Бала тасыған көліктің жайы қалай?
Бұрындары ауылдағы ағайындар жұмысқа баратын уақытта балаларын көршісіне немесе туысқандарының үйіне қалдырып кететін. Сол уақытта бала жайы бас қатырар мәселеге айналып, күн тәртібіндегі түйіткілдер қатарында тұрды. Ауданда «Балапан» бағдарламасы аясында біраз балабақшалар бой көтеріп, үй-үйді жағалап жүрген балалар сонда бара бастады. Осы игі істі кәсіп еткен жандар халықтың да алғысын арқалады.
Дегенмен бала бағуды жан бағуға балайтын халықтың көңілінде күпті болған мәселелер де болды. Бұлай дейтініміз, бала тасыған көліктің жайы көпті алаңдатты. Осыдан бірнеше апта бұрын Түркістан облысында бала тасыған көлік балақайды қағып, соңы қайғылы жағдаймен аяқталған болатын. Одан бөлек өткен жылдары облыс орталығында балаларды тиеген газель автокөлігі жолдың қарсы бетіне шығып кетіп, май таситын «Газ-53» көлігіне соғу оқиғасы орын алған еді. Апат салдарынан тәрбиеші көз жұмып, көліктегі балақайлардың да денсаулығына зиян келді. Әлуметтік желі мен жаңалықтар легіндегі жан түршіктірер оқиғаларды көргенде бойыңды зіл, көңілді мұң торлайды.
Дегенмен бала бағуды жан бағуға балайтын халықтың көңілінде күпті болған мәселелер де болды. Бұлай дейтініміз, бала тасыған көліктің жайы көпті алаңдатты. Осыдан бірнеше апта бұрын Түркістан облысында бала тасыған көлік балақайды қағып, соңы қайғылы жағдаймен аяқталған болатын. Одан бөлек өткен жылдары облыс орталығында балаларды тиеген газель автокөлігі жолдың қарсы бетіне шығып кетіп, май таситын «Газ-53» көлігіне соғу оқиғасы орын алған еді. Апат салдарынан тәрбиеші көз жұмып, көліктегі балақайлардың да денсаулығына зиян келді. Әлуметтік желі мен жаңалықтар легіндегі жан түршіктірер оқиғаларды көргенде бойыңды зіл, көңілді мұң торлайды.
– Иә, баланың амандығына бәріміз алаңдаймыз. Көңілге жайлы балабақша іздейміз. Өзім Бидайкөл ауылында тұрамын. Қызымды сол ауылдың балабақшасына беремін. Барлық жағдайы жасалған. Балаларды таситын көлік жайы да көңіл алаңдатпайды. Себебі көлік жүргізіп жүрген кісінің тәжірибелі маман екенін ауылдастары да жақсы біледі. Тәрбиешілер де өз істерінің маманы. Көп жылдар бойы осы салада жұмыс атқарып келе жатқан жандар. Балабақшада түрлі іс-шаралар, ойындар ұйымдастырылып отырады. Дегенмен бала жайы барлық ата-ананы алаңдататыны сөзсіз. Кішкентай бүлдіршіндеріміз аман болсын, – дейді ауыл тұрғыны Ғалия Ғалымжанқызы.
Балабақша көлігінің өз талаптары бар. Тарқатып айтар болсақ, көліктің бояуы қанық әрі ашық болуы шарт. Тек «Балабақша көлігі» деген жазумен ғана шектелмеу қажет. Көліктің төбесінде түрлі-түсті айналма жарық орнатылса, бірден назар аударылып, оқыс оқиғалардың алдын алуға сеп болатын көрінеді. Жан-жағыңдағы өзге рөлдегілердің де жауапкершілігін арттыра түспек. Бұл балалар таситын көліктің сыртқы бейнесі. Жолаушылар орындығына балаларға арналған арнайы белқыстырғыштар, яғни ремендер орнатылуы керек. Бала тасыған көлік жайында осындай талаптар орнатылғанда балалардың сақтығы арта түспек.
– Қазіргі уақытта «Айналайын» балабақшасында 280-нен астам бала тәрбиеленіп жатыр. Балаларды таситын көлік жайы қарастырылмаған. Балақайларды ата-аналары өздері алып келіп, өздері алып кетеді. Көлік тасымалына байланысты ешқандай арыз-шағым түспеген. Балабақшада 3 мезгіл ыстық тамақ қарастырылған. Балаларға азанда, түсте, кешке тамақ беріледі. Айналайын балабақшасына ауылдық жерлерден де балалар келеді. Осы салада 78 білікті маман еңбек етіп келеді, – дейді «Айналайын» бала бақшасының әдіскері Индира Тоқсанбаева.
Жыл сайын елімізде жол апатынан 200-ге жуық бала көз жұмып, 3 мыңнан астамы әртүрлі дене жарақатын алады. Бұл – мемлекет үшін орны толмас шығын және қоғамның демографиялық резервіне нұқсан келтіреді. Жол-көлік оқиғаларынан 42 бала қаза тауып, 957 бала жарақат алған. Бұл сандардан да марқұм болғандардың 44,8 пайызға және жараланғандардың 15,7 пайызға өскенін байқайуға болады. Осы ретте, зардап шеккен балалардың жартысынан көбі жолаушылар, қалғандары жаяу жүргіншілер. Көп жағдайда ересектер көлікте тасымалдау ережесін сақтамайды. Балаларды арнайы құралсыз немесе белбеумен бекітпей алып жүреді. Жаяу жүргіншілердің кінәсінен болатын жол-көлік оқиғаларының негізгі себебі – жол белгісі жоқ жерден кесіп өту немесе бағдаршамның қызыл түсі жанып тұрғанда өтіп кетеді. Кейде жақындап қалған көліктің алдынан кесіп өтіп жатады. Жыл басынан бері ел аумағында 92 кәмелетке толмаған жаяу жүргіншіні қағып кету дерегі тіркелген. Оның ішінде 5 бала қаза тапқан.
Иә, баланың амандығы мен саулығы әрдайым маңызды. Бала тасымалына жауапсыз, ескерусіз қарауға болмайды. Қазір кент орталығында жүйткіген жеңіл көліктердің саны көбейген. Өткен уақыттарда орын алған оқыс оқиғаларға, қайғылы жағдайларға жол бермес үшін ата-ана мен балабақша қызметкерлері саулық пен сақтықты қалт жібермеу керек-ақ.
Дархан Байтілес