Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлу жылы ма, әлде «дракон» ба?

Ұлу жылы ма, әлде «дракон» ба?

«Анашым, 2024 дракон жылы ма?» дейді балам. «Жоқ, босағадан аттағалы тұрған ұлу жылы» деп түсіндіргендей болдым. «Бірақ көптеген дүкендерде драконның суреті бар жаңа жылдық заттар сатылып жатыр, ұлудың бейнесін байқамадым» дейді таңғалып. Расында, жан-жағымызға көз тастасақ сөредегі заттардың бәріне дерлік «айдаһар» бейнеленген. Бұл сонда қалай?
Қазақ халқы ай санау, жыл санауды 12 санынан қайырып отырады. Бір жылда 12 ай бар. Ал жыл басы – тышқан. Әр күнге, айға дәл анықтама берген халық әр жылға да сондай тұжырым жасап, оны ғасырдан ғасырға есте сақтарлық қағида етіп қалдырған. Халықтық жыл санауға байланысты алғашқы деректерді сонау VІІІ ғасырдағы Күлтегін ескерткіштерінен һәм ХІ ғасыр ғұламасы Махмұт Қашқари еңбектерінен көруге болады. Зерделесек, осынау дәстүр сол ескі заманның өзінде-ақ аңызға айналып кеткен екен. Демек, жыл санау тарихының тамыры тым әріде жатыр. Халықтың осы бай тәжірибе-тағылымы сол жылдардың өзіндік сипатына сәйкес келеді. Мысалы Тышқан жылы – тыныштық, Сиыр жылы – сыйлық, Барыс жылы – байлық, Қоян жылы – қамбалы, Жылан жылы – жайлы, Жылқы жылы – жұтсыз, Қой жылы – құтты, Мешін жылы – мерейлі, Тауық жылы – табысты, Ит жылы – игілік, Доңыз жылы – дүниелі деп әр жылға жақсы ниетпен сипаттама беруінің өзінде үлкен мән жатыр. Ал Ұлу жылын «Ұлы жыл» немесе «Үлгілі жыл» деп санаған. Байқағанымыздай, қазақша жыл қайыруда балалар айтып жүрген «дракон» яғни айдаһардың бейнесі жоқ. Олай болса бұл айдаһар жылы қайдан шықты?
Айдаһар туралы ертегілерді бәріңізде білетін шығарсыздар? Ол барлық дерлік ұлттың мифологиясында, әдебиетінде, аңыз-әңгімелерінде кездеседі. Оның бейнесі, тұрқы, мінезі туралы түсінік әр ұлттың ұғымында әртүрлі қалыптасқан. Бағзы бір халықта ол қатыгездік пен зұлымдықтың белгісі ретінде бағаланса, кейбір елде адалдық пен данышпандық образына баланады.
Айдаһарлар көп жұрттың, әсіресе, күллі Батыстың, славян тектестердің, жапон, қытай, кәрістердің мифологиясында көрініс тапқан. Мәселен, румын мифологиясында – Балаур, Скандинавия елдері аңыздарында Фарнир деген айдаһар бейнесі ұшырасады. Норвегия, Британия елдерінің айдаһарлары – Виверлар деп аталады. Олар қаһарлы, жағымсыз бейне ретінде танытылады. Аузынан от шашып тұрады, қос қанаты болады. Бірақ аяқ-қолсыз кейіпте суреттеледі.
Ал корей айдаһары қытайдыкімен бауырлас болғанға ұқсайды. Образы да, мінезі де ұқсас. Оның не қанаты, не қол-аяғы болмапты. Тіпті от шашырататын қаһарын да ешкімге көрсетпеген дейді. Тек ирелеңдеген денесінде 81 қабыршағы және сақалы бар екен. Ол кәрістерде данышпандықтың, сабырлылықтың, әділдіктің белгісі саналыпты. Ал енді сол аңыздағы айдаһарларды ұмытпақ түгіл, оны әлі күнге дейін қастерлеп, қасиетіне құлдық ұратын ұлт бар. Ол – қытайлар. Және басқаларға қарағанда, олардың айдаһары ең құдіретті, ақылды, ойлы болып саналады. Оның ықпалы қазіргі күнге дейін жүреді.
Қытай елінің мәдениетін көзбен көріп, айдаһар жылын ерекше дайындықпен күтетінін сөз еткен қытайтанушы Д.Омаров әлеуметтік желіде бір оқиғасымен бөліскен екен.
– Бейжіңге табан тірегеннен кейін кеңес берген бауырларымның бір маңызды фактіні ескермегенін ұқтым. Мен перзентімді күткен жыл – ұлу (айдаһар) жылы екен! Ауруханада орын бос емес және 2013 жылдың ақпанына дейін босамайды деген хабар алдым. Адам жатпаса да, босанатын уақыты келмесе де, орындарды алдын ала меншіктеп (броньдап) қойған екен пысық біреулер. Әркім өз «айдаһарын» күтіп жүргенге ұқсайды. Әйтеуір, тұңғышымның несібесі бар екен. Бейжіңдегі елшілік қызметкерлерінің, сондағы жергілікті қазақтардың көмегінің арқасында бір орын табылды-ау, әйтеуір. Сөйтіп, қаптаған қытай «айдаһарларымен» қабаттасып, менің Сая деген қызым дүниеге келді. Қызық болғанда, ол осы елдің жаңа дәуірін бастаған жаңа басшы тағайындалған күні туды. Сол кездері таңғалғанмын. Айдаһарға бұлардың сонша есі кеткені несі-ей деп. Қалай болғанда да қытайлардың қиял-ғажайыптан туған мифологиялық бейнені қадірлеу дәстүрі таңдай қақтырады, – дейді, ол.
Ырымға сенгіш қытайлар құрылыста айдаһар бейнесін өте көп қолданады. Есіктің тұтқасына, шатырдың жиегіне, тіреуге, қоңырауға және тағы басқа бұйымдарға оның бейнесі әдіптеледі. Мұның бәрі айдаһар әр үйді жын-перілерден сақтайды деген сеніммен жасалады екен. Ал балалардың ұлуды айдаһармен шатастыруына саудагерлердің қатысы бар екен. Неге?
– Менің саудамен айналысқаныма 10 жылдан асты. Бұрындары тауарды көтерме бағада Түркістаннан немесе Алматыдан алатынмын. Қазір Қытай елімен тікелей сауда-саттық жасайтын онлайн сайттар көп. Бағасы әлдеқайда арзан. Мәселен, қазір «Пиндуододан» кез келген адам өзінің қалаған затын алуда. Желтоқсан айы басталғаннан жаңа жылдық заттарға сұраныс арта бастайды. Сол себепті «Пиндуодо» сайтынан мерекелік киімдер, ойыншықтарға тапсырыс беріп жатырмыз. Қытайдан келген заттардың ішінен айдаһар бейнесі бейнеленген құттықтаулар немесе заттар қосылып келуде, – дейді Айнұр.
Демек, сауда дүкендерінде «Дракон» бейнеленген жаңа жылдық заттардың көбеюі Қытайдан келетін тауарларға байланысты деп топшыладық. Себебі, Қытай елінің жыл санағында 2024 жылдың ақпан айынан бастап айдаһар жылы басталады екен. Сондықтан олар әр тауарға жыл бейнесі салынған жаңа жылдық құттықтауларды қоса салады. Ал қазақы таным мен наным-сенімімізге сүйенсек 2024 жылдың наурыз айы­нан бастап ұлу жылы табалдырығымыздан аттамақ.

Г.ӘБДІХАНИ
21 желтоқсан 2023 ж. 1 171 0