Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БІР БАСЫНА МЫҢ САН ӨНЕР ТОҒЫСҚАН

БІР БАСЫНА МЫҢ САН ӨНЕР ТОҒЫСҚАН

«Өнердегі өзіңді емес, өзіңдегі өнерді бағала» деген тәмсіл бар. Мағынасы қандай десеңші! Осы ұстынды жолбасшы еткендер халық жүрегінен орын алары хақ. Өнер деген киелі ұғымды кірлетпей, аудан мәдениетінің дамуына сүбелі үлес қосып жүрген Меруерт Жомартовамен жүздестік. Ол бүгінгі таңда Б.Қабылұлы атындағы мәдениет үйінде «көпшілікпен жұмыс және мәдени шараларды ұйымдастыру» бөлімінде меңгеруші.
– Өмірде әйелсіз, анасыз. Ал мәдениет саласында майталман мамансыз. Өзіңіз «қай жағынан жолым болды» деп ойлайсыз?
– Иә, шүкір. Мен бұл өмірде жолым болған адаммын. Өмірде дейтінім, өмірлік серігім түсінігі мол, өзі өнер адамы болмаса да, маған әркез қолдау білдіре алды. Өнерде де жолы болды деген осы шығар деп ойлаймын. Сол себепті мен өмірде де, өнерде де жолы болған жанмын десем, қате айтпағандығым.
– Мәдениет саласына қалай келдіңіз? Қиындығы қырық орам мамандықты таңдауға не түрткі болды?
– Абай туған топырақта, яғни Семей жерінде дүниеге келдім. Ұлы есімнің ерекше қасиеті менің өмірге, өнерге деген құштарлығымды арттыра білді. Мен бұл мамандықты мектеп табалдырығында жүргенде таңдап қойғанмын. Оқушы кезімде білім шаңырағындағы барлық шараларға білек сыбана қатысатынмын. Концерт жүргізем, ән айтып, тіпті би де билейтінмін. Арманым – үлкен сахнада өнер көрсетіп, анамды мақтан етіп, гүл шоқтарын табыстаймын дейтінмін. Қыз балаға өнер жолы ауыр деп жатады. Егер өмірлік жары түсініп, қолдап тұрса, ешқандай да ауырлығы жоқ. Өнер деген әркімнің бойына беріле бермейтін, Алланың үлкен сыйы. Сол бақыт менің өн бойыма бұйырған екен. Демек, мен оны абыроймен алып жүруім керек.
– Бүгінде аудандық мәдениет үйінде еңбек етіп келесіз. Б.Қабылұлы атындағы мәдени-шығармашылық ұжым соңғы уақытта республикалық, аймақтық байқаулардан жиі бой көрсетіп жүргенін де білеміз. Осы тұста жеткен жетістігіңіз жайлы сөз өрбітсек.
– Менің өнер жолындағы шарықтау шегім - осы Шиелі ауданындағы мәдениет бөлімінде деп мақтанышпен айта аламын. Қанша ұстаздардың тәрбиесін алдым. Шиеліге мен 2009 жылы 23 ақпанда келдім. Алланың қалауымен ақ келін атандым. Мәдениет үйіне де сол жылы орналастым. Қазіргі таңда 14 жыл болыпты. Осы жылдар ішінде дүниеге 2 ұл, 2 қыз алып келдім. Шүкір. Кейінгі дегеніңіз яғни, осы жылдағы байқауларды айтып тұрсаңыз... Жылдың басында Ақтөбе қаласында республикалық театрлар фестивалі өтті. Соған Тахауи Ахтановтың «Махаббат мұңы» қойылымымен барып қайттық. Аталған қойылымда басты рөлді сомдау маған бұйырды. Өзімнің оң иығыма дөп келген рөл болды деп есептеймін. Сол фестивальде «үздік» деп танылып, І орынды қанжығамызға байлап қайттық. Сосын наурыз айында Қостанай қаласында республикалық сатира байқауы өтті. «Жадыра ойын-сауық орталығымен» барып, өнер көрсетіп, ІІІ орынды иелендік. Сатира жағынанда өзімнің бағымды сынап көрдім десем де болады. Бикен Римованың 100 жылдығына арналған «Мың әйелдің мінезін көрсеткен Бикен» атты облыстық монолог байқауы өтті. Ол жерден де төбе көрсетіп, бас жүлдеге ие болған жайым бар. Қазалы ауданында өткен жас аналар байқауына қатысып, бұл жарыста бас жүлдеге лайық деп танылдым. Биылғы жеткен жетістігім осы.
– Аядай ғана мәдениет үйінде көпшілікке театрлық қойылымнан үзік-үзік сый жасайсыздар. Ең алғаш қай рөлді сомдадыңыз?
– Ең алғаш 2013 жылы қазіргі таңда мәдениет үйінде кәсіпорын директоры Зульфия Шалабаеваның режиссерлігімен Әкім Таразидің «Қыз махаббаты» атты қойылымды көпшілікке ұсындық. Мен сол жерде басты кейіпкер Сания есімді батыр қыздың рөлін сомдадым. Сол жылы Алматы қаласында өткен «Рауан» атты театрлар байқауына қатысып, бас жүлдені еншілеп қайтқанымыз есімде.
– Өзіңізге сын көзбен қарай аласыз ба?
– Әрине, мінсіз адам болмайды. Өзімді өте қатты сынаймын. Әр істі бастар алдында қатты қобалжимын. Сахнада өнер көрсетіп болған соң, міндетті түрде сын көзбен қарап, кемшілігімді түзеп отырамын. Сынды қабылдай білемін. «Сырт көз - сыншы» деген бар. Өмірдегі, өнердегі сыншым - екінші анам. Яғни енем. Ұдайы сол кісіге көрсетіп, кемшін тұстарын түзеп отырамын.
– Өмірлік ұстанымыңыз қандай? Көңілізге қандай қанатты сөз жақын?
– Өмірлік ұстанымым - сахнаға сатқындық жасамау. Бұйырған нәпақамды тойдан да тауып жүрген шығармын. Бірақ сахнаның орны бір бөлек. Ол - киелі.

С.Мадиярова


28 қараша 2023 ж. 254 0