Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бала тасыған көліктер талапқа сай ма?

Бала тасыған көліктер талапқа сай ма?



Білім саласы бойынша 60 пайыз инвестция салып отырған Шиелі ауданында бүгінде мектепке дейінгі тәрбиемен 128 ұйым айналысатын көрінеді. Оның ішінде 60-ы жеке бала бақша. Иә, осыдан 10-15 жыл бұрын ғана жұмыс басты ата-аналардың көбісі балаларын қайда қалдырарларын білмей, көрші-көлем мен туған-туыс жағалап жүретін. Міне, ел дамуы жолындағы жүргізілген реформалар мен қабылданған бағдарламалар бұл мәселенің түйінін тарқатып берді десек, артық болмас.
Ауданымызда да «Балапан» бағдарламасы аясында біраз бала бақшалар бой көтерді. Игі істі кәсіп еткен жандар халықтың да алғысын арқалады.
Дейтұрғанмен, бала бағуды жан бағумен шатастырып, халықтан гөрі қалтаның жағдайын бірінші ойлайтындардың саны да өсті. Бұлай деуіме осы аталған мекемелердің белгіленген талапқа сай жұмыс жасамауы себеп.
Ойымызды әріден орағытпай, нақтысына көшсек. Тақырыбымыздың тұздығы бала бақшалардағы тасымалдау қызметі. Яғни, балаларды бақшадан әкеліп, әкету мәселесі. Бұл мәселені облыс әкімі Қ.Көшербаевтың өзі өткен жылы көтерген болатын. Бала таситын көліктің өзге машиналардан ерекше көріністе болуы қажеттігін қатаң тапсырған еді. Дегенмен, аудан көлемінде бұл тапсырма жүйелі қолға алынбағандығын байқап, көзіміз куә болып жүр. Осы мәселе бойынша аудандық ішкі істер бөліміне хабарласқанымызда «әлі де жұмыстар жүріп жатыр. Талапқа сай тек оншақты балабақша бар» деген жауап алдық. Бөбекжай құрылтайшылары бөбектердің қауіпсіздігіне неге құлықсыздық танытуда? Алла, апаттың бетін әрі етсін. Дегенмен, сақтанғанды сақтайтынын ескерсек, сақтық шараларын қатаң сақтауды қайта-қайта тапсыра берудің жөні жоқ секілді ма қалай?
Мұның бір мысалы естеріңізде болса, өткен жылы облыс орталығында балаларды тиеген газель автокөлігінің жолдың қарсы бетіне шығып кетіп, май таситын «Газ-53» көлігіне соғу оқиғасының орын алуы еді. Нәтижесінде, тәрбиеші көз жұмып, біраз жанның денсаулығына зиян да келді. Міне, бұл оқиғаны бейқамдық дейміз бе, әлде...
Негізінен, балабақша көлігінің өз талаптары бар екендігі көпке мәлім. Сөзімізді нақтылар болсақ, көліктің бояуы қанық әрі ашық болуы шарт. Тек «Балабақша көлігі» деген жазумен ғана шектелмеу керек екен. Көліктің төбесіне маяк немесе түрлі-түсті айналма жарық орнатылса, бірден назар аударылып, оқыс оқиғалардың алдын алуға сеп болатын көрінеді. Жан-жағыңдағы өзге рөлдегілердің де жауапкершілігін арттыра түспек. Бұл балалар таситын машинаның сыртқы бейнесі. Сонымен бірге, жолаушылар орындығына балаларға арналған арнайы белқыстырғыштар, яғни ремендер орнату керек. Ремен тұрмақ, көлік ішіне орындықтарды артығымен қойып, майды экономдау үшін балаларды көптеп салып алатындарды да көріп жүрміз. Баланы үсті-үстіне алу – заңды белден басқандық десек, кәсіпкерлердің де кәсібіне «бостандық» беріп, тексеруден тыйып тастаған заң тағы бар. Сөзімізді әрі қарай өрбітсек, негізі, балалар тасымалымен айналысатын автокөліктің кемінде екі есігі болатындығын да айта кету керек. Алдыңғы-артқы жағына «Абайлаңыз, балалар!» дегендей арнайы таңба да көрініп тұрса, ал жүргізуші ретінде жұмысқа алынатын адамның жасы 25-тен асып, жұмыс өтілінің 5 жылдан кем еместігі ескерілсе, келеңсіз оқиғалардың алдын алған болар едік.
Жеке бала бақшалардың санитарлық жағдайын тексеріп, балалардың санын анықтау мақсатында ауданда қоғамдық кеңес жұмыс жасайтынынан хабардармыз. Осы қоғамдық кеңестен өзге жол-көлік патрульдік полициясы да бала бақшалардағы тасымал қызметіне ден қойса. Яғни, ешқандай талапқа сай емес бала тасымалымен айналысып жүргендерден заң аясында сұралса. Өйткені, жол-көлік оқиғасы бойынша облыста алдыңғы қатардан орын алған ауданның көрсеткіштері бүлдіршіндердің тізімімен толықпаса дейміз.
Дина ЖҮСІПОВА.
13 ақпан 2018 ж. 1 194 0