Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » МУЗЕЙГЕ СЫЙ

МУЗЕЙГЕ СЫЙ

Шиелі аудандық тарихи-өлкетану музейінің қоры Ұлы Отан соғысы және Еңбек ардагері Балтабай Әбдімомыновтың құжат, медаль және ордендерімен толықты.
Аудандық тарихи-өлкетану музейі арқылы ауданға, оның даму әлеуетіне баға беріледі. Ол өткен тарихымызды байыптататын, рухани мұрамызды зерделейтін, бүгінгі ауданның дамуын бағамдайтын мәдени орталық болмақ. Бүгінгі таңда музей қызметкерлері ауданның рухани-мәдени және материалдық ескерткіштерін, тарихи жәдігерлерін жинақтап қана қоймай, оларды сақтау, зерттеу, насихаттау қызметтерін жүзеге асыруда. Сонымен қатар музей қорын құнды экспонаттармен толықтыру жұмыстарын қарқынды жүргізуде. Музейдің құнын көтеретін, бәсін жоғары ететін экспонат, яғни құнды жәдігерлер екендігі белгілі.
Ұлы Отан соғысында ел мен жер үшін күрескен Балтабай Әбдімомынов Ортақшыл ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Жаңатұрмыс ауылына әкесімен бірге қоныс аударып, ата-анасына қолғабыс жасап, еңбекке ерте араласады. Осы ауылдағы бастауыш мектептен оқып, хат таниды. 1939 жылы әскер қатарына алынып елге оралар тұста Ұлы Отан соғысы басталады. Жалындаған жас жігіт Отанын жаудан қорғау үшін майданға аттанады. Ауылда қарт әкесі мен қарындасы қалады. Майдан шебінде жүрген жауынгер 1943 жылы күз айында ауылға келіп Інәш Сәрсенбайқызына үйленіп, қайтадан майданға аттанады. Араға 2 жыл салып жеңіспен елге оралады. Ұлы Отан соғысында ерлік жасағаны үшін «Ерен ерлігі», «Кёнигсбергті алғаны, Германияны жеңгені үшін», «За отвагу», «Ұлы жеңістің 40 жылдығы», «Қарулы күштердің 60 жылдығы» орден, медальдармен марапатталған. Отан үшін от кешкен майдангердің ең құнды дүниесі де осы Тәуелсіз күндерде кеудесіне таққан медальдары екені даусыз.
Ұрыс даласынан келіп, егіс алқабына енген ардагер шаруашылықты қалпына келтіріп, ел игілігі үшін күрішші, есепші, бригадир қызметтерін атқарады. Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаевтың күріш өсіру ісіндегі сенімді серігі болып, бірнеше рет рекорд жасауына өз септігін тегізеді. Еткен еңбегі мен төккен тері бағаланып «Еңбек қызыл Ту» орденімен, «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардегері» медальдарын иеленеді. Ауылдық кеңеске бірнеше рет депутат болып сайланып, ел ішіндегі өзекті мәселелерді шешуге де өз үлесін қоса білді. Сонымен қатар шаруашылықтағы тексеру комиссиясының құрамында болып, жас­тарды тәртіпке, еңбекке шақыру ісін де аброймен атқарған еді. Мағыналы өмір сүре білген Балтабай Әбдімомынов 1989 жылы дүниеден озды.
Ер есімін елі ұмытпай Жаңатұрмыс ауылындағы көшеге соғыс ардагерінің есім-сойы берілді. Енді міне, ұл-қыздары Ұлы Отан соғысының ардагерін өскелең ұрпақ біле жүрсін деп аудандық тарихи-өлкетану музейіне ұсынды.

Г.ӘБДІХАНИ
22 қараша 2023 ж. 92 0