МАҢЫЗДЫ ҮШ МӘСЕЛЕ
Сот жүйесінің жеті түйіні
Бұл дамудың жеті басым бағдарламасы. Командалар жұмысын 3 ай бұрын бастады. Біреуге бұл көп уақыт болып көрінер, бірақ осындай көлемді міндет үшін 3 ай – қысқа мерзім.
Әрбір бағдарлама бойынша жобалық менеджмент негізінде мыналар әзірленді:
– проблемалар мен міндеттер;
– бағдарламаның жарғысы;
– логикалық шеңбер;
– жұмыстардың иерархиялық құрылымы;
– 2018, 2019 және 2020 жылдарға күнтізбелік жоспар.
Бұл атауларды сіз алғаш рет естуіңіз мүмкін. Бірақ, көздеген мақсаттарға жетеміз десек, бұл өте қажет құралдар.
Осыған қатысты екі мәселе.
Біріншісі. Бұл құжаттарды әзірлеуге бүкіл сот жүйесі, адвокаттар, жанашыр азаматтар қатысты.
Командалар олардың барлық ұсыныстарын жинап, мұқият талдап, жіктеп, мерзімдері мен шешу алгоритмдерін көрсетіп, нақты мақсаттар мен міндеттерді белгіледі.
Бұл құжаттар біздің порталда, Интернетте бар. Олар әлі күнге дейін қоғамда кеңінен талқылануда.
Екінші мәселе. Біз үшін ең маңыздысы – ол командалардағы адамдарымыз. Әрбіріне қойылған міндет – тек бағдарлама. Олар бар күш-жігерін өздеріне жүктелген бағдарламаны сапалы орындауға жұмсайды.
Ертең, 27 сәуірде Жоғарғы Соттың Жалпы отырысының Президиумында мына мәселелерді бекітеміз: Даму жөніндегі кеңес, жобалық құжаттар, командалар және Жобалық офистің құрамы.
Команда мен Жобалық офис үшін ең басты міндет – жеті басым бағдарламаны іске асыру.
Бұл әріптестеріміз ағымдағы жұмыстан, тапсырмалардан, қызметтік хат-хабардан толық босатылған. Алаңдамай жұмыс істеу үшін осындай қадамға бардық.
Бұл бағытқа басшылық жасайтын – Соттардың қызметін қамтамасыз ету жөніндегі департамент басшысының орынбасары Қасенова Әсия Бәкенқызы.
Жобалық менеджмент – жетістікке жетудің бірден-бір құралы.
Шұғыл жеңістер
Өткенде айтқанымдай, сот жүйесінің өзекті мәселелерін іріктеп алдық. Олардың көбісін осы жылы-ақ шешуге болады. Әрбір проблемаға Жоғарғы Сот судьясы немесе судьялар тобы бекітілген. Бейсенбі, жұма күндері сағат 16.30-да олар нақты шешу жолдарын ұсынады.
«Шұғыл жеңістер» тізімінде 37 тақырып бар. Осы кезге дейін оның 9-ы пысықталды. Тізімнен тыс үш тақырыпты талқыладық: Сот төрелігі академиясының келешегі, түнгі соттар және соттағы татуласу.
Тізім қатып қалған құжат емес. Толғағы жеткен проблема болса және оны шешу жақсы нәтиже беретініне көзіңіз жетсе – ұсыныңыз. Қарап, тізімге қосамыз.
«Шұғыл жеңістер» бойынша түскен ұсыныстар не бірден іске асырылады, не оларды «Сот жүйесінің жеті түйіні» бойынша құрылған командалар талқылайды.
Бүгінгі күні «Шұғыл жеңістер» бойынша нәтижелер:
– сот процестеріне гаджеттермен кіруге рұқсат берілді;
– соттардың жұмысын бағалау рейтингісі күшін жойды;
– Академияның жаңа стратегиясы әзірленуде;
– сот актілерінің жаңа параметрлерін жасадық;
– жергілікті соттарды кешенді тексеруді алып тастадық;
– судьялардың үстінен түскен шағымдарды қарау тәртібін белгіледік;
– артық процедуралардың тізімі бар, заң жобасы әзірленуде;
– пилот түрінде виртуалды сот жұмысын бастады;
– түнгі соттар бойынша пилот жасаудамыз;
– соттағы татуласу бойынша пилот іске асырылуда.
Жақын арада келесі сұрақтар қаралмақ:
– сот төрелігін мемлекеттік тілде жүргізу;
– жемқорлық істері бойынша неге айыппұл саламыз?
– адамдарды қамау және мүлікке тыйым салу неге көп?
– шартты түрде мерзімінен бұрын босату, жазаны жеңіл түрімен ауыстыру және басқалардан бас тарту неге көп?
Бұл сұрақтар бойынша уақтылы ақпарат беретін боламыз.
Дамыту тұжырымдамасының негізі
Дамыту тұжырымдамасының негізі «Сот жүйесінің жеті түйіні» мен «Шұғыл жеңістер» судьялардың, адвокаттардың, белсенді азаматтардың мыңдаған ұсыныстарының негізінде жасалды. Олар Сот жүйесін дамыту тұжырымдамасының мықты негізін қаламақ.
Ол не үшін керек? Бізде неше түрлі стратегиялар, бағдарламалар, тұжырымдамалар көп емес пе деулеріңіз мүмкін.
