ӨЛКЕТАНУ МУЗЕЙІ – АУДАН МӘДЕНИЕТІНІҢ МӘЙЕГІ
Әлемді пандемия жайлаған және жаппай карантин енгізу кезінде алғашқылардың бірі болып мәдени ұйымдар соның ішінде музейлер өз жұмысын онлайн-режимге көшіргені белгілі. Шиелі аудандық тарихи-өлкетану музейі де бұл үрдістен тыс қалмады. Әлеуметтік оқшаулану және басқа да коронавирустың алдын алу үшін қабылданған шаралар музейлердің жұмыс әдісін қайта ой елегінен өткізу үшін және тұрақты келушілердің назарын сақтап қалу үшін жаңа серпін берді. Сонымен қатар карантин мәдениет объектілерінің қызметінде жаңа бағыттарға жол сілтеді деуге болады.
Әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, Шиелі аудандық тарихи-өлкетану музейі де пандемия тұсында өз жұмысын біртіндеп цифрлық жүйеге көшірді. Жаңа технологияны пайдаланып, аудиторияны қызықтыру мақсатында әлеуметтік желілердегі парақшаларын белсенді түрде жүргізе бастады.
Әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, Шиелі аудандық тарихи-өлкетану музейі де пандемия тұсында өз жұмысын біртіндеп цифрлық жүйеге көшірді. Жаңа технологияны пайдаланып, аудиторияны қызықтыру мақсатында әлеуметтік желілердегі парақшаларын белсенді түрде жүргізе бастады.
Музейдің қызметі онлайн-экскурсиялар, бейнелекциялар, танымдық сағаттар, Instagram және Facebook парақшаларындағы қызықты әрі танымдық ақпараттар арқылы белсенді жүргізіле бастады. Қыркүйек айының басынан карантин шараларын сақтай отырып музей штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Қазіргі таңда музей ғимаратының жанынан 1300 шаршы метр аумақты алып жатқан қосымша құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін музей залдарында ауданның ежелгі заманынан қазіргі кезеңге дейінгі тарихынан толық мағлұмат беретін экспозиция жұмыстары жүргізілу жоспарлануда. Осы мақсатқа сай, музей қызметкерлері тарапынан экспозиция жұмыстарының тақырыптық жоспары құрастырылды.
Қандай музейді алсаңызда ең басты мақтанышы ол әрине, көрермен назарына ұсынылатын экспозициялар. Ол музейдегі кез келген тақырыптың халыққа жету жолы болып табылады.
Осыған орай болашақ экспозиция залдарынан аудан тұрғындары мен қонақтары ежелгі заман мен орта ғасырлар кезеңі, Ұлы Жібек жолының мол мұрасы мен кейінгі заман жәдігерлерінің сабақтастығын тамашалап, этнография мен қолданбалы өнер туындыларының үйлесімдігін көрулері тиіс.
Аудандық тарихи-өлкетану музейі арқылы ауданымызға, оның даму әлеуетіне баға беріледі. Ол өткен тарихымызды байыптататын, рухани мұрамызды зерделететін, бүгінгі ауданның дамуын бағамдататын мәдени орталық болмақ. Бүгінгі таңда музей қызметкерлері ауданымыздың рухани-мәдени және материалдық ескерткіштерін, тарихи жәдігерлерін жинақтап қана қоймай, оларды сақтау, зерттеу, насихаттау қызметтерін жүзеге асыруда. Сонымен қатар музей қорын құнды экспонаттармен толықтыру жұмыстарын қарқынды жүргізуде. Музейдің құнын көтеретін, бәсін жоғары ететін экспонат, яғни құнды жәдігерлер екендігі белгілі.
Осы тұста біз ұрпақтан ұрпаққа жеткен отбасылық құнды жәдігерлерін музейге тапсырған аудан азаматтарына алғыс айтамыз. Олар ата-бабасынан мирас дүниені музейге өткізу арқылы тарихи танымға үлкен үлес қосып, біздің музейге зор сенім білдіріп отыр. Мұны аса биік патриотизмнің көрінісі деуге болады.
Ал аудан тұрғындарын үйлеріңізде бүгінде сақтауы тұрған, ата-әжелеріңізден мұра болып қалған жәдігерлерді Шиелі аудандық тарихи-өлкетану музейі қорына өткізуге шақырамыз. Ұлттық маңызы бар мәдени мұра музейде сақталуы керек. Музейге лайықты бағалы бұйымды, асыл затты, маңызды құжатты экспонат ретінде қорға тапсыру – кез келген ұлт жанашыры үшін абырой, дәреже. Бұл – барлық өркениетті дамыған елдерде бар үрдіс.
Сондай-ақ музейде сақталған заттың арнайы төлқұжаты болатынын, онда заттың иесі, кімнен алынғаны – бәрі тиянақты жазылатынын бірі білсе, бірі білмейді. Музейге тапсырылған зат ауа, ылғал, шаң-тозаң, күннің көзі, электр жарығы секілді шіруге, бүлінуге ықпал ететін сыртқы факторлардың бәрінен сақтандырылады. Осылайша өскелең ұрпаққа бүлінбей жетеді.
Жансая Нұртаева,
Шиелі аудандық тарихи-өлкетану
музейінің ғылыми қызметкері
Шиелі аудандық тарихи-өлкетану
музейінің ғылыми қызметкері