Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ерлер – елдің тұтқасы

Ерлер – елдің тұтқасы

Биыл ауданда көктемгі әскерге шақыруға жататын 323 адам бар. Көктемгі меже бойынша 50 азамат Отан алдындағы борышын өтеуі керек болған. Алайда өз еркімен медициналық сараптамадан 91 азамат қана өткен. Оның 67-сі студент. Ал күзгі және көктемгі шақыру бойынша кенттен 55 азамат әскер қатарына аттанған.
Иә, әрбір адам үшін өз Отаны ыстық. Міне, бүгінде өз Отанын сүйген батыр бабаларымыздың арқасында Тәуелсіздігімізге 32 жыл толып отыр. Осы ретте, жұма күні Арман мәдениет үйінде «Патриот болу – өз Отаныңды шын жүректен сүю» тақырыбында мерекелік іс-шара өтті.
Іс-шараға Шиелі ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы, подполковник Руслан Шарипбаев, Шиелі ауданы әкімі аппаратының жұмылдыру дайындығы және аумақтық қорғаныс бөлімінің бас маманы Олжас Әлиев, Тәжік-Ауған шекарасындағы ұрыс қимылдарының ардагері Фархад Жұмабаев, Арман мәдениет үйінің директоры Нұргүл Шәлекеева, мектеп оқушылары қатысты.
Шара барысында кент әкімі Аманкелді Өмірәлі сөз алып, Тәуелсіздігіміздің 32 жылдығымен құттықтады.
– Отан алдындағы борышын өтеу – әр азаматтың қасиетті парызы. Бұған үлкен адалдық пен жауапкершілік керек. Әскер қатарында болу – күш-жігерді, батылдықты, шыдамдылықты және Отанға адал қызмет етуді үйретеді. Әскер – жігіттің нағыз шыңдалатын мектебі. Сондықтан жастарды елін, жерін сүйетін, рухты, патриот етіп тәрбиелеу мақсатында бөлім тарапынан жыл бойы үзіліссіз жұмыс жүргізіледі, – деді.
– Ер азамат ер болып дүниеге келген соң, олар уақыты келгенде Отан алдындағы борышын өтеу керек. Егеменді еліміздің шекарасын күзетіп, елге жасаған кішкене ғана еңбек қашан да тәтті болмақ. Жасампаз жастар әрдайым жалындап, елім деп еміреніп тұрғанда Тәуелсіз еліміздің ертеңі мәңгі болмақ. Бүгінгі ұйымдастырылған шараға алғыстан басқа айтарымыз жоқ, – деді Шиелі ауданы әкімі аппаратының жұмылдыру дайындығы және аумақтық қорғаныс бөлімінің бас маманы Олжас Әлиев.
Мерекелік шарада бірқатар сала мамандары, әскер қатарына аттанған және Отан алдындағы борышын өтеп келген азаматтардың ата-аналары марапат төрінен көрінді. Шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

Айгерім Кенбаева,
Шиелі кенті әкімі аппаратының әскери есеп жөніндегі жетекші маманы
13 желтоқсан 2023 ж. 235 0