Шымкентте дәрігер 6 баланы қағып кетті: Әйел автомат пен механиканы шатастырып алған
Шымкентте оннан астам баланы көлігімен қағып кеткен әйелге қатысты тың дерек шықты. Белгілі болғандай, оның механикалық қораппен жүретін темір тұлпарды тізгіндегеніне көп болмапты. Қазіргі уақытта аталған іске қатысты іс қозғалып, тергеу жүргізілуде, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
Сол күні шорт тректен жаттығуға келген оннан астам бала Мұз сарайының жанында ата-анасымен қоштасып тұрған. Осы кезде автотұрақтағы «Опель» көлігі кенеттен бордюрды қарғып өтіп, балаларды қағып кеткен. Салдарынан 6 бала қашып үлгере алмай, көлік астына түсіпті. Ал көлікті қысқы спорт түрлері мектебінің дәрігері тізгіндеген.
Белгілі болғандай, 44 жастағы көлік жүргізушісі Елена Крышина үнемі автоматты ауысқыш қорапты көлікті тізгіндеген екен. Оның механикалық берілгіш қорапты көлікті айдап жүргеніне көп болмапты. Автоматқа үйреніп қалған әйел механикадан шатасқан. Сонымен қатар көліктің де ақауы болған.
«Артқы колодкасының манжеті жыртылып кеткен. Сонымен бірден жұлқып барып, балдарды соққан ғой. Жаяужолға шығып кетіп, балалар қашқан», - дейді Шымкент қаласының №8 қысқы спорт түрлерінен олимпиада резервінің мамандандылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің директоры Бақытжан Зиябеков.
Бүгінде Елена Кришына ауруханада жатқан балаларға қажетті көмек көрсетіп жүрген көрінеді. Зардап шеккен 6 баланың төртеуі үйіне жіберілген. Ал қалған екеуінің кеше ғана беті бері қараған.
«Біреуінің диагнозы астыңғы жақ сүйегінің сынған. Шүйде сүйегі жарылған. Бас-ми жарақатын алған», - дейді Түркістан облыстық балалар ауруханасының нейрохирургі Тимур Бегманов.
Өз сөзінде спорт мектебінің басшысы ата-аналардың дәрігердің үстінен шағым түсірмегенін айтты. Алайда оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Тиісті сараптамалар тағайындалған.
Еске сала кетсек, бұған дейін Шымкентте спорттық мектеп дәрігерінің 6 баланы қағып кеткенін хабарлаған едік. Оқиға ата-аналардың көз алдында орын алған.