Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » МЕН ДЕ ГАЗЕТ ОҚЫРМАНЫМЫН

МЕН ДЕ ГАЗЕТ ОҚЫРМАНЫМЫН

Жергілікті басылымды шиеліліктер жата-жастана оқиды. Бірде таксиге отырдым. Таксисттің алдында шағын қобдиша бар екен. Іші толған газет. Көз тастап едім, «Өскен өңір» көзіме оттай басылды. Сөйттім де дереу такси жүргізушісін әңгіме тарттым. Есімі – Құрманбай Қошқаров. Жасы 63-те. Таксист. Иә, кәдімгі таксист. Жиырма жылдан бері қара тұлпарды тізгіндеп, кент орталығында жолаушы жинап тұрады. Клиенттерін ауданның кез келген бұрышына еш әуресіз жеткізеді. Ол газетімізге 2013 жылдан бері үзбей жазылып келеді екен.
– Қазір көпшілікке ғаламторсыз өмір сүру мүмкін еместей көрінеді. Себебі шұғыл ақпаратты сол жерден таба алады. Дегенмен маған интернет ақтарғаннан гөрі газет-журнал оқыған әлдеқайда ыңғайлы. Сондықтан да «Өскен өңірдің» әр санын қалт жібермеймін. Мен де газеттің 10 жылдан бергі тұрақты оқырманымын. Газетті қолға ұстап, тіпті иісін сезіп оқығанға не жетсін?! Ол ой-өрісіңді кеңейтіп, жан-дүниеңді байытады. Әсілінде, шағын экранның арғы жағындағы кей жұтаң дүниелерді көргеннен, ел ішіндегі жаңалықты, елеулі оқиғаны, рухани-танымдық мақалаларды газет арқылы қолыңа ұстап оқығанның әсері тым ерекше. Ал кітап оқудан алшақтап, ойын қағаз бетіне түсіре алмайтын ұрпақ өспесін десек, газеттен бас тартпауымыз керек, – деп ойын бүкпесіз жеткізді.
Кейіпкеріміздің бұл жауабына дән риза болып, «Зейнет жасындасыз. Осы жасқа келгенде рөлге отыру ауыр емес пе?» дедім.
– Мен жұмыссыз отыра алмайтын жанмын. «Рөлге отырған ауыр ма?» дейсің. Отырған ауыр шығар, бірақ жатқан одан да қиын. Сол себепті сүйікті кәсібімді жалғастыра бергім келеді. Қарап жатуға дәтім шыдамайды. Жастарға үлгі болғым келеді. Оларды жастайынан еңбекке баулыса, қазіргідей түннің жарымын жын қуғандай ойын-сауық орындарда қыдырып, тіпті, шарбақтарды құлатып, қоғамға зиянын тигізбес еді. «Жұмысы жоқтық аздырар адам балсын» дейді ғой Абай. Өзін-өзі асырап, осылай тасымалдаушы болып қызмет атқарса деген ой, – дейді Құрманбай Қошқаров.
Ары қарай басылымның бүгінгі бейнесі жайлы шүйіркелесіп, діттеген жерге демде жете қалдық. Таксиден түсе бергенімде: «Кешегі ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» дегенді бекер айтқан жоқ. Бұл баспасөзге зор жауапкершілік жүктейді. Осыны жіті ұғынған «Өскен өңір» газеті бұдан кейін де оқырманның үдесінен шығып, ұлттың ұпайын түгелдеп, жоғын жоқтай береріне кәміл сенемін. Ұжымдарыңызға тек қана шығармашылық табыс пен жарқын жетістіктер тілеймін. Газеттің ғұмыры мыңжылдықтарға жалғассын! – деп ағынан жарылды ақсақал.
«Әумин! Біздің басылым сіздердей ойлы оқырманымен ғұмырлы» дедім де, жөніме кете бардым. Осындай сөзді естіп, бір марқайып қалғаным рас. Басылым бетіне жарияланған мақалаларға сын-пікір айтып, журналистің ойына ой қосып отыратын мұндай жандар шығармашылық ұжымның шабытын шалқытып, газет жұмысының жандануына атсалысады. Жасыратыны жоқ, газетке жазылып, тұрақты оқырманы болу да сол басылымды өміршең ете түспек. Олай болса, құрметті оқырман, киелі мекеннің айнасы «Өскен өңір» әрдайым қолыңыздан түспей, жан серігіңізге айналсын дегіміз келеді.

Сұлушаш МАДИЯРОВА
11 желтоқсан 2023 ж. 187 0