Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Шиеліге ипотекалық тұрғын үй салынбақ

Шиеліге ипотекалық тұрғын үй салынбақ


Дана Аман,
аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруа­шылығы (ТКШ) жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:
Елбасы Н.Назарбаев ҚР Парламентінің біріккен отырысында қазақстандықтардың пәтерге қол жетімділігін арттыратын «7-20-25» бағдарламасы іске қосылатынын мәлімдеген болатын. Ондағы бірінші мәселе «Бұл – әрбір отбасыға үй алуға жағдай жасау. Біз соңғы жылдары азаматтарымыздың үй алу мүмкіндігін кеңейту үшін көп жұмыс істедік. Өткен жылы ауданы 11,2 млн. шаршы метр болатын тұрғын үй салынды. Бұл – бұрын болмаған рекордтық көрсеткіш. Алайда, бұл атқарылған жұмыстар жеткіліксіз. Әлі күнге дейін көптеген отбасында өзінің үйі жоқ. Бұл әлеуметтік маңызы бар проблеманың бірі. Біз ипотекаға қолжетімділікті арттырып, осы мәселені шешу үшін барлық жағдайды жасауымыз керек», – деді Елбасы. Осы орайда ол әрбір жұмыс істейтін қазақстандықтың пәтер алу үшін тиісті жағдай жасалатынын жеткізді. Ол үшін арнайы бағдарлама да іске қосылмақ. «Әрбір жұмыс істеуші азамат пәтер сатып алу үшін тиісті тетіктерді қарастыруымыз керек. Ол алған қарызын отбасылық бюджеттің мүмкіндігін қарастырып төлеп отыруы қажет. Сондықтан мен «7-20-25» бағдарламасын іске қосуды ұсынамын. Яғни, бір жұмыс істеп отырған қазақстандық ипотекаға келесі талаптар бойынша үй алатын болады. Ипотекалық несиенің жылдық мөлшері 14-16% емес, 7% құрайды. Егер қазіргі таңда банктер ипотекалық несиенің міндетті бастапқы жарна 30%, кейде 50% талап етсе, енді міндетті алғашқы жарна 20% аспауы керек. Ал, ипотека 10-15 жылға емес, 25 жылға берілуі керек. Бұл азаматтар төлейтін ай сайынғы ақшаның мөлшерін азайтады», – деп түйіндеді сөзін Мемлекет басшысы.
Ипотекалық тұрғын үй Шиелі ауданынан да бой көтеретін болады. 90 пәтерлік 5 тұрғын үйдің жобалық сметасы әзірленіп, республикада қаралуда. Алдағы уақытта РУ-6 аспалы көпірінің оң жақ жағалауынан құрылыс басталады деп жоспарлаудамыз. Яғни, аудан тұрғындарының өз баспаналары болуы үшін, тиімді бағдарлама арқылы ұсынатын тұрғын үйге қолжетімділік арта түспек.
07 наурыз 2018 ж. 1 132 0