Иә, ол рас. Бірақ, осы бағдарламалардың потенциалын толық пайдалану үшін бізге бірыңғай құжат қажет. Онда қазақстандық сот жүйесін дамытудың стратегиялық міндеттерін белгілейтін боламыз.
Тұжырымдама идеологиясы мына құжаттарға сүйенеді:
– Рухани жаңғыру, Ұлт жоспары, Цифрлы Қазақстан, Стратегия – 2025, 2050 және т.б.;
– ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына ену жөніндегі Елбасының тапсырмасы. Бұл бізге тікелей қатысты.
Өйткені, адам құқығы, бизнесті қорғау, инвестициялық климат, азаматтарымыздың әл-ауқаты, мемлекетіміздің гүлденуі – мұның барлығы бүкіл сот жүйесіне, әрбір судьяға жүктелген міндет.
Ең маңызды мәселе
Біз үшін ең маңыздысы технология немесе ноу-хау емес, тек адамдар.
Білікті кадрлар болмаса, жақсы стратегия да, керемет жоспар да, тамаша идея да құр сөз болып қала береді.
Біз әрбір әріптесіміздің бойынан сот төрелігінің сапасын арттырсам, сот қызметін жақсартсам, беделін көтерсем деген ұмтылысты, жаңашылдықты көргіміз келеді.
Әрбіріңізге айтарым, сот ғимаратына кіргенде, сот процесін ұйымдастырғанда, сот актісін әзірлегенде, адамдармен сөйлескенде айналаңызға зер салыңызшы. Фойені, отырыс залын, тіпті жиһаздың қалай тұрғанына дейін байқап көріңіз. Осының бәріне қарапайым адамдардың, күнделікті келушілердің көзімен қараңыз. Оларға ғимарат қолайлы ма? Кедергі жасайтын ештеңе жоқ па? Сіз дайындаған құжат оларға түсінікті ме? Адамдармен жылы сөйлесе аласыз ба?
Сапалы сот актісі, шағымға берген жауабыңыз, сөйлесу мәдениетіңіз арқылы Сіз халықтың құрметіне ие боласыз.
Тағы бір маңызды мәселе – Жоғары Сот Кеңесі басшылығының белсенді позициясының арқасында жақында судьяларды іріктеудің озық үлгілерін енгізбекпіз. Сонда жас судьялар да, қызметтегі судьялар да кәсіби, іскерлік, жеке қасиеттерін шыңдайды деген сенімдемін. Бұл сот жүйесіне халық сенімін одан әрі арттырудың кепілі.
Елбасымыздың бізге берген басты тапсырмасы осы.
Енді қызықты мәселе
«Ауыз толтырып» айтатын қызықтар көп, бірақ оның барлығына уақыт жете қоймас.
Өздеріңіз білесіздер, сот шешімдері мен үкімдері туралы Жоғарғы Соттың нормативтік қаулыларын қабылдадық. Онда сот актілеріне қатысты нақты талаптарды бекіттік. Бұл талаптар 1 қыркүйектен бастап күшіне енеді. Дегенмен, бұл мерзіммен шектелмей, қазірден бастап іске кірісуге болады.
Жақында қызметкерлеріміз бен судьяларды оқытуды бастаймыз. Жоғарғы Сот судьялары, Департамент қызметкерлері, филология, риторика мамандары өңірлерге шығып, семинар, тренингтер өткізуді жоспарлап отырмыз.
Сонымен бірге «Ең үздік сот актісіне» конкурс жарияланады. Қатысамын деушілерге ешқандай шектеу жоқ. Жеңімпаздарға сыйақы, алғысхаттар, кезектен тыс демалыс беріледі. Өзге де сый-сияпаттар бар.
Комиссия жұмыстарға іріктеу жүргізіп, сот актілерінің үздік үлгілерін кітап етіп шығарады.
Кейін ол кітап жас судьяларға да, қызметтегі судьяларға да кәсіби шеберлігін жетілдіруге көмектеседі.
Бұл жобаға жетекшілік жасайтын – Жоғарғы Соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасы хатшылығының меңгерушісі Айсұлу Сламбекова.
Сот актілері – сот жүйесінің «өнімі». Сондықтан, құрметті әріптестер, сот актілерінің сапасына аса мән беруіміз керек. Себебі, бұл адам тағдырына тікелей байланысты.
Судьялар күніне 12 мыңнан астам шешім мен үкім шығарады. Егер әр іске кемінде екі адам қатысса, бұл актілер күніне 24 мың адамға қатысты шығарылады деген сөз. Олар соттардың жұмысының нәтижелері туралы, шешімдердің сапалы шыққанын отбасына айтса, күніне 100 мың адам хабардар болады. Бұл санды 230 жұмыс күніне көбейтсек, миллионға жуық адам сот қызметі жайлы біліп отырады.
Сондықтан заңсыз шешімдерге жол бермеуіміз керек.
Сөзімнің тобықтай түйіні, алда мамыр мерекелері. Екінші дүниежүзілік соғыста тылда маңдай терін төгіп, майданда жанқиярлық ерлік көрсеткен туыстарыңызға, жақындарыңызға Жеңіс күнімен құттықтауымды, қаһармандық істеріне деген зор құрметімді жеткізулеріңізді сұраймын.
Құрметті әріптестер, сіздерді мамыражай мамырдағы мерейлі мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтай отырып, шаңырақтарыңызға шаттық, амандық-саулық, қызметте толағай табыс тілеймін!
Жақып Асанов,
Жоғары сот төрағасы