреулер өзі таңдаған мамандыққа саналы түрде келсе, енді бірі кездейсоқ, өмірдің қақпақылымен, адамдардың нұсқауымен де бет бұрып жатады. Десе де, өнер саласына кез келген адам жүрек қалауымен келетіні ақиқат.
Ол алғашында ұстаздық жолды таңдады. Сөйтті де Тараз қаласындағы политехникалық колледжге «программист» мамандығына түсті. Тәмамдаған соң, кездейсоқ таңдаған мамандығын тастап, жүрек қалауымен өнер саласына келді. Ол Алғабас ауылдық мәдениет үйінде өнімді еңбек етіп жатқан Айнұр Ысқақова. Талай-талай бейнені сомдап, көрерменін тәнті еткен мінезді актриса. Тәкәппар жанға, аңыраған анаға, сылқым келіншекке айналу, образға ену кәнігі актриса үшін қиындық тудырмаса да, сахнаға шығарда алғаш рет көрермен алдына шыққан жас актрисадай қобалжитыны да анық. Өнер әлемі, сахна оны шыңдады. Өмірдің тезінен өткізді. Сан қилы жағдайлардан абыроймен шығуға үйретті.
– Өнер жолы қиын да күрделі. Оған сарқылмас жігер, қайтпас талап, айнымас мақсат керек. Біздің концерттік бағдарламалармен жүретін, басқа аудан, қалаларға шығатын кездеріміз көп болады. Осындай сәттерде отбасыңның қолдауы өте маңызды. Әсіресе, құдай қосқан қосағыңның. Аллаға шүкір, мен екі жолда да жаңылдым деп айта алмаймын. Өмірлік жан жарым мен мамандығым өзіме ұнайды. Сондай-ақ мен жұмыс істейтін Кенжебай Жүсіптің бастамасымен Алғабас ауылдық мәдениет үйінің жанынан құрылған «Қытық» әзіл-сықақ ұйымы бар. 2006 жылдан бастап мен сол ұйымның мүшесімін. Мен әншілікпен қатар, интермедия ойнап, монолог оқуға қатысамын. Талабы қатты көшбасшымыздың арқасында талай аудандық, облыстық жүлделерді иелендік. Бір сөзбен айтқанда, сахна дейтін бір сиқыр. Оның берері де, үйретері де мол екен. Әрбір бейнелі образ мейірімге, қайырымға, жақынның жанын ұғуға, алысты жақындата білуге үйретті, – дейді өнер иесі.
13 жыл сахнада өткен еңбек жолы еленбей қалмады. Мақтау қағазын, алғыс хаттарын алған сәттері өте көп. Әр мереке, театр күндері азды-көпті еңбегі еленіп басшылық тарапынан жақсы сөз, жылы лебіз естіді. Сол марапаттардың ішінде биыл Ақтөбе қаласында өткен Т.Ахтановтың 100 жылдығына орай өткен «Театр – өнердің ұлы көші» атты республикалық байқаудан І орынмен, «Мінекей, Мейірманның ізбасарлары» республикалық әзіл-сықақ байқауынан бас жүлдені иеленді. Ерекше қуанған сәті де сол. Театр сахнасында көз майын тауысып түндер бойы жаттайтын кейіпкердің диалогтары, мінезді ашу үшін, айтар сөзі мен ойнар ойынын шынайы жеткізу үшін күн-түн демей дайындалатын сәттер мен спектакльден кейін көрерменнің тік тұрып көрсетер құрметінің, дуылдай соғылған алақандарының дауысы актриса үшін ерекше қымбат.
Айнұр Ысқақовамен тілдескенімізде өнерге деген шексіз махаббаты аңқып тұрды. Тіпті көзінен әлі өнердің шыңына шығамын деген мақсатты байқадық. Айта кетейік, ол кейіннен Шымкент қаласында мәдениет саласы бойынша жоғары білім алып, жетілдірді. Өнер жолы қиын болғанымен, отбасының түтінін түзу шығарып отырған аяулы жар, асыл ана, ардақты келін.

Сұлушаш МАДИЯРОВА
21 желтоқсан 2023 ж. 232 0